Жаңаөзенде Р. Өтесіновтің бюсті және 1 скважина монументі ашылды
28 қараша күні Жаңаөзен қаласында маңызды қоғамдық-тарихи оқиға өтті: Р. Өтесінов атындағы спорт кешені жанынан белгілі мұнайшы, қаламгер-жазушы, Өзен мұнай-газ өндіру басқармасының алғашқы басшысы Рахмет Өтесінұлы Өтесіновтің бюсті ашылды. Іс-шара 1 желтоқсан — Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай, сондай-ақ «Өзенмұнайгаз» АҚ-ның 50 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылды.
Салтанатты шараға қатысқандар
Мақсат Ибағаров
«Өзенмұнайгаз» АҚ бас директоры
Серікбай Трұмов
Жаңаөзен қаласының әкімі
Қайырбек Елеусінов
«ҚазМұнайГаз» БӨ АҚ бас директорының бірінші орынбасары
С. Қарабалина және балалары
Р. Өтесіновтің отбасы
Сонымен қатар, шараға мұнай саласының ардагерлері мен жаңаөзендік жұртшылық кеңінен қатысты.
Рахмет Өтесінұлының еңбегі
Рахмет Өтесінұлы 1964–1970 жылдары Өзен мұнай-газ өндіру басқармасының алғашқы басшысы болды. Мұнай саласында шыңдалған білікті маман ретінде ол жаңадан ашылған Өзен кен орнының игерілуіне, қалыптасуына өлшеусіз үлес қосты. Ештеңе жоқ иен далада алып кен орнын игеру және жаңа қала тұрғызу — Рахмет Өтесінұлы секілді азаматтардың ғана қолынан келетін ауқымды іс.
«Біз осындай ел ардақтасын мақтан тұтуды әрі ардақтауды өзіміздің борышымыз санаймыз. Болашақ ұрпақ жадында сақталсын деген ниетпен спорт кешенінің жанынан Р. Өтесіновтің бюстін орнатуды көздедік. Баршаңызға мереке құтты болсын», — деді өз сөзінде «Өзенмұнайгаз» АҚ бас директоры Мақсат Ибағаров.
№1 скважина монументі жаңғыртылды
Осы күні Өзен кен орнында алғашқы мұнай бұрқағы алынған №1 скважина монументі де салтанатты түрде ашылды. Монумент «Өзенмұнайгаз» АҚ-ның 50 жылдық мерейтойына орай қайта жаңғыртылып, жаңа кейіпке енді.
Тарихи мәні
-
1961 жылы Өзен кен орнынан алғашқы мұнай бұрқағы алынғаны туралы хабар сол кезеңдегі кеңестік республикалар үшін ең ірі жаңалықтардың бірі болды.
-
Өзен кен орны мұнай қорының молдығымен және құрамының байлығымен ерекшеленеді; мұндай құбылыс әлемде сирек кездеседі.
-
№1 скважинадан атқылаған алғашқы мұнай тамшысы Жаңаөзеннің болашақ тағдырын айқындап, Маңғыстаудың индустриялық өміріндегі жаңа дәуірдің бастауы болды.
«Мен дәл осы — алғашқы мұнай тамшысы жарыққа шыққан жерді киелі деп есептеймін. Мұны бүгінгі жас буынның, болашақ ұрпақтың ұмытуға қақысы жоқ. Қайта жаңғыртылып, іске қосылған бұл монумент Өзеннің өткен өмірінің тірі куәгері болып қала береді», — деді салтанатты шараға қатысқан ел ағасы Нұрлыхан Бекбосынов.
Марапаттау рәсімі
Шара барысында «Өзенмұнайгаз» АҚ-ның 50 жылдық мерейтойына орай бірқатар мұнай саласының ардагерлері мерекелік төсбелгілермен марапатталды.