Тігін машина түрлерін анықтау
Сабақ тақырыбы
Тігін машинасының шығу тарихы. Тігін машинасының түрлерін анықтау. Тігін машинасының құрылысы.
Сабақтың жалпы мақсаты
Машинатану негіздерін меңгерту, тігін машинасының шығу тарихымен және жаңа, озық технология жетістіктерімен таныстыру.
Міндеттері
- Дамытушылық: тақырыпты өткен сабақтармен байланыстырып, оқушылардың білімін бекіту.
- Білімділік: логикалық ойлау қабілетін дамыту, көргенін есте сақтап, қайта жаңғыртуға үйрету.
- Тәрбиелік: әсемдікке, ұқыптылыққа, еңбексүйгіштікке баулу.
Көрнекілік және құрал-жабдықтар
Көрнекілігі
Тігін машинасы, интерактивті тақта, компьютер, өздік тапсырмалар, презентация, бейнеролик.
Құрал-жабдықтар
Мата, қайшы, ине.
Әдіс-тәсілдер
Баяндау, түсіндіру, көрсету.
Сабақтың барысы
- 1. Ұйымдастыру кезеңі: оқушыларды түгендеу; жұмыс киімін кию.
- 2. Өткен тақырыптарға шолу: оқушы білімін пысықтау.
- 3. Кіріспе бөлім: жаңа тақырып, презентация, бейнебаян.
- 4. Негізгі бөлім: өздік жұмыс, тақырып мазмұнын ашу.
- 5. Сергіту сәті: жарнама, «Ойлан, тап» ойыны.
- 6. Бекіту бөлімі: сұрақ-жауап, VIP test, сергіту сәті.
- 7. Қорытынды бөлім: пікірлер, бағалау, үй тапсырмасы.
I. Өткен тақырыпты пысықтау (сұрақтар)
- Қол тігістерін орындау барысында қандай қауіпсіздік ережелерін сақтаймыз?
- Қол тігістеріне қандай құралдар қолданамыз?
- Кесте дегеніміз не?
- Кестені қалай орындайды?
- Кестелі бұйымдарға нелер жатады?
- Өздерің кестенің қандай түрлерін орындай аласыңдар?
- Көктеу және қайыра көктеу тігістері қай кезде қолданылады?
- Қадау тігістерін қандай кезде қолданамыз?
II. Жаңа тақырып: тігін машинасының шығу тарихы
Тігін машинасының жобасын алғаш рет XV ғасырда Леонардо да Винчи ұсынған. 1755 жылы Карл Вайзенталь қол тігісін жүргізетін машина ойлап тапты. 1808 жылы Д. Пири бір жіпті тез тарқатылатын машина жасап шығарды. 1834 жылы Уолтер Хант шөлнекті (шпулькалы) машина құрастырды. Алайда бұл үлгілердің кемшілігі — астыңғы жіпті реттегіштің болмауы еді.
1844–1845 жылдары америкалық инженер Элиос Хант Уолтер Хант ұсынған принципті негізге алып, бірқалыпты жұмыс істейтін тігін машинасын жасады. Сол себепті Элиос Хантты кейде «тігін машинасының атасы» деп те атайды.
1850–1851 жылдары америкалық Ален Уилсон мен Исаак Зингер қазіргі заманғы тігін машиналарының негізін қалаған үлгілерді дамытты. 1870 жылдан бастап АҚШ-та «Singer» фирмасы кеңінен танылды. 1900 жылы Ресейдің Подольск қаласында «Singer» зауыты ашылып, осы кезеңнен бастап машиналардың сыртқы дизайны әшекейленіп, фирмалық белгісі жазылатын болды.
Неліктен машинамен тігу тиімді?
- Тігіс қол тігісіне қарағанда әлдеқайда жылдам орындалады.
- Тігіс сапалы, біркелкі, түзу әрі берік болады.
- Бұйымның көрінісі сәнді әрі ұқыпты шығады.
Тігін машинасының жетектері
Қол машинасы, аяқ машинасы және электр машинасы.
Конструкциясы бойынша
Тұғыры бар қақпақты, сандыққапты, стол-шкафты, жазылмалы столы бар машиналар.
