Шашу биі
Мәлімет
Өңір
Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Сағыз селосы
Мектеп
№9 орта мектеп
Автор
Бастауыш сынып мұғалімі — Шамуратова Бибігүл Ивановна
Мақсаты
Наурыз мейрамы туралы түсінік беру арқылы қазақ халқының салт-дәстүрін таныту және оны құрметтеуге тәрбиелеу.
Көрнекілігі
- Нақыл сөздер, қанатты сөздер
- Киіз үй жабдықтары
- Дастархан
І. Ұйымдастыру бөлімі
Кіріспе (мұғалім сөзі)
Армысыздар, ата-аналар, ұстаздар, қонақтар! Бәріміздің асыға күткен Наурыз тойымыз келіп жетті. Тойларыңыз құтты болсын!
Наурыз — «жаңа күн» деген сөз. Бұл күн — ата-бабаларымыз мыңдаған жылдар бойы тойлап келе жатқан жыл басы мерекесі.
Ұлыстың ұлы күні атанған Наурызда денсаулықтарыңыз мықты болсын, тілектеріңіз қабыл болсын!
Мерекені ашу
Тойымызды «Қара жорға» биімен ашайық. Би «Қара жорға» — оқушылар бір мезгілде орындайды.
Ескертпе
Көрерменге мерекелік көңіл-күй сыйлау үшін сахналық кеңістікті ұлттық бұйымдармен безендіруге болады.
Жүргізушілер сөзі
1-жүргізуші
Наурыз — көктем мерекесі. Наурыз — жыл басы. Наурыз — жаңа серпін, жаңа леп.
2-жүргізуші
Наурыз — шаруаның мерекесі, бақыт пен шаттықтың мерекесі.
1-жүргізуші
Армысыңдар, халайық, бармысыңдар, халайық!
Наурыз тойын жұп жазбай, жылда қарсы алайық.
Хор
«Наурыз той»
Оқушылардың өлеңдері
1-оқушы
Салт-дәстүрмен жарасса,
Жыр оқиық тамаша.
Жарыса өнер көрсетіп,
Той тойлайық жаңаша.
2-оқушы
Қыс өтіп, қар кетті,
Жырлайық, жаз жетті.
Мейрамы ежелден —
Құтты болсын, Наурыз!
Көріністер мен салт-дәстүр
Көрініс: «Сүйінші»
«Сүйінші» — қуанышты хабарды жеткізген адамнан сый сұрау дәстүрі. Жас нәрестенің, әсіресе ұл баланың дүниеге келуі — отбасы үшін үлкен қуаныш. Ертеректе әкесі немесе атасы мал соңында не аңда жүрген кезде бала дүниеге келсе, қуанышты хабарды жеткізуші атқа мініп, алдынан шығып сүйінші сұраған.
Сүйіншіге хабаршы не сұраса, соны берген. Бұл — біріншіден, арнайы ат терлетіп келген адамның еңбегін бағалау; екіншіден, жақындықтың нышаны. Кейде мырзалар үстіндегі киімін, сауыт-сайманын, тіпті астындағы атын да сыйға тартқан.
Хабар айту үлгісі
Алдынан шыққан адам ұл балаға «ат ұстар» деп, қыз балаға «қырық жеті» деп сүйінші сұрап хабарлаған.
Тәрбиелік мәні
Қуанышты бөлісу, ризашылық білдіру, ел ішіндегі береке мен сыйластықты арттыру.
Наурыз — жыл басы
4-оқушы
Күн менен түн теңелді,
Жер шуаққа кенелді,
Қуанышқа ел енді.
Наурыз келді салтымыз:
Көгерсін деп халқымыз,
Көшеге тал егеді.
Наурыз тойы — береке,
Наурыз тойы — жыр-аңыз.
Түсіндіру (мұғалім)
Наурыз айы — Шығыс күнтізбесі бойынша жылдың алғашқы айы. Осы кезеңде күн мен түн теңеліп, сол себепті Наурыз жыл басы саналған.
Көрініс: «Шашу»
Келін түсіру тойында ауылдың әйелдері көштің алдынан шығып, шашу шашады. Бұл — ақ тілек пен ырыс-берекенің белгісі.
Орындау
«Шашу» биі — қыздар тобы орындайды.
Наурыз көже: ырыс пен бірліктің дәмі
10-оқушы
Наурыз көже — Наурыз тойына тән, көпшілікке арналған мерекелік тағам. Ол жеті түрлі дәмнен әзірленеді: сүт, ет, су, тұз, тары, құрт, жеміс секілді тағамдар қосылып, қазы, шұжық сияқты сыйлы мүшелермен толықтырылады. Мерекемен құттықтауға келгендерге ықыласпен ұсынылады.
Наурыз көженің тәрбиелік мәні зор: ол жомарттыққа, ізгілікке, ұйымшылдыққа, татулыққа және бірлікке шақырады.
11-оқушы
Арпа, бидай, тары бар,
Қатық, малта-ағы бар.
Ішілетін, жейтіннің —
Бұл көжеде бәрі бар.
Наурыз жыры және көктем лебі
12-оқушы
Наурыз жыры — Наурыз мерекесінде айтылатын халық ауыз әдебиетінің бір саласы. Оның түрлері халық арасында кең тараған.
13-оқушы
Көктем келді. Күн күліп арайланды,
Шын досыңның көктемдей арай жаны.
Күліп аспан, ал дала шаттанғанда —
Жылуындай көктемнің тарайды әні.
Көктем! Күн нұрын көктен төккен.
Көктем! Бақыт дәнін сепкен.
Әлемнің көктем — шалқар мерекесі,
Танытар ырыс-құтын, берекесі.
Наурызда думанын ұластырып,
Мәпелеп, аялаған ел еркесі.
Таныстыру бөлімі
Киіз үй жабдықтары мен ұлттық тағамдар таныстырылады.
Ақ тілек пен қорытынды
Наурыз бата
Наурыз бата — Наурыз көжеге шақырғандарға, жалпы жұртшылыққа, ауылға, көпшілікке беріледі.
Өркенің өссін!
Әр күнің Наурыз күніндей берекелі болсын!
Ұлың оңға, қызың қырға қонсын!
Айың тусын солыңнан,
Жұлдызың тусын оңыңнан,
Бақ берсін, Қыдыр дарысын!
Шашу сөздері
1-жүргізуші
Шашу! Шашу! Көп шашайық шашуды,
Жауғандай кеп аспаннан нөсер жаңбыр.
Уа, жамағат! Теріп ал несібеңді,
Ризығың болсын көл-көсір.
2-жүргізуші
Қашанда құт-береке орнасын деп,
Тойларда шашу шашу — салтымыздың сәні.
Уа, халайық! Теріп ал несібеңді,
Қабыл болсын, жамағат, ақ тілегің!
Ән
«Наурыз думан»