Тас қақпа сұрақтары

Ақтөбе облысы, Ойыл ауданы, Қараой селосы

Қараой мектеп-бала бақшасының аға тәлімгері — Мамбетова Дамира Жалғасбайқызы. Ұсынылып отырған жұмыс — «Алтын қақпа» зияткерлік ойыны.

Сабақтың мақсаты

Оқушылардың салт-дәстүр бойынша білім деңгейін тексеру; тапқырлықты дамыту; қабілетті және дарынды балаларды қолдау; ұйымшылдыққа, жеңімпаздыққа және озық болуға тәрбиелеу.

Сабақтың түрі

Жарыс сабағы.

Сабақтың әдісі

Сұрақ-жауап.

Ойынның құрылымы

Ойын бірнеше қақпадан тұрады. Әр қақпаға жету үшін тапсырма орындалады. Үш қақпаны да ашқан қатысушы «Алтын сандықтағы» сұраққа жауап береді.

Ойын кезеңдері

І. Тас қақпа — «Тәрбиенің тамыры салтымызда»

Қазақта «Алты жыл аш болсаң да, атаңның салтын ұмытпа» деген мақал бар. Бұл кезең ата-баба дәстүрі, салт-жоралғылар туралы білімді саралайды.

Тас қақпа сұрақтары

  1. Құсбегі деп кімді айтамыз?
    Қыранды түрге, топқа бөліп, жеке айыра білетін адам.
  2. Қағушы дегеніміз кім?
    Қолында құс жоқ болса да, тығылып жатқан аңды үркітіп шығаратын адам.
  3. Қалау деген не?
    Біреудің көңілінен шыққан затына, малына не мүлкіне ниеттенген адам сол үйге барып «қалау» айтады. Дәстүр бойынша үй иесі қонақасы беріп, сұралғанын орындап қайтаруға тырысады.
  4. Аманат деген не?
    Бір адамның екінші адамға сақтауға берген заты. Аманатты сақтау және уақытында қайтару — үлкен адамгершілік. Аманатқа қиянат жасау ауыр күнә саналған.
  5. Салбурын деген не?
    Саятшылық пен аң аулауға байланысты кәсіптің бір түрі: маусым кезінде аңшылар топтасып, аңы мол өңірге сапар шегеді. Жолы болғандар олжаның дәмін татып, әңгіме-дүкен құрады.
  6. Шарғы деген не?
    Ұзатылған қыз өзінен кейінгі сіңлісіне басындағы орамалын береді. Мағынасы — «Ендігі кезек сенікі».

ІІ. Күміс қақпа — «Балбал бүккен сыр»

Қазақ тілі — сөздік қоры бай, бейнелі әрі бедерлі тіл. Ұлттық ойлау ерекшелігіміз дүниені көркем образбен қабылдауға негізделген. Абайдың «Өткірдің жүзі, кестенің бізі, өрнегін сендей сала алмас» дегені де — тілдің осы қастерлі қуаты.

Бұл кезеңде тұрақты сөз тіркестерінің мағынасын табу ұсынылады (мысалы: «ит арқасы қиянда» — алыста).

Күміс қақпа тапсырмалары (баламасын атаңыз)

  • Асығы алшысынан түсті — жолы болды.
  • Төбесі көкке жетті — қатты қуанды.
  • Екі көзі төрт болды — ұзақ күтті.
  • Жүрегі зу етті — қорықты.
  • Тонның ішкі бауындай — жақын, тату.
  • Қолтығына су бүрку — қолпаштау, мақтап-мадақтау, айдап салу.
  • Жерден жеті қоян тапқандай болу — қатты қуану.
  • Жанын шүберекке түю — қорқу.
  • Тайға таңба басқандай — анық.
  • Аузына құм құйылу — сөзден жеңілу.
  • Қой аузынан шөп алмау — момын.
  • Таяқ тастам жер — жақын жер.
  • Бет-ауызына бес ит тойғандай — нас, лас, кір.
  • Екі езуі құлағында — қатты қуану.
  • Иығынан су кетті — жолы болмау.
  • Қас пен көздің арасында — тез арада, жылдам.
  • Ат шаптырым жер — алыс жер.
  • Қабағынан қар жауғандай — ашулы.

