Сатылай кешенді талдауҚазіргі білім беру жүйесіндегі негізгі міндеттердің бірі - инновациялық технологиялар арқылы оқушылардың өзіндік мүмкіндіктерін жоспарлы пайдалана білуіне қол жеткізу
Сатылай кешенді талдау
Қазіргі білім беру жүйесіндегі негізгі міндеттердің бірі — инновациялық технологиялар арқылы оқушылардың өзіндік мүмкіндіктерін жоспарлы түрде пайдалана білуіне қол жеткізу. Осы міндетті жүзеге асыру барысында бүгінгі педагогикада технология және инновация ұғымдары ерекше мәнге ие болды.
Әсіресе тілді жүйелі түрде меңгертуде пән мұғалімдері жаңа технологиялардың әдіс-тәсілдерін тиімді қолдана білуі қажет. Тіл сабақтарында жүргізілетін грамматикалық талдаулар оқушылардың тіл байлығын арттырып, сөйлеу мәдениетін жетілдіреді және шығармашылық ойлауға дағдыландырады.
Технологияның мәні мен бастау кезеңі
Осы талдауды оқушыларға терең меңгертуде ғалым Н. А. Оразақынованың Сатылай кешенді талдау технологиясының маңызы зор. Бұл технология алғаш рет 1994 жылы тәжірибеден өткен.
Сатылай кешенді талдау — оқушыларға білімді ғылыми негізде сатылатып, жүйелей меңгертіп, ұлттық құндылықтарды бағалай білуге машықтандыратын оқыту технологиясы.
Дидактикалық ұстанымдары
Бағдарлануы
Тұлғалық құрылымға бағдарлануына қарай — өзін-өзі дамыту.
Қолдану деңгейі
Қолдану деңгейіне қарай — жеке пәндік.
Ұйымдастыру формасы
Сыныптық-сабақтық, топтық, ұжымдық оқыту амалдары.
Балаға қатынас амалы
Тұлғаға бағдарланған оқыту, ынтымақтастық педагогикасы, еркін тәрбие.
Басым әдістері
Қолдану тәжірибем және нәтижелер
Сабақтағы негізгі бағыттар
- Әр тарауды аяқтағаннан кейін пысықтау сабақтарында қолдану.
- Қолданбалы курс жүргізуде тиімді пайдалану.
- ҰБТ-ға дайындықтың негізгі тіректерінің бірі ретінде қолдану.
- Тіл мен әдебиет сабақтарында оқушы білімін жүйелеп, нақты меңгертуге ұмтылу.
2003 жыл: дәріс әсері
2003 жылы педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтында профессор Н. А. Оразақынованың дәрісін тыңдадым. Автор өз шәкірттерімен келіп, сатылай кешенді талдаудың бірнеше үлгілерін көрсетті. Оқушылардың ғылыми тілде сөйлеуі мен білім-біліктері дәріске қатысқан мұғалімдердің ерекше қызығушылығын тудырды.
2011 жыл: тәжірибе алмасу
2011 жылы Орал қаласындағы №34 мектеп-гимназия базасында өткен облыстық семинарға қатыстым. Семинар тақырыбы — Н. А. Оразақынованың әдістемесі бойынша сатылай кешенді талдаудың түрлері. Бұл кездесулер технологияны жүйелі қолдануға қосымша серпін берді.
Технологияның ерекшелігі
Тілдік материалдарды сатылай кешенді талдау оқушылардың түсіндірілген материалды толық түсініп, жүйелі меңгеруіне ықпал етеді. Сонымен бірге олар шығармашылық жұмыстарды өздігінен орындауға бейімделеді.
5-сыныпта фонетиканы оқытудағы мысал
Дыбыстарға «математикалық тәсілмен» мінездеме беру оқушылардың қызығушылығын арттырады.
Берілген сөз
кітаптар
Дыбыс саны: 8 = 3 + 5
Мұнда 3 дауысты, 5 дауыссыз дыбыс бар.
Дауысты дыбыстарды талдау
- Тілдің қатысына қарай: 2 (а, а) жуан; 1 (і) жіңішке.
- Жақтың қатысына қарай: 2 (а, а) ашық; 1 (і) қысаң.
- Ерін мен езудің қатысына қарай: 3 (а, а, і) езулік; еріндік жоқ.
Дауыссыз дыбыстарды талдау
- Үн мен салдырдың қатысына қарай: 4 (к, т, т, п) қатаң; 1 (р) үнді.
Морфологиялық талдаудың үлгісі
Берілген сөз: дәптер
- Сөз бір құрамнан тұрады.
- Тұлғасына қарай: негізгі.
- Құрылысына қарай: дара.
- Сөзде бір лексикалық және бір грамматикалық мағына бар.
- Лексикалық мағынасы: оқу құралының атауы.
- Грамматикалық мағынасы: зат есім.
- Сұрағы: не?
- Мағынасына қарай: жалпы, деректі зат есім.
Күтілетін нәтиже
Өздігінен жұмыс
Оқушы өздігінен жұмыс істеуге дағдыланады.
Ойлау қабілеті
Ойлау қабілеті дамып, талдау дағдысы нығаяды.
Қызығушылық
Сабаққа қызығушылығы артып, білімін жүйелі толықтырып отырады.
Қорытынды
Қорыта айтқанда, Сатылай кешенді талдау — білімді белгілі бір көлемде беріп, қажетті шеберлік пен дағдыны қалыптастырумен ғана шектелмей, баланың жалпы тұлғалық дамуына бағытталған оқыту түрі. Ол ойлау мен есте сақтау, қиялдау, елестету сияқты танымдық-психологиялық қасиеттердің үйлесімді дамуына ықпал етеді.
Н. А. Оразақынованың өз сөзімен айтқанда, бұл талдау арқылы оқушылар ана тілінің қадір-қасиетін бағалай білетін тұлға болып қалыптасады деген сенім мол.