Темекінің әсері
Сабақтың тақырыбы: «Темекі – денсаулық дұшпаны»
Бұл тәрбие сағаты оқушыларға темекінің адам ағзасына тигізетін зиянын түсіндіруге, салауатты өмір салтын таңдауға ынталандыруға бағытталған.
Мақсаты
Оқушыларда темекінің зияны туралы түсінік қалыптастыру және салауатты өмір салтын ұстануға тәрбиелеу.
Күтілетін нәтиже
- Сын тұрғысынан ойлау дағдылары дамиды.
- Жұптық және топтық жұмыста диалогтік қарым-қатынас нығаяды.
- Шешім қабылдау, тыңдай білу, пікірді дәлелдеу мәдениеті қалыптасады.
Міндеттері
Жұппен және топпен жұмыс арқылы ойлау, салыстыру, іздену, өз пікірін еркін жеткізу дағдыларын дамыту.
Ережені сақтай отырып бір-бірін тыңдау, сыйлау, қолдау көрсету және ортақ шешімге келуге тәрбиелеу.
Дифференциация: оқытудағы жаңа тәсілдер, сын тұрғысынан ойлау, көшбасшылық, жас ерекшеліктеріне сәйкес оқыту, талантты және дарынды оқушылармен жұмыс.
Ресурстар
- Мультимедиялық проектор.
- Бейнеролик: «Темекінің адам ағзаларына әсері».
- Мақалалар: «Темекі қайдан шықты?», «Темекінің зияны», «Темекімен күрес шаралары».
Сабақтың барысы
1) Ұйымдастыру кезеңі
- 1 Оқушылармен амандасу.
- 2 «Менің тренингтік есімім» тренингі: оқушылар шеңбер құрып, кезекпен сәлемдесіп, өз есіміне бір жақсы қасиетті қосып айтады (мысалы: «Әдемі Әсия», «Айбарлы Азат»).
- 3 Топқа бөлу: тақтадағы стикерлерді таңдау арқылы 3 топ құрылады — Зерттеушілер, Суретшілер, Ақындар.
2) Ой қозғау
«Зиянды заттар» тақырыбын ассоциация арқылы талқылап, жаңа тақырыпты айқындау ұсынылады. Бүгінгі әңгіме темекінің адам ағзасына тигізетін зиянды әсеріне арналады.
Талқылауға арналған жағдаят
Бір данышпан: «Темекінің үш жақсы жағын білемін», — депті. Біріншіден, темекі шеккен адамның үйіне ұры түспейді. Екіншіден, темекі шеккен адамды ит қаппайды. Үшіншіден, шылымқор адам мәңгі жас болып өтеді.
Дәлел сұрағанда ол былай түсіндірген: темекі тартқан адам түнде қатты жөтеліп, ұйықтамайды — ұры «үй иесі ояу» деп кері қайтады. Жөтелден белі бүгіліп, ерте таяқ ұстайды — таяқ ұстаған адамнан ит те қаймығады. Ал көп темекі шеккен адам ерте қайтыс болады — «мәңгі жас» деуім осы, — деген екен.
Дебат форматы
Оқушылар 3 жақты дебат құрады: «Келісемін», «Келіспеймін», «Ерекше пікір». Әр топ постерге ойларын жазып, дәлел келтіреді. Кейін рөлдер ауыстырылып, әрқайсысы барлық позициядан сөйлеп көреді.
3) Топтық тапсырмалар
Зерттеушілер
Темекінің зияны туралы ақпарат жинап, қысқа таныстырылым дайындайды (компьютер арқылы ресурстар беріледі).
Суретшілер
Темекінің адам өміріне зияны туралы ой картасын (mind map) құрады.
Ақындар
Темекінің зияны туралы бір шумақ өлең шығарады.
Тапсырма орындалған соң әр топ жұмыстарын қорғайды. Бағалау үшін «Екі жұлдыз, бір ұсыныс» әдісі қолданылады: екі ұнаған тұс және бір жақсартуға ұсыныс айтылады.
4) Бейнеролик
Темекінің адам ағзасына әсері туралы бейнеролик көрсетіліп, негізгі ойлар бірге талқыланады.
5) «Темекіден хат» (электронды пошта)
Әр топқа «темекі» атынан жазылған хат беріледі. Топтардың міндеті — оған қарсы уәж келтіріп, кері хат жазу.
1-топқа хат
«Сәлем, досым! Мен сымбаттымын, әдемімін. Иісім қандай жағымды! Менің әсерімнен рақаттанасың. Менің досым бол: кел, кел!»
2-топқа хат
«Сәлем, досым! Бәрінен де мен күштімін. Ең рақаты, ең тиімдісі — мен. Мені шексең күш-жігерің артады, көңіл-күйің көтеріледі. Мен сені ешқашан тастамаймын, адал дос боламын. Кел, менімен дос бол!»
3-топқа хат
«Сәлем, досым! Мені шегіп рақаттан. Көңіл-күйің көтеріліп, өмірің қызық болады. Менімен дос болсаң қайғыруды ұмытасың, жеңілдейсің.»
6) Мақал-мәтелдерді жалғастыру
7) Кері байланыс
Оқушылар сабақтан алған әсерлерін ортаға салып, ортақ үндеу қабылдайды. Қорытынды ретінде «Өміріңе немқұрайлы қарама» әні орындалады.
8) Қорытынды ой
Ұлы ойшыл Сократтан: «Адамға өмірде не қымбат — байлық па, әлде атақ па?» — деп сұрағанда, ол: «Байлық та, атақ та, даңқ та адамды шын бақытты ете алмайды. Дені сау кедей — ауру патшадан бақыттырақ», — деп жауап берген екен.
Демек, бақыттың негізі — денсаулық. Денсаулықтың кепілі — салауатты өмір салты. Темекі — денсаулықтың дұшпаны. Салауаттылықты өмірлік ұстанымға айналдыру әркімнің өз қолында.
Соңында оқушылар мадақталып, алғыс айтылады.