Жолдан өтер жаяудың, Ережесін сақтай біл

Мақсат

Жолда жүру ережелерін есте сақтауға көмектесу; оқушыларға жол белгілерінің түрлері, оларды білудің маңызы, сондай-ақ бағдаршам мен жол белгілерінің атқаратын қызметі туралы түсінік беру. Қызығушылық пен жауапкершілікті арттырып, барлығымызға ортақ тәртіпті бұзбауға тәрбиелеу.

Көрнекіліктер

  • Бағдаршам макеті
  • Жол белгілері (плакаттар/карточкалар)
  • «Жолда жүру әліппесі»
  • Жол ережесіне арналған суреттер

Негізгі ой

Жол ережесін білу — қауіпсіздіктің негізі. Бағдаршам мен жол белгілерін дұрыс түсіну әрқайсымызды жазымнан сақтайды.

Есте сақта:

Көшеде тәртіп — ортақ жауапкершілік.

Сабақ барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

  • Оқушылар салған суреттерден шағын көрме ұйымдастыру.

II. Негізгі кезең

Мұғалімнің кіріспе сөзі

«Жол атасы — бағдаршам» атты тәрбие сағатына қош келдіңіздер! Жол ережесін білу өмірімізді қауіп-қатерден қорғайды. Оның мәнін түсініп, талаптарын орындау — баршамызға міндет.

Психологиялық сәт: «Достық шеңбері»

Ұл-қыз сәлем береміз,
Өнегелі өренбіз.
Біздер — қазақ баласы,
Сәлем — сөздің анасы.

Сұрақ-жауап

Мұғалім: Балалар, тақтадан не көріп тұрмыз?

Оқушылар: Көшелер, көліктер.

Мұғалім: Жолдар қандай болады?

Оқушылар: Тегіс, кең, тар, ұзын, қысқа жолдар.

Жұмбақ

Төбесінде шырағы,
Жолаушының пырағы.
Барасың деп қай жаққа,
Алдыңнан күтіп тұрады.
Шахматтың тақтасы секілді,
Онда да таңба бар.
Бұл қай көлік?

Жауабы: такси.

Неліктен бұл тақырып маңызды?

Елімізде көлік түрлері жыл сайын көбейіп келеді. Жаяу жүргіншілер мен жолаушылар саны да артып отыр. Соның салдарынан көшелер мен жолдардағы жағдай күрделене түседі, жол-көлік оқиғаларының қаупі жоғарылайды. Сондықтан жүргізушілер де, жаяу жүргіншілер де аса тәртіпті әрі мұқият болуы керек.

Бағдаршам — қауіпсіздікке бастайтын көмекші. Оның белгілерін дұрыс түсініп, талаптарын орындау — бәрімізге қажет.

Білімді тексеру: жедел сұрақтар

  1. 1) Көшеде жүру ережесін білу не үшін керек?

    Көшеде жүру тәртібін білу апаттан сақтайды және қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз етеді.

  2. 2) Жиекжол дегеніміз не?

    Жаяу жүргіншілер жүретін, көше жиегіндегі тар жол.

  3. 3) Жаяу адамға қай жермен жүруге рұқсат етілмейді?

    Көлік жүретін жолдың ортасымен жүруге болмайды.

  4. 4) Көшедегі жүру тәртібін кім басқарады?

    Бағдаршам және жол қозғалысын реттеуші.

  5. 5) Қиылыстарда қай жерден өтуге болады?

    Қиылысқан тұстан, «Өтетін жер» белгісі бар жерден, немесе ақ жолақты жаяу жүргінші өткелінен — бағдаршамның жасыл жарығы жанғанда.

  6. 6) Бағдаршам жоқ жерде көшеден қалай өтеміз?

    Алдымен сол жаққа қараймыз, ортаға жеткенде оң жақты қараймыз. Көлік жақындаса, өткенше күтеміз.

  7. 7) Жиекжолмен қалай жүру керек?

    Жиекжолдың оң жағымен жүру керек.

  8. 8) Жиекжолда нені жасауға болмайды?

    Төрт-бес адам болып қатар жүруге болмайды.

