Үйге тапсырма Идеал тапсырма стратегиясы

Пәннің аты

Қазақ тілі

Мұғалім

Дюсегалиева Аккенже Габбасовна

І санатты, Екінші (негізгі) деңгей бағдарламасы бойынша сертификатталған

Алғы сөз

Қазақ тілі пәнін оқытудың басты мақсаты — 2–4 сынып оқушыларын оқуға, сауатты жазуға үйрету, негізгі тілдік ұғымдармен таныстыру және өз ойы мен пікірін еркін жеткізе алатын дара тұлға тәрбиелеу.

Әрбір тарау немесе сабақ соңында оқушылардың алған білімін бекіту үшін ашық сабақ ұйымдастырылып, жабық экспресс-тест арқылы білімдері пысықталады.

Ұсынылып отырған сабақ үлгісі оқушылардың білімін тереңдетуге, ойлау белсенділігін арттыруға, ауызша және жазбаша жүйелі сөйлеуін дамытуға, топта жұмыс жасауға дағдыландыруға, өз ойын ашық айтуға және алған білімін тәжірибеде қолдануға бағытталған.

Сабақ туралы мәлімет

Қысқа жоспар және мақсат-міндеттер

Сабақтың тақырыбы

«Ю» әрпінің жазылуы

Әдіс-тәсілдер

  • Сөздік
  • Көрнекілік
  • Тест
  • Баяндау
  • Жаттығу

Көрнекіліктер

Тест, сөзжұмбақ, сызба, оқулық

Күтілетін нәтиже

Оқушылар «ю» әрпінің жазылуы мен айтылуын дұрыс қолданады, дыбыстық талдауды қатесіз орындайды, сөздік қоры байып, сауаттылығы мен каллиграфиясы жақсарады. Ұқыптылыққа, тазалыққа тәрбиеленеді.

Сабақ мақсаттары

  • «Ю» әрпінің дұрыс жазылуы мен айтылу ережелерін қайталау және сөйлем ішінде дұрыс жазуға үйрету.
  • Дыбыстық талдауды қате жібермей орындауға дағдыландыру.
  • Сөздік қорды толықтыру, сауаттылықты нығайту, каллиграфияны жақсарту.
  • Ұқыптылыққа және тазалыққа тәрбиелеу.

Сабақ барысы

Психологиялық ахуал

Оқушылардың пәнге деген сүйіспеншілігін арттыру мақсатында төмендегі шумақ айтылады. Оқушылар шеңберге жиналып, мұғаліммен бірге бүгінгі сабаққа сәттілік тілейді.

Қазақ тілі — бал тілім,

Өзің барда шалқимын.

Тілімнен нәр табармын,

Тіліме кім тағар мін?

Қызығушылықты ояту

1) Топ ережесі және топқа бөліну

Сынып топ ережесімен танысады. Берілген оюдың түстері бойынша үш топқа бөлініп отырады. Сабақ барысында топпен Астана қаласына «саяхат» жасайтыны ескертіледі.

2) Үй жұмысын тексеру

Әр топ басшысы өз тобындағы оқушылардың дәптерлерін тексеріп, қысқаша қорытынды жасайды.

Дыбыстар мен әріптерге қатысты 10 сұрақтан тұратын тест беріледі. Уақыт аяқталған соң дұрыс жауаптар ұсынылып, оқушылар өзін-өзі тексереді.

2–3 оқушы үй тапсырмасындағы жаттығуды оқиды, қалғандары тексереді.

3) «Тақырыптық теннис» (өткенді қайталау)

Өткен тақырып кесте арқылы қайталанады. Жаңа тақырыпқа шығу үшін жұмбақ шешіледі және сұрақтар арқылы ой қозғау жүргізіледі.

  • Сөзде йа дыбыстары естілгенмен, жазуда олардың орнына не жазылады?
  • Сөзде йу дыбыстары естілгенмен, жазуда олардың орнына қай әріп жазылады?
  • Сөздегі и әрпінен кейін а жазылмайды. Оның орнына қай әріп жазылады?

