Балық жапсыру жұмысы
Сабақ туралы жалпы мәлімет
Тақырып
Балық
Қажетті құралдар
- Түрлі-түсті қағаз
- Қайшы
- Желім
- Қосымша материалдар (қажетіне қарай)
Көрнекіліктер
- Балық түрлерінің суреттері
- Балықтан дайындалған тағамдар бейнелері
- Құрастырмалы балық суреттері (ойынға)
- Бекіре балығының суреті
- Аквариумдағы балықтар (бейне/сурет)
Сабақтың мақсаттары
Негізгі мақсат
- 1 Балық бейнесін қағазға дұрыс жапсыра білуге үйрету.
- 2 Балық суретін көшірме түрінде (бейнені бастыру арқылы) дәл түсіріп салуға машықтандыру.
- 3 Түстерді дәл таңдап, үйлестіре жапсыруға дағдыландыру.
- 4 Ойын тапсырмалары, жұмбақ, өлең-тақпақ, ертегі тыңдату арқылы қызығушылық пен белсенділікті арттыру.
Оқыту нәтижелері
Білімділік
Балықтың түрлері, тіршілік ету ортасы, тыныс алуы, ерекшеліктері және адамға пайдасы туралы түсінік беру.
Дамытушылық
Шығармашылық қабілет пен қиялды дамыту; қайшыны дұрыс ұстауға, түрлі-түсті қағаздан бөліктерді қиып, желімдеп жапсыруға үйрету.
Тәрбиелілік
Қағаз бен желіммен жұмыс кезінде ұқыптылыққа, тапсырманы мұқият орындауға тәрбиелеу.
Сабақтың барысы
Ұйымдастыру кезеңі
Балалар шеңбер бойына жиналып, қоршаған ортамен және бір-бірімен амандасады.
Амандасу рәсімі
Қуан, шаттан, алақай!
Қуанатын келді күн.
Күліп шықты күн бүгін.
Қайырлы таң, балалар!
Қайырлы күн, апайлар!
Өткен сабақты қайталау: «Бұлтты жапсырмалау»
Бұлт — атмосферадағы қоюланған су буының топтанған жиыны. Су бу болып жоғары көтеріліп, бұлт түзеді. Кейін ол қайтадан жаңбыр болып жауады.
Жаңа тақырып: «Балық жапсыру»
Бүгінгі сабақта түрлі-түсті қағаздың көмегімен балық бейнесін жапсырамыз. Тақтаға күннің жадын және тақырып жазылады, балалар жұмысқа дайындалады.
Құралдарды түгендеу
Түрлі-түсті қағаз, қайшы, желім.
Сұрақ-жауап
«Балық деген не? Ол қайда мекендейді? Қандай балықтарды білесіңдер?»
Балық туралы қысқаша мәлімет
Балықтар суда мекендейді. Балалар көбіне мына балықтарды атайды: сазан, шортан, жайын, көксерке, қаракөз, бекіре және т.б.
Балықтар — ең көп таралған омыртқалы жануарлар. Олар үш топқа бөлінеді: жақсыз, шеміршекті және ең үлкен топ — сүйекті балықтар.
Балықтар өкпемен емес, желбезек арқылы тыныс алады. Желбезек арқылы суда еріген оттегі ағзаға өтеді.
Көптеген жануарлар құрлықта да, суда да тіршілік ете алса, балықтар тек суда тіршілік етіп, суда көбейеді.
Жапсыру жұмысының кезеңдері
Үлгі сурет тақтаға ілінеді. Тәрбиеші кезең-кезеңімен түсіндіріп, өзі де қатар орындап көрсетеді.
Қиып дайындайтын бөліктер
- Басы
- Денесі (кеуде бөлігі)
- Көзі
- Құйрығы
- Қанаттары
Назар аударатын тұстар
- Қайшыны қауіпсіз әрі дұрыс ұстау
- Түстерді үйлестіру
- Бөліктерді ретімен жапсыру
- Жұмысты ұқыпты аяқтау
Сергіту сәті: «Балық»
Балық жүзді таза суда,
Бір керіліп, бір жиырылуда.
Жүзіп-жүзіп шаршағанда,
Тығылады тастың құмда.
Ертегі: «Мұз астындағы ұйқы» (оқу және талдау)
Қыстың алғашқы аязы түскен соң көлдің бетін мұз басты. Мұз әлі жұқа болғанымен, күн сәулесі көмескіленіп, су асты күңгірт тартады.
Бұрын мұндайды көрмеген жас сазандар абыржи бастайды. Мұны байқаған кәрі сазан:
«Жыл сайын осылай болады. Біраздан соң мұздың үстін қар басып, одан да қараңғылық орнайды. Аю сияқты, біздің сазан тұқымы да қыста ұйқыға кетеді», — деп түсіндіреді.
Кейін бәрі көлдің терең жеріне барып, қысқы ұйқыға кетеді.
Қимыл-қозғалыс сергітулері
Сергіту: «Достар»
Достар бірге жүреміз,
Бірге ойнаймыз, күлеміз.
Бірге балық аулаймыз,
Міне, біздер қандаймыз.
Бөлінбейді іргеміз,
Әрқашанда біргеміз.
Сергіту: «Біз кішкентай баламыз»
Біз кішкентай баламыз,
Өсіп-өніп толамыз.
Көкке қарап талпынып,
Күнге қолды созамыз.
Қанат қағып ұшамыз,
Қарлығаштай қалықтап.
Бір отырып, бір тұрып,
Жаттығулар жасаймыз.
Музыкамен сергіту
Үнтаспадан «Теңізшілер әні» қосылып тұрады.
Жұмбақтар және ойын тапсырмалары
Ойын: «Балық аулау»
Мақсаты: жұмбақтардың шешімін табу арқылы тапсырманы орындау.
Шарты: әр балық суретіне жұмбақ жазылады. Балалар жұмбақтың шешімін тауып, ойын қадамдарын орындайды.
Ойын: «Суретте не жетіспейді?»
Мақсаты: қабылдауды дамыту, жетіспейтін мүшелерді дұрыс табуға және орнына жапсыруға үйрету.
Шарты: тақтада балықтың кей мүшелері бөлек ілінеді. Балалар кеуде бөлігі, басы, қанаты, құйрығы сияқты бөліктерді тауып, орнына орналастырады.
Ойын: «Тапқыр болсаң, тауып көр» (жұмбақтар)
Шаңқ-шұңқ еткен үні жоқ, сусыз оның күні жоқ. Жүріп кетсе соңында, қалып жатқан ізі жоқ.
Жауабы: Балық
Еркелеп жатамын, қаңтарда қатамын.
Жауабы: Көл
Бет көретін айнам, тауып алдым сайдан.
Жауабы: Ағын су
Жазда сылдыр қағады, қыста тыным табады.
Жауабы: Өзен
Ойын: «Кім жылдам?»
Мақсаты: балықтардың сыртқы пішінін ажырата білуге үйрету.
Шарты: балалар 4–5 баладан екі топқа бөлінеді. Әр топ ірі және кіші балықтарды жылдам сұрыптайды.
Қорытынды және бағалау
Бекіту сұрақтары
- 1 Балықтар қайда мекендейді?
- 2 Балықтар неше топқа бөлінеді?
- 3 Балықтардың адамға қандай пайдасы бар?
- 4 Балық туралы қандай тақпақтарды білесіңдер?
Бағалау
Балалардың балықтар туралы алған білімдері қорытындыланып, жұмыстары қаралады.
Оқушылардың еңбегі мадақталып, жұлдызша және геометриялық белгілер арқылы бағаланады.