Құпия сыйлық жаттығуы

Тақырыбы

Алғыс айту — парызым

Мақсаты

  • Алғыс айту туралы түсінік беру.
  • Үлкен мен кішінің өзара сүйіспеншілігін, сыпайы қарым-қатынасын дамыту.
  • Әдептілікке, кішіпейілділікке, ізгілікке тәрбиелеу.
  • Педагогтар арасындағы қарым-қатынасты нығайту, жағымсыз көңіл-күйден арылу, күш-қуат жинауға ықпал ету.
  • Өзін-өзі тануға, құрметтеуге және өзін еркін сезінуге көмектесу.

Қажетті құралдар

жүрекше карточкалар жаттығу парақтары майшам магнитофон түрлі-түсті қағаз желім қайшы

Кіріспе

Құрметті педагогтар, өз қызметіңізді алаңсыз әрі нәтижелі жүргізу үшін ұшқыр ой, алғыр зейін, ашық көз, ояу көкірек қажет екені даусыз. Сергек қимылмен, ширақ оймен, сезімтал жүрекпен адал еңбек ететін әріптестердің тәжірибесінен түйін түю — әрдайым құнды.

Бүгінгі тренингтің мақсаты — айналамыздағы адамдарға алғыс білдіру мәдениетін күшейту, сыпайы қарым-қатынасты дамыту, жақсы көңіл-күй сыйлау, өзара құрметті арттыру және әр қатысушының өзін еркін сезінуіне жағдай жасау.

Осы ниетпен сіздерге сәттілік тілей отырып, тренингімізді бастаймыз.

Тренинг жоспары

  1. 1) Сәлемдесу

    Педагогтар шеңберге тұрады. «Бір күнгі танысыңа қырық күн сәлем» дегендей, бүгін дәстүрден тыс амандасу түрлерін қолданамыз.

    • 1-нұсқа: алақанның ішін және сыртын тигізіп, бір-бірімізге күлімсірей қараймыз.
    • 2-нұсқа: маңдайды түйістіріп амандасамыз.
    • 3-нұсқа: оң және сол жақ иықты тигізіп сәлемдесеміз.

    Сәлемдесу кезінде қандай әсерде болдыңыздар?

  2. 2) «Құнды қасиеттерді жинау» жаттығуы

    Жүргізуші бастайды: жүрекшені алып, «Мен сізге жүрекшені беремін, себебі сіз…» деп жалғастырып, жылы пікір айтады (мысалы: «қайырымды адамсыз»). Әр қатысушы жүрекшені алып, келесі адамға дәл осы үлгіде ізгі сөзін айтып береді. Барлығы өз ойын білдіріп шығуы керек.

  3. 3) Ситуациялық жағдаяттар

    Қатысушылар екі топқа бөлінеді. Әр топқа талқылауға арналған жағдаят ұсынылады.

    1-топ

    Автобуста екі қыз өзара қызу әңгімелесіп келеді. Аузында сағыз. Қастарында тұрған үлкен кісіні қағып, итеріп кетеді де, ештеңе айтпай тұра береді. Атай ашуланып: «Қандай тәрбиесіз балаларсыңдар! Үйде ата-аналарыңа да осылай жасайсыңдар ма?» — дейді. Осы жерде дау туады.

    Кім кінәлі? Сіздер қалай ойлайсыздар?

    2-топ

    Сіз жұмысқа қатты асығып келесіз. Баспалдақпен көтеріліп келе жатып, алдыңыздағы 2–3 баланы қағып кетесіз де, түк болмағандай жүріп кетесіз. Балалардан кешірім де сұрамайсыз.

    Бала сіз туралы не ойлайды? Не істеу керек?

  4. 4) «Құпия сыйлық» жаттығуы

    Қатысушыларға түрлі-түсті қағаз, желім, қайшы және басқа да құралдар таратылады. Әрқайсысы өз қалауымен сыйлық жасайды, бірақ кімге арнайтыны алдын ала айтылмайды. Соңында артына цифр жазылған гүл күлтелері үлестіріледі: 1-нөмір иесі 2-нөмірге, 2-нөмір 3-нөмірге… осылай жалғаса береді. Сыйлық иесі анықталған соң, қатысушылар ізгі тілектерін айтып, жасаған сыйлығын ұсынады.

  5. 5) «Ортадағы қалам» жаттығуы

    Барлық педагогтың қаламдары жиналады. Көзді жұмып, бір қалам кездейсоқ таңдалады. Қалам иесі ортаға шақырылып, қобдишадан тапсырма алады.

    Тапсырмалар үлгісі

    • 1-тапсырма: Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін айту.
    • 2-тапсырма: соңғы кезде теледидардан көріп жүрген телесериалыңыздағы сүйікті кейіпкерді сомдау.

