Кенге жатпайтын пайдалы қазба
Қызылорда облысы, Арал қаласы • №220 орта мектеп
Бастауыш сынып мұғалімі: Ибраймова Гүлнар
Сабақтың тақырыбы
Пайдалы қазбалардың түрлері
Сабақтың мақсаты
Білімділігі
- Пайдалы қазбалардың түрлерімен таныстыру; адамға тигізетін пайдасы мен ықтимал зиянын түсіндіру.
- Кен орындары, шартты белгілер және өндіру әдістері туралы түсінік қалыптастыру.
- Жер қойнауын зерттеген ғалым, академик Қ. И. Сәтбаев туралы мағлұмат беру; Алматыдағы геологиялық музейлер жайлы айту.
Дамытушылығы
- Пайдалы қазбаларды ажырата білуге үйрету.
- Логикалық ойлауын дамыту, ізденімпаздық қабілетін арттыру.
Тәрбиелілігі
- Еліміздің қазба байлықтарын қадірлеуге, үнемдеп пайдалануға, қорғап сақтауға баулу.
- Өз еліне, жеріне, Отанына сүйіспеншілік сезімін ояту.
Құрал-жабдықтар
- Жұмыс тәртібі жазылған нұсқау, сабақ ұраны.
- Ұпай жинауға арналған түрлі фигуралар.
- «Ұяшық таңдау» ойынына арналған цифрлар.
- Сызба-нұсқалар, суреттер, шартты белгілер.
- Үлгілер: көмір, саз, құм, ас тұзы, мыс, алюминий, темір, әктас.
- Қ. И. Сәтбаевтың суреті; «Бақытты ұлы Отан» өлең шумағы.
- Қазақстанның физикалық картасы.
Әдіс-тәсілдер және байланыс
Әдіс-тәсілдер
Сұрақ-жауап, түсіндірмелі баяндау, әңгімелеу, көрнекілік, ой қозғау, тест.
Пәнаралық байланыс
Ана тілі, музыка, математика.
Техникалық құрал
Слайд (презентация).
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
Сабақ ұраны
Дүниетану — Жер-ана, кен-байлық, табиғатты сүйетін;
Әрбір сабақ — үйрену, ұғу, іздену, көп ғибрат алатын;
Әрбір ісім — тірлік, бірлік, адалдық пен шыншылдық;
Әрбір күнім — білімге зейін салатын.
Сабақ ережелері
- 1Бір-бірімізді тыңдау және белсенді қатысу.
- 2Уақытты үнемдеу.
- 3Ойды еркін әрі мәдениетті жеткізу.
- 4Тақырыптан ауытқымау.
- 5Анық әрі нақты сөйлеу.
Бағалау ұпай жинау арқылы жүргізіледі: оқушылар үстеліндегі түрлі фигуралар және «ұяшықтарда» берілген ұпайлар жинақталып, қорытынды баға шығарылады.
II. Үй тапсырмасын тексеру
«Пайдалы қазбалар және олардың адам өміріндегі маңызы» тақырыбы бойынша берілген мәтінді сұрау, оқушылардың жазған эсселерін оқыту.
III. Өтілген материалды пысықтау
«Ұяшық таңдау» ойыны арқылы ұпай жинап, білімді бекітеміз. Сұрақтар бүгінгі жаңа тақырыпқа жетелейді.
Сұрақтар (1-бөлік)
- Тау жыныстары дегеніміз не?
- Тығыз тау жыныстарына нелер жатады?
- Тау жыныстары қалай пайда болады?
- Бос тау жыныстарына нелер жатады? Құмның түсі қандай?
- Табиғатта тау жыныстары неше күйде кездеседі?
Сұрақтар (2-бөлік)
- Пайдалы қазбалар дегеніміз не?
- «Гранит» сөзі қазақша қалай аталады? Қазақстанның қай өңірлерінде көбірек кездеседі?
- Құмтас қалай пайда болады? Құм түйіршіктері бірігіп қатуы үшін қандай ерітінділер қажет?
- Тамақ пісіру, үй жылыту, зауыт-фабрикалар мен электр станциялары үшін қандай отын түрлері қолданылады?
- Үй жиһазы, машиналар, ұшақ, кеме, темір жол, көпір салуда қандай пайдалы қазбалар қажет?
- Үй құрылысына қандай құрылыс материалдары пайдаланылатынын байқадыңдар?
- Көмірдің алғаш табылуына үлес қосып, оны жылыну үшін жағып көрген кім?
Осы сұрақтар «қазба түрлері» ұғымына алып келеді.
IV. Жаңа сабаққа дайындық
Мақсат
Пайдалы қазбаларды бірнеше топқа бөліп, олардың қасиеттері мен қолданылуын жүйелі түрде түсіндіру арқылы білімімізді кеңейтеміз.
Ой қозғау
- Көмір қандай зат? Қасиеті қандай? (жанады)
- Темірден нелер жасалады? Ол қандай заттар тобына жатады? (металл)
- Ас тұзы не үшін қажет?
- Жерді тыңайту үшін қандай қазбалар қолданылады?
Оқушылардың жауаптарын тыңдай отырып, әр қазба белгілі бір топқа жататынын қорытындылаймыз.
