Қарғаның ұясын айыра білу

Мақсаты

Балалардың көктем мезгіліндегі табиғат ерекшеліктері мен өзгерістері туралы білімін кеңейту, көктем құстары жайлы әңгімелеу және табиғатқа жанашырлықпен қарауға тәрбиелеу. Сонымен қатар ермексазбен сопақша пішін жасап, қарғаның ұясын құрастыруға үйрету, балалардың табиғат аясында өзін еркін сезінуіне ықпал ету.

Алдын ала жұмыстар

  • Көктем құстары туралы суреттер бойынша әңгімелеу.
  • «Орманға саяхат» тақырыбында қиял-ойын ұйымдастыру.
  • Құстарға байланысты тақпақ жаттау, жұмбақ шешу.

Сабаққа қажетті құралдар

Көрнекілік

Құстардың суреттері, бетперделер мен атрибуттар.

Әдістер

Сұрақ-жауап, әңгіме, дыбысты ажырату, ойын элементтері.

Шығармашылық бөлім

Ермексазбен мүсіндеу: қарғаның ұясын жасау.

Мәтін және ойын

Ертегі: «Көкқұтан мен бақа». Ойын: «Құстың ұясы».

Сабақтың құрылымы

1) «Жақсы ма, жаман ба?» ойыны

Ойынның мақсаты — балаларды жаман әдеттен аулақ болуға, жақсы мен жаманды ажырата білуге, қоршаған ортаға қамқорлықпен қарауға тәрбиелеу. Тәрбиеші әрекеттерді атайды, балалар дауыстап оның жақсы не жаман екенін айтады.

  • Ағаштың бұтағын сындыру жақсы ма? Жоқ, жаман.
  • Гүлдерге су құю жаман ба? Жақсы: гүл өседі, жапырақ жаяды.
  • Құстарға ұя жасау дұрыс па? Дұрыс.
  • Апайлармен амандасқан жақсы ма? Жақсы.

Осыдан кейін балалар сәлемдеседі: «Саламатсыздар ма?»

2) Көктем туралы әңгіме және сұрақ-жауап

Қазір жылдың қай мезгілі?
Көктем.
Көктем неше айдан тұрады?
Наурыз, сәуір, мамыр.
Бүгін аптаның нешінші күні?
4-күн, бейсенбі.
Қандай көктем құстарын білесіңдер?
Көкек, бұлбұл, тырна, аққу, қаз, қарлығаш, қараторғай, ұзақ.

Тақтаға ілінген суреттер арқылы құстарды атап, олардың ерекшеліктерін талқылаймыз. Мысалы, тырна мен қазды салыстырамыз.

Дидактикалық ойын: «Қандай құс жоқ?»

Мақсаты: көзді жұмып, «ұшып кеткен» құстың қайсы екенін есте сақтап табу.

3) «Орманға саяхат» (қимыл-қозғалыс және тыныс алу жаттығулары)

Көктемде ұшып келетін құстарды «көріп», олардың тіршілігімен танысу үшін балалармен бірге орманға қиял-саяхат жасаймыз: жалғыз аяқ жолмен жүреміз, шалшықтан секіреміз, ағаш басындағы ұяларға назар аударамыз.

Орман ішінде көзімізді жұмып, терең тыныс аламыз: «Жарықты ішке жұтамыз, ол ішкі мүшелерімізге сәулесін төгеді. Ішіміз жап-жарық болып кетеді». Таза ауамен тыныстап, құстардың әсем дауысын тыңдаймыз.

Дидактикалық тапсырма: «Бұл ненің даусы?»

Мақсаты: құстардың (және табиғаттың) дыбыстарын ажырата білу, қайталап дыбыстауға үйрену.

Құстар немен қоректенеді?

Құрт, құмырсқа, қоңыз және басқа да жәндіктер.

«Орман дәрігері» қай құс?

Тоқылдақ.

4) Жұмбақтар арқылы бекіту

Күндіз тіпті ұшпайды, түнде тышқан ұстайды. Көзі шамға ұқсайды.

Жауабы: жапалақ.

Көкте ұшады тізіліп, біз қараймыз қызығып.

Жауабы: тырна.

Орманда жоғары ағашқа қонады, тұмсығын балға етіп тоқ-тоқ соғады.

Жауабы: тоқылдақ.

Алшаң-алшаң басады, бірін-бірі көрсе қаңқылдасады.

Жауабы: қаз.

Қос қанатын иіп ап, жарға келіп қонады. Қара киім киіп ап, балшықтан үй соғады.

Жауабы: қарлығаш.

Ұшқаны қызық жалпылдап, өзі сондай қарқылдақ.

Жауабы: қарға.

Көктемде құстар не істейді?

Ұя салады, жұмыртқа басады, балапан шығарады. Әсіресе қараторғай мен қарлығаштың ұясына назар аударамыз, сондай-ақ қарғаның ұясын басқа ұялардан ажырата білуге үйретеміз.

5) Тақпақтар

Мадина

Адамзаттың жақыны,
Қарлығаш та ақылды.
Көгершінмен екеуі
Жайлайды бір шатырды.

Аяулым

Тырау, тырау тырналар,
Жем іздесең қырға бар.
Қырда бірақ түлкі бар,
Сақ болмасаң, жұлмалар.

Хайырбай

Тоқылдақтар тоқылдап,
Ешбір тыным көрмейді.
Ағашты қанша тессе де,
Жұмысы бір өнбейді.

Қайрат

Келіп көктем құстары,
Бау-бақшада ән салды.
Оларды жас достары
Ұя жасап қарсы алды.

Айнұр

Таспен атып торғайды,
Ұя бұзған оңбайды.
Құс өкпелеп кетеді,
Бақшамызға қонбайды.

6) Көл жағасына саяхат, ертегі және ән

Орманды бойлай жүріп, көлге барамыз. Көл жағасында аққу, тырна, үйрек және балапандарын, сондай-ақ балықтар мен бақаларды бақылаймыз. Құстарға жем шашып, табиғатқа қамқорлық жасаудың мәнін талқылаймыз.

Ертегі

«Көкқұтан мен бақа»

Ән

«Көктем»

Сұрақтар арқылы қорытындылау

  • Орманда болған сендерге ұнады ма?
  • Қандай құстарды көрдіңдер?
  • Ағаш басынан қандай ұяны байқадыңдар?
  • Судан нелерді көрдіңдер?
  • Ертегіде қандай кейіпкерлер болды?

7) Мүсіндеу: ермексаздан қарғаның ұясын жасау

Саяхаттан кейін өз орнымызға қайта келіп, ермексаздан қарғаның ұясын мүсіндейміз: ермексазды соқпақшалап таяқша етіп жасап, таяқшаларды бірінің үстіне бірін қабаттап орналастырамыз. Нәтижесінде ұямыз жинақы әрі әдемі болып шығады.

Қорытынды

  • Ағаш бұтағын сындыруға болмайды.
  • Құсты рогаткамен ату — дұрыс емес.
  • Ағаш отырғызу керек.
  • Құстарға ұя жасап беру керек.
  • Құстарға жем шашып, қамқорлық таныту керек.

Балалар сабаққа белсенді қатысты. Сабақ осы тұста аяқталады.