Болжалдық сан есімнің сұрақтарын ата
Сабақтың мақсаты
1) Білімділік
«Сан есім түрлері» тақырыбы бойынша алған білімдерін нығайту және тиянақтау.
2) Дамытушылық
Ойлау қабілетін дамыту, тіл байлығын арттыру, оқу дағдыларын қалыптастыру, пәнге қызығушылық ояту және логикалық ойлауды жетілдіру.
3) Тәрбиелік
Ана табиғатты сүюге, қастерлеуге тәрбиелеу; ұйымшылдық пен ұжымшылдыққа баулу, топ намысын қорғауға жұмылдыру.
Сабақ туралы
- Сабақтың типі
- Қайталау сабағы
- Сабақтың түрі
- Сайыс сабағы
- Көрнекіліктер
- Интерактивті тақта, кесте, сұрақтар жазылған парақшалар, қызықты грамматикалық тапсырмалар.
- Әдіс-тәсілдер
- Сұрақ-жауап, топпен жұмыс, талдау, оқулықпен жұмыс.
Сабақтың барысы
-
1) Ұйымдастыру кезеңі
Оқушыларды сабаққа әзірлеу, оқу құрал-жабдықтарын тексеру, топқа бөлу.
-
2) Үй жұмысын тексеру
Берілген сан есімдердің мағыналық түрлерін анықтау, сан есімдерді қатыстырып сөйлем құрастыру.
-
3) Жаңа сабақ (кіріспе)
Мұғалім: бүгінгі сабақ сайыс түрінде өтеді. Алдымен жоспармен танысамыз.
Сайыс жоспары (7 тур)
1-тур: Төсбелгіні қорғау
Топқа бөлінген оқушылар өз топтарының атауын (мысалы, «Барыс» және «Болашақ») белгілеп, алдын ала дайындаған төсбелгіні қорғайды.
Бағалау: 5 ұпай
2-тур: «Білікті бірді жығады, білімді мыңды жығады»
Әр топ мүшесі қоржыннан нөмірленген парақша алады. Сол нөмірге сәйкес конверттегі сұраққа жауап береді. Әр дұрыс жауап үшін 1 ұпай жинайды.
Бағалау: әр дұрыс жауапқа 1 ұпай
3-тур: «Мақал — сөздің мәйегі»
Оқушылар алма-кезек сан есім қатысқан мақал-мәтел айтады. Әр дұрыс жауап 1 ұпаймен бағаланады.
Бағалау: әр дұрыс жауапқа 1 ұпай
4-тур: «Ойлы болсаң, озып көр»
Әр топқа ребус беріледі. Ребусты дұрыс шешкен топ туған жер мен ана табиғатқа қатысты нақыл сөзді табады.
Бағалау: 5 ұпай
5-тур: Жаттығулармен жұмыс
Тақырыпты бекітуге арналған жаттығуларды топпен орындау, талдау және қорытынды жасау.
6-тур: «Шешсең жұмбақ — көңілің тынбақ»
Интерактивті тақтада есеп жұмбақ беріледі. Шешімін тауып, жұмбақтағы сан есімдерді құрамы мен мағынасына қарай талдайды.
7-тур: «Мықты болсаң, тауып көр»
«Кім көп сөз таба алады?» сайысы: сағат тілі бағытымен, бірде-бір әріпті тастамай, ретімен 21 сөз табу.
2-тур сұрақтары
- 1. Сан есім деген не? Сұрақтарын ата.
- 2. Сан есімнің мағыналық түрлерін ата.
- 3. Реттік сан есім жасайтын жұрнақтарды ата.
- 4. Жинақтық сан есімге жататын сандарды айт.
- 5. Жинақтық сан есім жасайтын жұрнақтар қайсылар?
- 6. Болжалдық сан есімнің сұрақтарын ата.
- 7. Болжалдық сан есім жасайтын жұрнақты ата.
- 8. Болжалдық сан есім цифрмен берілгенде қосымша қалай жалғанады?
- 9. Топтау сан есім қай септік жалғауының жалғануы арқылы жасалады?
- 10. Бөлшектік сан есімге мысал келтір.
- 11. Құрамына қарай сан есім нешеге бөлінеді?
- 12. «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді; төртеу түгел болса, төбедегі түседі» сөйлеміндегі сан есімнің қызметін анықта.
3-турға үлгі мақал-мәтелдер
Сайысқа қатысушылар сан есім қатысқан мақал-мәтелдерді кезекпен айтады. Төмендегі мысалдарды үлгі ретінде қолдануға болады:
- Жеті рет өлшеп, бір рет кес.
- Бір талды кессең, он тал ек.
- Ер бір рет өледі, ез мың рет өледі.
- Ер жігіт бір сырлы, сегіз қырлы болады.
- Жеті атасын білмеген — жетімдіктің белгісі.
- Ұлға отыз үйден тыю, қызға қырық үйден тыю.
- Отыз тістен шыққан сөз, отыз рулы елге жайылады.
- Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл.
- Жүз сомың болғанша, жүз досың болсын.
4-тур: Ребус жауаптары (нақыл сөздер)
1-ребус жауабы
Жас достар! Табиғатты сүйіңдер, табиғат — Отан байлығы.
2-ребус жауабы
Туған жер — алтын бесік.
6-тур: Есеп жұмбақ
Он бір түйе, бес жылқы,
Екі сиыр, бес ешкі,
Екі қоян, үш түлкі,
Бәрі нешеу, кім білді?
Тапсырма: жұмбақта кездескен сан есімдерді құрамы мен мағынасына қарай талдау.
Қорытындылау және бағалау
Қорытындылау
Сан есімнің түрлері бойынша түсінгенін сұрау, жауаптарды жинақтау.
Бағалау
Ұпай санын есептеу, жеңімпаз топты анықтау, белсенді қатысқан оқушыларды бағалау.
Үй тапсырмасы
«Табиғатты қорғау — барлық адамның міндеті» тақырыбына шағын мәтін құрастыру.