Гүл өссе жердің көркі
Табиғат – туған бесігің
Табиғат — күллі тіршіліктің құтты қонысы, алтын ұя бесігі, құт-берекесі. Адам үшін табиғат — ең қасиетті де қастерлі ұғым: ол — адамды дүниеге әкелген аяулы Ана. Сондықтан табиғатты Ана деп құрметтеу — үлкен мәні бар азаматтық ұстаным.
Білімділік
Оқушыларды туған жерін сүюге, табиғатты аялауға және қорғауға баулу.
Дамытушылық
Қоршаған ортаны қорғауға қатысты адамгершілік сезім мен жауапкершілікті арттыру.
Тәрбиелік
Халық ауыз әдебиеті арқылы табиғат туралы білімді кеңейту.
Көрнекі ойлар
- «Табиғатты аялай біл»
- «Таза болсын табиғат, аман болсын адамзат»
Табиғат туралы толғаныс
Табиғаттан бабамыз ала берген секілді,
Дархандықты қазаққа дала берген секілді.
Еркелікті ерікті желден алған секілді,
Мөлдірлікті көгілдір көлден алған секілді.
Оқушының ойы
«Табиғат!» — жүрекке жылы, көңілге қонымды сөз. Бұл ұғымда қаншама терең ой, мағына, ұлағат жатыр. Табиғат — тіршіліктің мекені ғана емес, адамға қуат беретін, жан дүниені тәрбиелейтін орта.
Қазақ халқының өмір-тіршілігі табиғатпен етене байланысты. Ғасырлар бойы халқымыз табиғаттың құбылыстарын бақылап, оның заңдылықтарымен үндес ой-тұжырымдар жасаған. Табиғатқа аялы алақан, жылы жүрек, көздің қарашығындай қамқорлық қажет екенін ерте сезінген.
Жаратылдым топырағыңнан, сен — түбім,
Жалғаны жоқ, бәрі сенен — жаным, тәнім.
Сенен басқа жер де маған қараңғы,
Жарық болар Шолпан, Айым, сен — күнім.
І кезең: Сұлулықтың тамыры — табиғат
«Сұлулық дегенің тамыры табиғаттануда жатыр. Гүлді алайық: “сұлу емессің” деп айта алмаймыз — ол табиғат жасаған сұлулық. Құстардың да, аңдардың да ішінде талай сұлу бар. Сондықтан сұлулықтың өзі — табиғаттың көркі. Табиғатқа қарсылық ету — күнә. Табиғат сұлулығын сезіну және оны аялау қажет».
Экологиялық ойдың бүгінгі мәні
Экологиялық мәселелер бүкіл адамзатты ойландырған шақта халық мұрасындағы тәрбиелік тағылымға ерекше көңіл бөлу қажет. Табиғатты көздің қарашығындай сақтауға үндейтін даналық мақал-мәтелдер, нақыл сөздер, аңыз-әңгімелер — бүгінгі ұрпаққа үлгі.
«Туған жердің тағдыры толғантпаған, жаны тебіреніп ол туралы ойланбаған жігітті азамат дей аласыз ба? Туған жердің қара тасын мақтан ете алмаған азамат бөгде жердің алтын тасын да мақтап жарта алмайды».
ІІ кезең: Табиғат туралы нақыл сөздер мен мақал-мәтелдер
Халық даналығы
- Жері байдың елі бай.
- Күте білсең, жер жомарт.
- Жер — байлықтың көзі.
- Туған жердің топырағы да ыстық.
- Жер — Ана, ел — бала.
- Бабалар еккен шынарды балалары саялайды.
- Қатты жерге қақ тұрар, қайратты ерге бақ тұрар.
- Сусыз жердің шөбі — арық.
- Жалғыз ағаш үй болмас, жалғыз жігіт би болмас.
- Аққу мен қаз — көлдің сәні, қыз-бозбала — елдің сәні.
- Гүл өссе — жердің көркі, қыз өссе — елдің көркі.
- Айналдырған алмай қоймас, бұлттанған күн жаумай қоймас.
- Егін екпесең — жерге өкпелеме, еңбек етпесең — елге өкпелеме.
- Өзен тасыса — семерінен шығар, адам мастанса — дінінен шығар.
