Оқу тобы

2-сыныпқа арналған сабақ жоспары

Сабақ тақырыбы: Оқуға құштарлық

Бұл сабақ оқудың мәнін терең түсіндіріп, білімге деген қызығушылықты арттыруға бағытталған. Оқушылар өз ойларын ашық айтып, пікірін дәлелдеуге және шығармашылық ізденіске дағдыланады.

Сабақтың мақсаты

Білім мен оқудың қажеттілігін түсіну.

Көрнекіліктер

  • Интербелсенді тақта
  • Тақырыпқа байланысты суреттер
  • «Тілек ағашы» суреті

Сабақ міндеттері

Таным мен қызығушылық: оқушылардың өзін және айналасын тануға, оқуға деген қызығушылығын арттыру, дүниетанымын кеңейту.

Коммуникация және шығармашылық: өз ойын ашық білдіруге, пікірін қорғауға, шығармашылық ізденісін дамытуға дағдыландыру.

Тәрбиелік бағыт: ұқыптылыққа, жинақылыққа және білімге құштарлыққа тәрбиелеу.

Сабақ барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

Шаттық шеңбері

«Бақытты балалық шақ» (сөзі: Ж. Тұрбеков, әні: Ә. Еспаев).

Ойланайық, пікірлесейік

  • Адамға білім не үшін қажет?
  • Оқу кезінде қандай қиындықтар кездеседі?
  • Оларды қалай жеңуге болады?
  • Білімді болу үшін қандай қасиеттер қажет?

Сынып 4 топқа бөлінеді: «Оқу», «Білім», «Өнер», «Еңбек».

II. Жаңа сабақ: «Оқуға құштарлық»

1-топ — «Оқу»

Кітаптың пайдасы туралы ойды топтастырып жазады.

2-топ — «Білім»

Оқу мен білім туралы мақал-мәтелдер жазып, мағынасын түсіндіреді.

3-топ — «Өнер»

Оқу мен білімге байланысты өлең шумақтарын мәнерлеп оқиды.

4-топ — «Еңбек»

Суретпен жұмыс: суреттерге сүйеніп, «Менің ұстаздарым» тақырыбына әңгіме құрастырады.

Маңызды ойлар

Кітап — білімнің бұлағы, ойдың қайнар көзі. Кітапсыз өмірді елестету қиын: ол адамды терең ойлауға жетелейді, әр бетті ашқан сайын жаңа құндылықтарға жол ашады.

Оқу мен білім туралы мақал-мәтелдер

  • Оқу — білім бұлағы, білім — өмір шырағы.
  • Оқу — инемен құдық қазғандай.
  • Оқу түбі — тоқу.
  • Оқусыз білім жоқ, білімсіз күнің жоқ.

Топтық жұмыс нәтижесі

Әр топ өз жұмысын қорғап, ортаға салады. Оқушылар тыңдап, толықтырып, сұрақ қояды.

III. Мәтінмен жұмыс: «Табанды бала»

  • Бала мақсатына қалай жетті?
  • Ғалым болуына қандай қасиеттер көмектесті?
  • Қазақ халқының қандай ғұлама ғалымдарын білесіңдер?

Жаңа ақпарат

Білім алу үшін қызығушылық, еңбекқорлық және табандылық қажет. Білім әрдайым адам игілігіне қызмет етеді. Ал сол білімнің негізін қалаушы — мұғалім.

Ұстаздың рөлі

  • Біліммен сусындатады.
  • Тәлім-тәрбие береді.
  • Өмір қиындықтарын жеңуге баулиды.
  • Табиғатты танып-білуді үйретеді.
  • Адамдарды түсінуге, сыйлауға бағыттайды.

IV. Өлең және талқылау

«Кітаптың жыры» — Е. Ашықбаев

Өлеңді мәнерлеп оқу және жаттау.

Талқылау сұрақтары

  • Неліктен кітапты «ұстаз» деп атаймыз?
  • Кітаппен қалай дос болуға болады?

Білімнің құндылығы

  • Өзіңді және өзгені тануға көмектеседі.
  • Өмірді дұрыс түсінуге жетелейді.
  • Табиғат құпияларын ашуға ықпал етеді.
  • Болашаққа мақсат қоюға бағыттайды.

V. «Жүректен жүрекке»

«Ақылшы — мұғалім»

Сөзі: Ә. Дүйсенбиев, әні: И. Нүсіпбаев

Рақмет — білім бергеніңіз үшін!

Рақмет — оқуға үйреткеніңіз үшін!

Рақмет — ақыл-кеңесіңіз үшін!

Рақмет — жылы жүрегіңіз үшін!

Рақмет — жақсылыққа тәрбиелегеніңіз үшін!

VI. Қорытынды бөлім

«Тілек ағашына» әр оқушы өз тілегін жазып, іледі. Бұл бөлім сабақтағы ойларды бекітіп, жақсы ниет пен ортақ қолдауды күшейтеді.

VII. Бағалау

Оқушылардың белсенділігі мен еңбегі бағаланып, нәтижелері атап өтіледі. Үздік жұмыс жасаған оқушылар мадақталады.