ІІІ. Алтын қақпа — «Ескірмейтін есті сөз»

Жас ұрпақтың ұлттық дүниетанымын қалыптастыруда ырым-тыйымдардың орны ерекше. Бұл — халықтық этнопедагогиканың ірі бір саласы. Мұндай ұстанымдар кейде ұзақ жылдық тәжірибеден туған танымға, кейде қарапайым әдеп ережелеріне сүйенеді.

Мысалдар: құмырсқаның илеуін бұзба, суға түкірме, көктi жұлма, ысырапшылдыққа жол берме. Төмендегі нақылдарды сайыскерлер түсіндіріп береді.

Алтын қақпа сұрақтары (түсіндіріңіз)

  1. Аққуды атпайды — киесі ұрады; аққу киелі құс.
  2. Жолаушыға «қайда барасың?» деп сұрамайды — жолы байланады дейді; «Жол болсын» деп тілейді.
  3. Балаға құйымшақ жегізбейді — ұшқалақ, сабырсыз болады деп ырымдайды.
  4. «Әлдеқайда біреу қайтыс болыпты» деп жаңсақ айтса — ұзақ өмір сүреді деп жориды.
  5. Ауылға атпен шауып келмейді — мұндайда қаралы хабар не жаугершілік белгісі болуы мүмкін.
  6. Жақын адамға мысық, ит, пышақ немесе қару сыйламайды — араздық туады деп сенген.
  7. Аң-құс балалағанда аңға шықпайды — табиғатты аялау, обалына қалмау.
  8. Суы не тамағы бар ыдыстың бетін ашық қалдырмайды — тазалық үшін; сондай-ақ жамандықтан сақтайды деп ұққан.
  9. Жас балаға, қызға кәрі жілік ұстатпайды — «ер бала бойдақ қалады, қыз оң босағада отырып қалады» деп ырымдаған.
  10. Ымырт түсе үй тазалама, қоқыс шығарма — «үйдің ырысы кетеді» дейді.

ІV. Алтын сандық — «Көне кебеже»

Ғасырлар бойы сұрыпталып, салмақтанған асыл сөз — мақал-мәтелдер. Бұл кезеңде «көне кебежеде» сақталған сөз қазынасы арқылы берілген тірек сөздерді қатыстырып мақал құрау, әрі оның дұрыс нұсқасын табу ұсынылады.

Тірек сөздер

  • Шың
  • Тау
  • Төбе
  • Құз
  • Тәуекел

Жауабы

Тәуекел тау жығады.

Мағынасы: батыл қадам мен табандылық үлкен кедергіні де еңсеруге жеткізеді.

Қақпаға апаратын кіріспе сұрақтар

Әр қақпаға жету үшін қатысушылар төмендегі тапсырмаларға жауап береді.

1) Сонар деген не?

Қыста алғаш қар түскен күні аң ізі тайға таңба басқандай анық көрінеді. Аңшылар бұл күні аңға шығып, ізге түседі.

2) Бастаңғы деген не?

Үйдің үлкендері жолға кеткенде ауыл жастары сол үйге жиналып, «жолаушылардың жолы жеңіл, басы ауырмасын» деген ниетпен бас қосып ойын-сауық ұйымдастырады.

3) Иткөйлек деген не?

Нәресте қырқынан шыққанда, сәбидің көйлегіне тәтті түйіп, иттің мойнына байлап жібереді. Балалар итті қуып жетіп, мойнындағы көйлекті шешіп алып, тәттіні бөліседі.

4) Ерулік деген не?

Жаңа қоныс аударып келген көршіні бұрыннан тұратындар қонаққа шақырып, ерулік береді.

5) Сүйінші деген не?

Қуанышты хабар жеткізуші адам «Сүйінші!» деп келеді. Қуанышты үй иесі риза көңілмен сый-сияпат жасап, «Қалағаныңды ал» деп құрмет көрсетеді. Бұл — қуаныш пен ризалықтың белгісі.

6) Енші деген не?

Бала ер жетіп, жеке отау болғанда ата-анасы дүние-мүлік, мал беріп, енші бөліп шығарады.