- Көлдің көркі — құрақ, таудың көркі — бұлақ.
- Орман — ел дәулеті, жер сәулеті.
- Сулы жер — нулы жер.
- Арамымен ел сұлу, орманымен жер сұлу.
- Ағаш ексең аялап, басыңда болар саябақ.
- Орман көп болса — олжаң көп.
- Өрісіңе қарай мал өсер, өзеніңе қарай тал өсер.
- «Отансыз бақыт жоқ: кім-кімнің де тамыр жаяр топырағы — туған жері». И. С. Тургенев
- «Ақ сүтін беріп аялап өсірген ананы қалай сүйсең, еліңді де солай сүю — қасиетті борышың». М. А. Шолохов
- «Дүниеде туған еліңнен артық ел де, жер де жоқ».
ІІІ кезең: Поэзия минуты
Өлеңдерден үзінді
Әй, табиғат! Шеберсің-ау, шеберсің,
Көрмегенді көрсетерсің, берерсің.
Ұлан-ғайыр байлығыңда місе етпей,
Ашкөзденген адамдарға не дерсің?
Айың анау, күнің мынау, жері міне,
Ой, адамдар, жетпей жатыр енді не?
Табиғатқа таласпандар, ағайын,
Асырайды ол сені, мені, елді де.
Табиғат — Ана
Орманы мен тауы, суы мен нуы — барлығы да тіршіліктің өзегі. Табиғатқа мейіріммен қарау — келешекке қамқорлық жасау. Қыс, көктем, жаз, күз — әр мезгілдің өз көркі бар; сол көрікті сақтай білу — адамның мәдениеті.
Көріністер: таңдаудың салмағы
Көрініс 1: Ормандағы әке мен бала
Әкесі: Ағаш та қалмапты ғой, өзі?
Баласы: Әке, ағашты өзіміз-ақ қырып болдық қой.
Әкесі: Анау жас қайың тұр екен, соны кесейік.
Баласы: Әке, ол әлі жас қой. Өссін. Обал емес пе? Табиғаттың сәні ғой.
Әкесі: Табиғатқа жаның ашып қалды ма? Ұста араның арғы басын.
Құс: Тиіспеңдерші ақ қайыңға, ұямды бұзбаңдаршы…
Баласы: Әке, ол ұясын қорғап жүр. Кеспей-ақ қояйықшы.
Әкесі: Көп сөйлеме!
Ей, адамзат, ойланшы сен бір сәт қана,
Жауыздықтан күңіреніп жылап тұр ғой мына бала.
Табиғаттың байлығын ысыраппен пайдалансақ,
Ертең ұрпаққа не қалады, кімге аманатталады?
Көрініс 2: Мейірім және жауапкершілік
Оқиға A: Жаралы торғай
Марат мектепке бара жатып, жол шетінде ұша алмай жатқан торғайды көреді. Қанаты жараланған екен. Ол торғайды үйіне алып келіп, жарасын таңып, су мен жем береді. Сол себепті сабаққа кешігіп қалады.
Оқиға B: Туған күнге гүл
Арман Айманның туған күніне сыйлық іздеп жүріп, аулада өсіп тұрған гүлдерді көреді. Қуанып, гүлдің бәрін жұлып алып, Айманға сыйлайды.
Пікірталас: Мараттың әрекеті
1-топ
Оқушының басты міндеті — сабаққа кешікпеу. Мейірімді істі бос уақытта атқаруға болатын еді.
2-топ
Құстар — табиғаттың сақшылары. Марат торғайды аман алып қалуға үлес қосты; бұл — жауапкершілік пен адамгершілік.
Пікірталас: Арманның әрекеті
1-топ
Гүл — қуаныш сыйлайтын сұлулық. Мерекеде гүл сыйлау — жақсы дәстүр.
2-топ
Гүлзар — көгалдандыру мен табиғи тепе-теңдік үшін маңызды. Барлығын жұлып алғанша, бір талын ғана сыйлау жеткілікті еді.
Қорытынды
Табиғатты қорғау — баршамыздың ортақ міндетіміз. Табиғатқа жанашырлықпен қарап, әрбір ағашты, әрбір құсты, әрбір бұлақты аялау арқылы болашаққа аманат қалдырамыз.