Ортаға әжелерді шақыру

Мақсат пен міндет

Мақсаты

  • Балаларды әжеге деген сүйіспеншілікке баулу.
  • Әже еңбегін ардақтап, мейірімділікке және сый-құрметке тәрбиелеу.
  • Оқушылардың ой-өрісін, тіл байлығын, ойлау қабілетін дамыту.
  • Оқушыларға ата-ана алдындағы парыз бен жауапкершілік туралы түсінік беру.

Міндеттері

  • Балаларды адамгершілікке тәрбиелеудегі әжелердің рөлін айқындау және жауапкершілігін арттыру.
  • Әжелерді немерелеріне жауапкершілікпен қарауға үндеу, өмірге көзқарасын жаңаша пайымдауға ықпал ету.
  • Баланың бүгінгі әрекеті ертеңгі тұлға болып қалыптасуына зор әсер ететінін атап өту.
  • Алдағы уақытта оқушы тәрбиесінде мұғалім мен ата-ананың бірлесе жұмыс істеуін күшейту.

Түрі

Кездесу ток-шоу.

Көрнекілігі

Слайдтар, бейнесюжет.

Іс-шараның барысы

I. Ұйымдастыру

Әженің өмірдегі, қоғамдағы және бала тәрбиесіндегі маңызы туралы бейнеролик көрсетіледі.

II. Кіріспе сөз

Қазақ отбасында әженің орны қадірлі әрі ерекше. Әже – отбасының ғана емес, тұтас әулеттің де ұйытқысы, кейінгі жастардың тәрбиешісі. Бейнесюжеттен байқалғандай, ертегі айтатын әжелер қазір сиреп бара жатқандай. Дегенмен, біздің сыныптың әжелері немерелеріне әлі де қамқор, әрі тәрбиеге жауапты тұлға.

Ортаға әжелер шақырылып, олар бала тәрбиесі туралы ой бөліседі. Оқушылар сұрақ қойып, пікір алмасады.

Оқушылардың сұрақтары

  1. «Базарлық» дегеніміз не?
  2. Немерелеріңіздің қызықты сәттерінен айтып бересіз бе?
  3. «Баланың жақсысы – қызық, жаманы – күйік» деген мақалдың мәнін түсіндіріп бересіз бе?
  4. «Есікті керме» деген тыйым сөздің мағынасын ашып бересіз бе?
  5. Бір-екі мақал-мәтел айтып бересіз бе?
  6. Немерелеріңізге ертегі айтып бересіз бе?
  7. Бізге өсиет сөз айтып бересіз бе?

Оқушы тілектері

Әр оқушы әжелеріне арнап жүрекжарды өлең жолдарын оқиды.

1-оқушы

Менің әжем, бұл әжем,
Айтқан сөзі – дәл әжем.
Аман болса, көреді
Қызығымды әлі әжем.

2-оқушы

Менің әжем, нар әжем,
Көп жасаған қарт әжем.
Ауырғанда мен үшін
Әр сүйгені – дәрі әжем.

3-оқушы

Менің әжем, жыр әжем,
Шуағы мол, нұр әжем.
Ақ таяққа сүйеніп,
Аман-есен жүр, әжем!

4-оқушы

Әже, маған үлгі сөзіңіз,
Өнегелі өзіңіз.
Жақсылыққа талпынып,
Біздің нағыз кезіміз.

Жақсы деген немене,
Жаман деген немене?
Осындайда, әжетай,
Айтыңызшы өнеге.

5-оқушы

Аман болсын басыңыз,
Ағармасын шашыңыз.
Шөбере сүйіп әлі де,
Жүзге жетсін жасыңыз.

Алпыс та – өмір белесі,
«Қартайдым» деп демеші.
Туған күнде жыл сайын,
Қуанышқа бөлеші!

6-оқушы

Алтын әжем менің! Тілеуімді тілеген, еркелігімді көтерген, мен ауырсам – жаны ауырған, көрмей қалса сағынған асыл әжетайым! Көңілі кең, жүрегі мейірімді, кеудесі қазына, сөзі қасиетті ақ әжем менің! Нұрлы жүзіңізге жарасқан ақ жаулығыңыздан, немересін бәрінен артық жақсы көрген ыстық ықыласыңыздан айналдым! Бар тәттіні аузыма тосып, бар жақсыны үстіме кигізіп, еркелетіп өсірген дана әжем, қызық ертегіңіз бен ақыл-өсиетіңізді құлағыма құюдан жалықпадыңыз. Әрқашан ортамызда болып, ұрпақтарыңыздың қызығына кенеліп жүре беріңіз! Жасыңыз ұзақ болсын, ауырмаңыз!

7-оқушы

Әжетай! Әулетіміздің киесі, барлығымыздың ақылшымыз, шаңырағымыздың берекесін кіргізіп отырған асыл жан – өзіңіз. Беліңіз қайысқанша еңбек етіп, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, мейіріміңізді төге жүріп күтіп-баптап өсірген ұл-қыздарыңыз бүгінде бір-бір шаңырақ көтеріп, өсіп-өнді. Сол үшін ұрпақтарыңыз сізге мәңгі қарыздар. «Анасы бар адам ешқашан қартаймайды» дейді. Алла сізге күш-қуат берсін! Ұл-қыздарыңыз бен немере-шөберелеріңіздің ортасында жүзіңізден шуақ шашырап, қызығына тоймай жүре беріңіз!

8-оқушы

Алпыста алты жасар баладай бол,
Жетпісте хан жығасы – жағадай бол.
Сексен мен тоқсанда сыр алдырмай,
Жүз жаста көпті көрген данадай бол.

Аман болсын басыңыз,
Ағармасын шашыңыз.
Шөбере сүйіп әлі де,
Жүзге жетсін жасыңыз.

9-оқушы

Әже, сенің ардақ тұтам есіміңді,
Болдың ғой бізге әрдайым кешірімді.
Қондырып қияға – қыз, ұяға – ұл,
Өзіңнен ұрпақтарың өсіп-өнді.

Айналайын асыл әжем мінезіңнен,
Бар бақытты табамын бір өзіңнен.
Ешқашанда ауырмай жүре берші,
Бар жақсыны тілеймін жүрегіммен.

Сізге деген тілегім таусылмайды,
Болмасын өміріңізде уайым-қайғы.
Көтеретін немере еркелігін,
Аппақ бейнең біз үшін жарқылдайды.

Анасысыз әкемнің, анашымның,
Тілеймін бір өзіңізге бар асылды.
Көрейік асыл әжем өзіңізді әркез,
Өмірдің биігінде дара шыңның.

Қорытынды бөлім

  • Оқушылар әжелерге өз қолымен жасаған сыйлықтарын табыстайды.
  • Әжеге арналған ән орындалады.
  • Қонақтарға сөз беріледі.
  • Әжелерден бата алынады.
  • Хор: «Әже» әні.