Қазақ халқы үшін үлкен мейрам - Жаңа жыл Наурыз мерекесі
Тақырыбы: Ұрпақ азбасын, дәстүр тозбасын
Мақсаты
- 1 Қазақ халқының ежелден сақталып, атадан балаға мұра болып жеткен салт-дәстүрін, Наурыз мейрамының мәнін түсіндіру және көрісу туралы түсінікті кеңейту.
- 2 Ойлау қабілетін дамытып, қиялын, таным көкжиегін және ізденіс дағдыларын жетілдіру.
- 3 Оқушыларды ұлтжандылыққа, имандылыққа, инабаттылыққа тәрбиелеп, халқымыздың салт-дәстүрін қастерлеуге және сақтауға баулу.
Көрнекілігі
- Буклеттер
- Шарлар
- Қанатты сөздер
- Үнтаспа
Оқу ортасы
Көңілді әуен ойнап тұрады. Оқушылар мен қонақтар төрде, дастархан басында отырады.
Жүру барысы
1) Ұйымдастыру кезеңі
Жүргізуші
Құрметті ұстаздар мен оқушылар! Наурыз тойларыңыз құтты болсын! Ұлыстың Ұлы күні — Наурызда тілектеріңіз қабыл болып, аман-есен қуанышты күндерге жете беріңіздер. Ескі жылдың ауыртпалығы артта қалып, жаңа жыл жаңа үмітпен, жаңа тыныспен келсін. Елімізге береке, жерімізге ырыс дарысын!
Наурыз туралы
Наурыз — қазақтың шын мағынасындағы ұлттық мейрамы. 22 наурызда күн мен түн теңеліп, қыс кетіп көктем келеді, тіршілік қайта түлейді. Қазақ халқы үшін Наурыз — Жаңа жыл, жаңару мен жасампаздық мерекесі.
Бұл мереке өте ерте заманнан бері халықтар арасында кеңінен тойланып келеді. «Наурыз» сөзі парсы тіліндегі «нау» — жаңа, «руз» — күн ұғымынан шыққан, яғни «жаңа күн» дегенді білдіреді.
Жүргізуші (жыр жолдары)
Наурыз келсе — құт келгені, халайық,
Есік ашып, шашу шашып,
Ел болып қарсы алайық.
Осы сәтте шашу шашылады.
Наурыз көже
Наурыз көже — Наурыз мейрамының символы. Сондықтан Наурыз тойы көжесіз сәнді болмайды.
Наурыз көжеден дәм татыңыздар!
(Барлығы «Қазақы дастарханым» әнін орындайды.)
2) Ұлттық ойын: «Сақина салу»
Ұлыстың ұлы күні — 22 наурыз, жыл басы. Күн ұзарып, түн қысқарып, жер бусанып, табиғат жаңарады. «Самарқанның көк тасы ериді» деген сөз осы күннің мейірімін аңғартады.
Жүргізуші
Қазақтың ұлттық ойындары көп. Соның бірі — «Сақина салу». Қане, бастайық! Менің сақинам кімде екен? Ортаға шық!
Айыбыңды қалай өтейсің?
(Ұсталған оқушы өнер көрсетеді.)
Мұғалім
Бүгінгі мерекелік шарамыз Наурызға арналған. Оқушылар мен қонақтар, Наурыз туралы не білесіздер? Білгендеріңізді ортаға салыңыздар.
- Наурыз — жаңарудың, өсудің, түлеудің бастауы.
- Наурыз — имандылық пен кешірім мерекесі.
- Наурыз — көктем мерекесі, еңбек тойы, ырыс пен молшылықтың бастауы.
- Наурыз — мейірімділік пен қайырымдылық мейрамы.
Дәстүрдің мәні және көрісу ғұрпы
Әңгімелесу сұрақтары
- Халықтың өмір тәжірибесі ұрпақтан ұрпаққа қалай жетеді?
- Халық даналығының мақсат-мүддесі неде?
- Халықтық дәстүрден қандай өнеге-үлгі алуға болады?
- Өзің үшін маңызды игі дәстүрлер туралы айтып бер.
