Тіршілікте адам қымбат, сен қымбат
Тәрбиелік сағаттың мазмұны
- Тақырыбы
- Туған жер — тал бесігім
- Мақсаты
- Оқушыларға туған өлке, оның байлығы мен алуан түрлі табиғаты туралы түсінік беру; туған жерге деген сүйіспеншілікті арттыру; табиғатты қорғауға, аялауға тәрбиелеу.
- Көрнекілігі
- АКТ, слайдтар.
Кіріспе сөз
Мұғалім: Қадірменді қонақтар! «Туған жер — тал бесігім!» атты тәрбие сағатына қош келдіңіздер!
Кең-байтақ еліміздің шалқар көлдері мен асқар таулары, алтын дәнді даласы, ақ күмістей қалалары, кенге толы өңірі мен малға толы өрісі бар. Ең бастысы — сіздер секілді болашақ ұрпағы бар мәңгілік елдің аты — Қазақстан.
Бүгін туған ел, туған жер туралы білетін ойларымыз бен сезімімізді ортаға саламыз.
Жүргізуші
Батыста толқындаған Каспий теңізі мен Жайық, Еділ жағалауынан бастап шығыстағы Алтайға дейін, солтүстіктегі Орал тауларынан тәңірлі тау атанған Тянь-Шаньға дейін ұланғайыр жерді алып жатқан, табиғаты тұнып тұрған өлке — Қазақстан Республикасы.
Оқушылардың өлең жолдары
Қазақстан — туған өлкем,
Жер көп пе сендей көркем!
Көрсін деп күллі әлемге
Жалауыңды желге желпем.
Көз алдыңда көгілдір тау мұнартып,
Аспанымда аққудың әні қалғып.
Құшақтап бір өзіңді, туған далам,
Жатамын көк шалғында жаным балқып.
Тасып жатқан өзендер жағасынан,
Сары белде сағымдар арасынан
Тарайды дән жұпары бар әлемге
Қазақтың қасиетті даласынан.
Жүргізуші
Туған жер, өскен ел, жүрекке жылы сөздердің бәрі табиғат деген таңғажайып ұғыммен астасып жатады. Қазақстан — көз тартар көркем, бар сұлулықты бойына жинаған өлке.
Кең дала көресің бе сонау жатқан,
Жібектей жасыл шөппен бетін басқан.
Асқар тау, айдын шалқар көл мен өзен —
Әне, сол анам еді мені тапқан.
Сұлу дала! Менің сүйген еркемсің,
Жаным сенен жаратылған өлкемсің.
Қандай жақсы қазақ болып туғаным.
О, туған жер, тамашасың, көркемсің.
Табиғат туралы ой
Табиғат — адам баласын дүниеге әкеліп, бойындағы махаббат пен мейірімді, күн шуағын жүрегімізге ұялатқан аяулы ана.
Туған жер — алтын бесік, асыл анам,
Ауаңмен, ақ сүтіңмен асыраған.
Мен дағы ұлың едім, өзің тектес,
Алысқа несібесі шашыраған.
Табиғат, қызығам сан суретіңе,
Бас ием сенің алып құдіретіңе.
Тұрасың күллі әлемге нұр таратып,
Жанымды тербетесің жүрек үнімен.
Жүргізуші
Табиғат — адамның бойына қуат, көңіліне шабыт, сезіміне ләззат сыйлайтын сұлулық әлемі. Ол — адам денсаулығының сақшысы, жанға дауа шипагер.
Қазақстанның қойнауында пайдалы қазбалар өте көп. «Жері байдың — елі бай» деп тегін айтылмаған.
Қазына қара жерде, дейді қазақ,
Күн көрген осы жерден біраз алып.
Жер-анадан үзіліп кете алмаған —
Кемеңгер небір дана, небір алып.
Кен айтады ел мен жұртың өлшемін,
Кенде жатыр күн қуат пен мол сенім.