Өлеңдер: «Жол белгілері»

1-оқушы: Бағдаршам

Менің атым — бағдаршам,
Бар әдемі үш көзім.
Алдамаймын, аңғарсаң,
Ақылдымын тіпті өзім.

2-оқушы: Ескерту белгісі

Өзі қызыл, үшбұрыш — ескертуім мен болам,
Хабарлаймын қауіпті, дұрыс сапарға жол салам.
Маған қарап жүрсеңдер — жүргізуші, жаяу да,
Сәтсіздікке ешқашан қалмайсыңдар сендер де.

3-оқушы: Тыйым салу белгісі

Мен әрдайым тыйым салып тұрамын,
Алда тұрсам — бір адым да жібермеймін, бұрағым.
Түсім қызыл, өзім шеңбер сызық боп бітемін,
Осы жолы үндемейін, бар ма тағы сұрағың?

4-оқушы: Міндеттеу белгісі

Белгімін көрсететін жылдамдық пен бағытын,
Ой-шұңқыр, бұрылыс, қатер-қауіп барын да.
Барлығын анық айтып, көрсетіп жіберем,
Сондықтан да тез таниды мені жұрттың бәрі де.

5-оқушы: Нұсқау белгісі

Сапардың қашықтығын, тоқтар жерін білдіріп,
Үн-түнсіз жол сілтеймін, тұрмын әркез мүлдіріп.
Күндіз де, түнде де от болып жанады,
Көк түсті төртбұрыш — менің шырағым, нұрлы үміт.

6–14-оқушылар: Қауіпсіздік өлең жолдары

Алға ұмтылма ентелеп,
Машинадан қаш, бала!
Асығып бір түсіп кетпе,
Дөңгелектің астына!

Айнала қауіп бар — ойла,
Жан-жағыңа қарайла!
Сырғанаған көшеде,
Машина жолын абайла!

Асықпаңдар, балалар,
Үлкен жолға келгенде.
Жан-жағыңа қарап ал,
«Бізді кім елер?» — деме де.

Ештеңе жоқ деп алаңдама,
Өте берер адамдар.
Жол шетінде тұратын,
Жол белгіге қараңдар!

Жарысып-ақ кетер ек,
Машина да өте көп.
Жолдан өтем асықпай,
Велосипед жетелеп.

Жол — көліктің жүрегі,
Машина көп жүреді.
«Қауіп жоқ» — деп ойлама,
Жолда футбол ойнама!

Ата-ананың сенімін,
Есте ұстап ақтай біл.
Жолдан өтер жаяудың,
Ережесін сақтай біл!

Арманға алдан күткен асығамыз,
Біз қалай толқын атпай басылармыз?
Жол жүру ережесін жақсы біліп,
Сақтықта тұра алатын жас ұланбыз.

Бірге: Жол жүру ережесі — заңды тәртіп. Ол ортақ: үлкен-кіші баршамызға!

Ойын: «Бағдаршам»

Шарты

  • Балалар дөңгеленіп тұрады.
  • Қызыл түс көтерілсе — бір адым артқа шегінеді.
  • Сары түс көтерілсе — орнында тапжылмай тұрады.
  • Жасыл түс көтерілсе — бір адым алға жылжиды.
  • Ойын 3 рет қайталанады.

Көрініс: «Маймақ аюдың достары»

Кейіпкерлер

  • Аю — Жанболат
  • Қоян — Меруерт
  • Түлкі — Алтайыр
  • Полиция — Қыдырқожа
  • Медбике — Ақару

Идеясы

Қарапайым оқиға арқылы көшедегі қауіпсіздік ережелерін сақтау, полицияның рөлі және бір-біріне қамқор болу мәдениеті көрсетіледі.

Қорытынды

Жол ережесіне байланысты салынған ең жақсы суреттер ерекше атап өтіліп, оқушылар мақтау қағаздарымен марапатталады.

Тәрбиелік түйін

Көшеде тек жүрелік —
Өзінше бұл да бір ерлік.
Ата-ана қынжылмасын,
Ұнжырғасы түспесін.

Хор

«Әрқашан күн сөнбесін».

Қауіпсіздік — күнделікті дағды. Ережені сақтау арқылы өзімізді де, өзгелерді де қорғаймыз.