V. Жаңа сабақ
Мұғалімнің түсіндірмесі
Пайдалы қазбалар қолданылуына қарай үш топқа бөлінеді: жанғыш, кенді, кенге жатпайтын.
Жанғыш пайдалы қазбалар
Тас көмір, қоңыр көмір, мұнай, газ.
Тас көмір — ең көп өндірілетін пайдалы қазба. Қазақстанда қоры мол. Аса ірі кен орны — Қарағанды. Екібастұзда ашық әдіспен арзан көмір өндіріледі.
Мұнай — жоғары жылу бөлетін отын. Күл қалдырмай жанып кетеді. Айыру арқылы бензин, керосин, машина майы және басқа да өнімдер алынады. Кен орындары Каспий маңы ойпатында және Маңғыстау түбегінде шоғырланған.
Кенді пайдалы қазбалар
Алюминий, мыс, қорғасын, күміс, мырыш (металл құрамды жыныстар).
Кенді қазбалар — құрамында металл болатын тау жыныстары. Оларды өңдеу арқылы темір, мыс, қорғасын, алюминий сияқты металдар алынады.
Кен орындары Орталық Қазақстанда көп. Әсіресе Жезқазған және Қоңырат мыс кен орындары әлемге әйгілі.
Кенге жатпайтын пайдалы қазбалар
Ас тұзы, фосфорит, құм, саз, әктас (құрылыс пен химияға қажет).
Бұл қазбалар қышқыл алуға, тыңайтқыш өндіруге және құрылыс материалдары ретінде өте қажет.
Қаратау фосфорит қоры жөнінен әлемдегі алдыңғы орындардың бірін алады. Фосфоритті ұнтақтап, тыңайтқыш ретінде қолданылатын фосфорит ұнын өндіреді.
Мәрмәр — ескерткіш, баспалдақ сияқты бұйымдарға; әктас, құм, саз — құрылысқа таптырмас материал.
Зерттеушілер туралы
Пайдалы қазбаларды геологтар зерттейді. Қазақтың тұңғыш геологі — Қаныш Имантайұлы Сәтбаев.
Картамен жұмыс: негізгі өндірілетін өңірлер
Тас көмір
Қарағанды, Екібастұз
Мұнай
Атырау, Ақтау, Орал өңірі
Газ
Ақтау, Орал өңірі
Алюминий
Арқалық
Мыс кені
Жезқазған
Ас тұзы
Қызылорда, Павлодар, Алматы өңірі
Темір кені
Қостанай өңірі
Фосфорит
Ақтөбе, Тараз өңірі
Қазақстанның минералдық әлеуеті (қысқаша деректер)
- Менделеев кестесіндегі 105 элементтің 99-ы еліміздің жер қойнауында кездеседі.
- 70 элементтің қоры барланып зерттелген, 60-тан астамы өндіріске тартылған.
- Минералдық шикізаттың 1225 түрі бар, 493 кен орны белгілі.
- Қор көлемі бойынша Қазақстан ТМД елдерінің алдыңғы қатарында: күміс, хромит, қорғасын, мырыш өндіруден — 1-орында; мұнай, көмір, мыс, никель, фосфат шикізаты бойынша — 2-орында; алтын өндіруден — 3-орында.
- Елімізде мұнай мен газ қоры елеулі; жыл сайын шамамен 32 млн тонна мұнай өндіріледі.
Шартты белгілермен танысу
Картадағы пайдалы қазбалар белгілерін таныстырамыз:
Оқулықпен жұмыс
- 1Мәтінді іштей оқу.
- 2Оқығаны бойынша әңгімелету.
- 3Суреттер бойынша жұмыс: қандай бұйым қай қазбадан жасалғанын анықтау.
Дәптер және шығармашылық жұмыс
- Пайдалы қазбалардың түрлерін жазу.
- Шығармашылық тапсырма: пайдалы қазбалардың қажеттілігі туралы шағын өлең құрастыру.
- Көзге сергіту жаттығуы («Планета»).
Түйін: планетамыздағы пайдалы қазбалар жер қойнауында кездеседі; оларды ұқыпты әрі жауапкершілікпен пайдалану маңызды.
Сабақты бекіту: тест
1) Пайдалы қазбаларға не жатады?
- Темір кенінен алынған металл
- Жер қыртысының қатты бөлігі
- Тау жынысы
2) Пайдалы қазбалар 3 негізгі топқа бөлінеді:
- Пайдалы, пайдасыз, жарамсыз
- Бағалы, құнсыз, жанатын
- Жанғыш, кенді, кенге жатпайтын
3) Кенге жатпайтын пайдалы қазба:
- Мұнай, газ
- Алтын, күміс
- Құм және саз
Үй тапсырмасы
- Мәтінді оқу, мазмұндау.
- Қазақстанның физикалық картасынан пайдалы қазбалар өндірілетін өңірлерді көрсетіп келуге дайындалу.
- Шартты белгілерді жатқа жазуға дайындық жасау.
Бағалау
Оқушылардың жинаған ұпайлары қорытындыланып, мадақтау және қажет жерінде ескерту айту арқылы бағаланады.
Музыкалық үзіліс
«Бақытты ұлы Отан» әнін орындау.