Мағынаны тану (білімді меңгерту)

Сызбамен жұмыс жүргізіледі: Я = й + а, Ю = й + у. Жазуда я, ю әріптері жазылады, айтылуда йа, йу дыбыстары естіледі.

Сұрақтар мен жұмыс түрлері:

  • «Я», «Ю» дыбыстары естілетін сөздер айтыңдар. Бұл дыбыстар сөздің қай жерінде кездеседі?
  • Сурет бойынша екі суреттің атауына ортақ әріпті анықтаңдар.
  • «Автор орындығы»: бір оқушы сурет бойынша сұрақтарға жауап береді, әр топтан бір оқушы сұрақ қояды.

Оқулықпен жұмыс: 72-жаттығу

1-топ

Өтірік өлеңді көшіріп жазады. Қарамен жазылған сөздің астын сызады.

2-топ

Мәтіндегі «ю» әрпінің қандай дыбыстардан құралатынын түсіндіреді.

3-топ

Өлең авторы туралы қысқаша мәлімет береді.

Сергіту сәті

Кел, балалар, күлейік!

Күлкіменен түлейік!

Қабақ түйген не керек?

Көңілді болып жүрейік.

Кел, балалар, күлейік!

Күлкіменен түлейік!

Күлкі көңіл ашады,

Күліп өмір сүрейік!

Ой толғаныс (бекіту және өзіндік жұмыс)

Алғашқы бекіту: 73-жаттығу

Өлеңді оқып, жатқа жазу. «Ю» әрпінің астын сызып, оның қандай дыбыстардың орнына жұмсалғанын түсіндіру.

Өзіндік жұмыс: 74-жаттығу

Сөздерге у дыбысы қосылғанда қалай жазылатынын түсіндіру және солай өзгертіп жазу.

Қосымша тапсырмалар

  • Ребусты шешу. Сол сөзге байланысты үш топ сөйлем құрастырып, талдау жасайды.
  • Шығармашылық жұмыс: көп нүктенің орнына у немесе ю әрпін қойып жазу (еңкею, түсіру, жию, бастау).

Қорытындылау

Сабақ соңында төмендегі сұрақтар арқылы қорытынды жасалады:

  • Біз бүгін қандай дыбыстар туралы өттік?
  • «Я», «Ю» қандай дыбыстардан құралған?
  • Дыбыстық талдауды қалай жасаймыз?

Үй тапсырмасы

«Идеал тапсырма» стратегиясы (шығармашылық ізденіс)

  • Көп нүктенің орнына йу немесе ю әріптерін қойып, сөздерді көшіріп жазу.
  • Неліктен сол әріпті таңдағаныңды дәлелдеу.
  • «Ю» әрпі кездесетін сөздер жазып, суретін салу.

Күнделікке: 75-жаттығу.

Бағалау

Оқыту үшін бағалау және оқуды бағалау жүзеге асырылады. Әр оқушыға бағалау парағы таратылып, әр тапсырма бойынша өз бағасын қойып отырады. Сабақ соңында топ басшысы қорытынды жасап, бағалау парақтары толтырылады.

Кері байланыс және рефлексия

Оқушылар смайликтерді өз қалауы бойынша таңдап жапсырады. Рефлексия арқылы олар алған білімін, орындаған тапсырмаларын саралап, пікір айтуға дағдыланады және ойын ортаға салады.

Нәтиже

Астана қаласына «саяхат» формасында ұйымдастырылған сабақ қызықты өтті. Нәтижесінде оқушылар өзін-өзі реттеуге, жүйелі сөйлеуге, ойын ашық жеткізуге және талдау жасауға үйренеді. Сабақтың мағыналылығы мен көңіл күйіне байланысты өз эмоцияларын білдіріп отырады.