Ғ. Мұстафиннен тағылым
Әр халықтың өзінше дәстүрі бар. Дәстүрдің де жақсысы, жаманы болады. Жаманы жолшыбай қалып қояды, жақсысы ғасырдан ғасырға кете барады. Қазақ дәстүрі ата-ананы, үлкенді сыйлауға баулиды. Үлкенге сәлем беру, жол беру, алдынан көлденең кесіп өтпеу, қонақты қарсы алу, төрге шығару, жылы қабақпен аттандырып салу, жолдас-жораға қайырымды болу сияқты дәстүрлер өмір бойы ескірмейді. Халықтың жақсы дәстүрлерін ешбір ұлы адам аттаған емес; әрбір жас дәстүрді қорғаушы, орындаушы әрі дамытушы болғай-ақ.
Көрісу: Наурыздың тәрбиелік өзегі
Бүгін Наурыз мерекесімен бірге қазақ халқының бір дәстүріне — көрісу ғұрпына тоқталамыз. Бұл дәстүр көбіне Қазақстанның батыс өңіріне тән: Наурыздың алғашқы күндерінде кішінің үлкенге, ағайын-туыс, құда-жекжат, жора-жолдас болып қос қолдап амандасып, бір-біріне ақ тілегін арнауы.
Көрісу — жыл басынан басталып, келесі жылға дейін мағынасы жоғалмайтын, адамдар арасындағы сыйластықты жаңғыртатын игі салт.
Мағынасы
Көрісу күні екі адам міндетті түрде қос қолын ұсынып амандасады. Қол ұсыну кезегі — жастікі. Бұл — кейінгі ұрпақтың үлкенді құрметтеуі. Астарында «қолымда жаман ой жоқ, ниетім таза» деген сенім, «пейіл ақ болса — өмір де ақ» деген ұғым жатыр.
Біздің өңірде көрісу көбіне 14 наурыздан басталады.
Жүргізуші — Мұғалім диалогы
Жүргізуші
Көрісудің ерекшелігі қандай?
Мұғалім
Көрісуде ер адамдар мен әйел адамдар арасында жалпы шектеу болмайды. Дегенмен, атасы мен қайнағасы келіндеріне қол беріп көріспейді, келіндері де солай. Ал ер адам ата-ене, әке-шешеден бастап, туыс-туғанның бәрімен көрісе береді.
Көрісу алдымен әркімнің өз үйінде, ата-анасынан басталып, кейін жалғасады. Алыстағы ағайынға арнайы барып көрісу — сауапты іс саналған.
Жүргізуші
Бұрын көрісудің мәнін терең түсіне бермейтін едік. Осы дәстүрдің өзге қырларын да айтып өтсеңіз.
Мұғалім
Жастар үлкендерге алдымен сәлем беріп, кейін екі қолын ұсынып көріседі. Жасы үлкен аналар бір-біріне алақанын тосып, құшақ жая жақындап, әуелі оң иық, сосын сол иық түйістіріп, төске-төс тигізіп амандасады да, қайта алақандарын қосып көріседі. Ер адамдар көбіне қос қолын ұсынып көрісе салады.
Ертеде көрісу күні кемінде бес үйге кіріп амандасу міндет саналған. Ешкім арнайы шақырмайды, бірақ жастардың үлкенге сәлем беруі — парыз.
Оқушы
Көрісу ұғымы нені білдіреді?
Мұғалім
Оның мәні — «өткен қыстан аман-есен шықтық, жаңа жылға жеттік» деген қуаныш. Табиғат жасарып, тіршілік жаңарған шақта адамдардың бір-бірімен қауышып, ақ ниетпен амандасуы — үлкен тойдың белгісі.
Жүргізуші
Ендеше, бәріміз бір-бірімізбен көрісіп, жақсы тілектер айтайық.
(Оқушылар көрісу рәсімін өздері үйренген ерекшеліктер бойынша орындайды.)
Өнер бөлімі
Осындай мерекелі отырыста ән айтып, би билемей кетуге болмайды. Сыныбымыздың өнерлі оқушыларын ортаға шақырамыз.
(Оқушылар ортаға шығып, мерекеге дайындаған өнерлерін көрсетеді.)
Қорытынды тілек
Жүргізушілер бірге
Бақ дарысын бәріңе!
Ой қосылсын ойыңа,
Бой қосылсын бойыңа!
Аман-есен жетейік,
Келер Наурыз тойына!