    Ойын осы тәртіппен жалғасады.

  6. 6) «Қай жұп күшті?» жаттығуы

    Әр қатысушы өзіне серік таңдайды. Жұптар шарды алып, көңілді музыка ырғағымен билейді де, шарды жарады. Шардың ішінен алғыс сөзі мен жақсы тілектер жазылған қағаз шығады — оны дауыстап оқиды. Кейін әр жұп белгіленген уақыт ішінде белгіленген орынға дейін бір-бірін құшақтап, шарды бірге жарып жетуге тырысады.

  7. 7) «Ну ормандағы жаңбыр» релаксациялық жаттығуы

    Мақсаты: иық пен мойын омыртқалары аймағындағы бұлшықет ширығуын сезіну арқылы босату, босаңсуға көмектесу.

    Жүргізушінің нұсқаулығы

    Бір-біріңізге жақынырақ тұрыңыздар. Өздеріңізді ну орманда жүргендей елестетіңіздер: ауа райы алдымен керемет, күн ашық, ыстық әрі қапырық. Енді аздап жел соқты — алдыңыздағы адамның арқасына алақаныңызбен жеңіл қимылдар жасаңыз. Жел күшейген сайын қимыл да жылдамдайды. Дауыл басталды — қозғалыстарды айналдыра, күштірек жасаңыз. Енді ақ жауын жауды — жұбыңыздың арқасын жеңіл қағыңыз. Нөсер басталды — саусақтармен қимыл жасап, алақанмен жоғары-төмен жүргізіңіз. Нөсер үдей түсті — барлық саусақпен қарқынды қағыңыз. Біртіндеп бәрі басылады: жаңбыр саябырлайды, жел тоқтайды, табиғат тынышталады. Қайтадан күн шықты.

    Талдау сұрақтары

    • Массаждан кейін өзіңізді қалай сезіндіңіз?
    • Жағымды әсер болды ма, әлде тек әрекеттерді орындаумен шектелдіңіз бе?
    • Өз сезім-күйіңізбен бөлісіңіз.
  8. 8) «Теңізге саяхат» релаксациялық жаттығуы

    Бұл медитативтік техника денедегі қысымды түсіруге бағытталған және әуенмен орындалады.

    Жүргізушінің мәтіні

    Жайланып отырыңыз, көзіңізді жұмыңыз. Терең тыныстаңыз. Денеңізді бос ұстаңыз: денеңіз ауырлап бара жатқандай, теңіз толқынының лебі баяу тербеп тұрғандай сезініңіз. Өзіңізді жартастың үстінде тұрмын деп елестетіңіз. Алдыңызда көгілдір теңіз, ашық аспан және күн. Теңіз байсалды тыныстайды: асау толқындар жағаға соғылып, қайтадан кейін шегінеді. Толқындардың шуын тыңдап, жағалаудың тұзды ауасын жұтып тұрсыз. Бір сәтке болсын бойыңыздағы ауыртпалық сейілгендей. Жаныңыз жайлылыққа толады.

    Енді төмен түсіп, аяқ киіміңізді шешіңіз. Жалаң аяқ құмның жылуын, жұмсақтығын сезініңіз. Су жанына келдіңіз: толқындар аяғыңызды жуып жатыр. Су — жылы әрі нәзік. Қолдарыңызды бос жіберіп, басыңызды шалқайтыңыз. Күн сәулесі мен жеңіл самал бетіңізді сипайды. Ерніңізде теңіздің тұзды дәмі, көңіліңізде тыныш күлкі. Өзіңізді кішкентай баладай сезініп, жүгіргіңіз, секіргіңіз, ойнағыңыз келеді. Осы бірнеше минутта өзіңізге не керек болса, соны істеуге рұқсат беріңіз.

    Енді қайтатын уақыт келді. Сіз тағы да жардың басында тұрсыз. Демалыс пен бақыт сыйлаған осы ғажайып әлемге алғысыңызды айтыңыз. Көздеріңізді асықпай ашыңыз.

    Қандай күйде болдыңыз? Не сезіндіңіз?

  9. 9) Қорытынды — «Майшам» жаттығуы

    Жүргізуші майшамды жағады. Қатысушылар шеңбер бойынша майшамды бір-біріне ұсынып, бүгінгі бірлескен жұмыс үшін жылы сөз, алғыс немесе жақсы тілек айтады.

    Майшам — жарықтың белгісі. Сондықтан да алдарыңыз ашық, күндеріңіз жарқын болсын деген тілекпен тренингімізді аяқтаймыз. Рахмет!

Автор туралы

Мекеме: Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласы, №18 «Мереке» балабақшасы

Лауазымы: психолог

Автор: Дыбысбаева Толғанай Жеңісқызы

Алғыс айту күніне арналған сабақтар топтамасынан.