Кенің бар ма? Жоқ болса — жарлысың,
Кенің болса — келешегің зор сенің.
Жер — табиғаттың басты байлығы
Табиғаттың басты байлығы — жер. Қазақстан аумағы 272 млн гектарды алып жатыр, соның 222 млн гектары ауыл шаруашылығына жарамды жерлер.
«Күте білсең — жер жомарт» деген халық сөзі бекер айтылмаған.
Топырақтан өмір иісі шығады,
Оны денең тиіп кетсе ұғады.
Еңбегіңді есесімен беретін —
Жақсылық та топырақтан шығады.
Тіршілікте не ғой дейсің ең қымбат?
Тіршілікте адам қымбат, сен қымбат.
Ал адамға ауа қымбат бәрінен —
Ауа қымбат, алатын дем қымбат.
Бейнематериал
2 «Ә» сыныбы ұлдарының орындауында: «Туған ел» бейнебаянын тамашалау.
Маңғыстау — қазыналы өлке
Мұғалім: Адай Маңғыстау — құмдауыт аймақ, құмды өлке. Шаруасы — көш, ойы — малын қырға айдау. Ұлдары тентек, ер салынбаған асаудай; қыздары көркем, құлпырған жүзі гүлдей жайнаған.
Маңғыстау — жырмен таң атқан жер. Қашаған, Түмен, Сәттіғұл секілді сөз зергерлері жатқан мекен. Тарихта жаңғырып қалған қос сөздей, есейген орда — Абыл мен Ақтан, Ақтангердің ізі қалған өлке.
«Жер шарының геологиялық тарихын білгіңіз келсе, Маңғыстауды бір рет көріңіз».
«Маңғыстауға барған сапарымды жұлдызды өлкеге жасаған саяхат деуге болар еді. Мен еш жерде мұндай жұлдыздар нөсерін, олардың көз шаршатар жарқылын көрген емеспін. Жұлдыздар Маңғыстауға ұшып келіп жатқандай сезіледі».
Бүгінде Маңғыстау — егемен еліміздің ең бай өңірлерінің бірі, экономикалық даму тұрғысынан көшбасшы аймақ. «Жеті жұрт келіп, жеті жұрт кеткен» — шытырман тарихқа толы өлке. Жерінің асты — қазына, жерінің үсті — аңыз. Әулиелі, киелі мекен.
Осы өлкенің өркендеп, одан әрі қанат жайып дамуына үлес қосу — бүгінгі біздің ортақ міндетіміз.
Би
«Туған жер» биі.
Мақал-мәтелдер
Мұғалім: Оқушылар, туған жер туралы қандай мақал-мәтелдер білеміз?
- Әркімнің өз жері — Мысыр шаһары.
- Ел іші — алтын бесік.
- Жері байдың — елі бай.
- Елің — панаң, жерің — анаң.
- Ел жаусыз болмас, жер таусыз болмас.
- Өз елің — алтын бесігің.
- Бақа — көлінде патша. Балық — суында патша. Жігіт — елінде патша.
- Туған жердің түтіні де тәтті.
- Ит тойған жеріне, ер туған жеріне.
- Туған елдей ел болмас, туған жердей жер болмас.
Қорытынды
Ө. Тұрманжановтың жолдарымен
Көгінде күн нұрын төккен,
Жерінде гүл жұпар сепкен.
Неткен сұлу, неткен көркем —
Осы менің туған өлкем.
Алтын дәнді даласы бар,
Ақ күмістей қаласы бар.
Неткен сұлу, неткен көркем —
Осы менің туған өлкем.
Ер еңбегі шалқып, тасқан,
Ел еркіндікпен бақыт тапқан.
Неткен сұлу, неткен көркем —
Осы менің туған өлкем.
Хор
«Атамекен» әні.
Осымен «Туған жер — тал бесігім» атты тәрбие сағатымыз аяқталды.