Тігін машиналарының кластары
- 2М класы: тек тура тігіс жүргізеді.
- 132 класы: тура және бір/екі жіпті инемен ирек тігіс жүргізеді.
- 142 класы: тура немесе ирек тігіс жүргізеді, өрнек салады және арнайы тігістерді орындайды.
III. Негізгі бөлім: өздік жұмыс
Топқа бөлу
Оқушыларға жеке жұмыс парағы беріледі. Парақтың бұрышына жұлдызша немесе ай белгісі жапсырылады. Осы белгілер бойынша оқушылар екі топқа бөлінеді.
Тапсырма
- Тігін машинасының негізгі бөліктерін тауып, атауларын жазу.
- Тігін машинасымен танысу және оны сабақтау (жіпті өткізу).
| Реті | Жұмыс барысы | Машина бөлігі |
|---|---|---|
| 1 | Жіпті өзекке қой. | Жіп қоятын өзек |
| 2 | Жіпті жіпреттегіштен өткіз. | Жіпреттегіш |
| 3 | Жіпті жіптартқыштан өткіз. | Жіптартқыш |
| 4 | Жіпті ілгек сымнан өткіз. | Ілгешек сым |
| 5 | Жіпті инеден өткіз. | Ине |
| 6 | Дөңгелекті алға бұрап, астыңғы жіпті іліп ал. | Айналма дөңгелек |
Пайдалы кеңестер
- Ине сақтайтын қораптың түбіне магнит салып қойсаңыз, инелер шашылмайды.
- Ине тот баспау үшін ұшын сабынға аздап батырып қойыңыз.
- Үтіктің табанына синтетикалық талшықтар жабысып қалса, оны ацетонмен сүртіңіз.
- Киім тіккенде жіпті бұйым түсінен сәл күреңдеу таңдаңыз: катушкадағы жіп өз түсінен күңгірт көрінуі мүмкін.
- Қалың матаны тігу жеңілірек болуы үшін инеге аздап сабын жағыңыз.
IV. Бекіту бөлімі (сұрақтар)
- Тігін машинасының қандай жетектері бар?
- Тігін машинасын алғаш рет кім және қай ғасырда ұсынды?
- Шөлнекті тігін машинасын кім жасады? Қай жылы?
- Машинаның қозғалмалы бөліктері қандай?
- Тігін жұмысы кезіндегі қауіпсіздік ережелерін атаңыз.
- Заманауи тігін машиналарының артықшылығы неде?
Сергіту сәті
«Қыз еркем — кестесімен көркем» (өлең)
Қыз сұлу көрінеді қылығымен,
Жарыла төгілген қос бұрымымен.
Бұл күнде сұлулықтың үлкені осы,
Қыз сұлу көрінеді білімімен.
Қыз сұлу көрінеді шашыменен,
Ай қабақ, қиғаш қара қасыменен.
Қыз сұлу көрінеді толған айдай,
Қыз сұлу көрінеді өрнегімен,
Тізіліп сөз маржанын тергенімен.
Майысып, бұратылып, майда басып,
Жаныңа наз қылықпен келгенімен.
Дарытқан бар асылды өз елінен,
Қыз сұлу көрінеді өнерімен.
Құлпырады мектебімнің арулары,
Өткендей сұлулықтың елегінен!
Жарнама
Сіздер білесіздер ме, шебер қыздар? Қаламыздағы «Технодом», «Жайна» сияқты сауда орталықтарында сіздерге арналған заманауи тігін машиналары сатылады. Бұл машиналар электржетекті, әрі басқарылуы өте қарапайым. Бәлкім, бұл сіздің алғашқы машинаңыз болар?
Пікір жазу және бағалау
Оқушы пікірлері
Оқушылар жұмыс парағындағы арнайы бағанға сабақ туралы өз ой-пікірін жазады.
| Күні | |
| Аты-жөні | |
| Сыныбы | |
| Сабақтың тақырыбы | |
| Жаңа білім | |
| Қауіпсіздік ережелері | |
| Өзіндік жұмыс | |
| Сабақ сізге ұнады ма? | |
| Пікір |
Бағалау
Сабақ барысында оқушының жұмыс парағына үш түсті қағаз жапсырылады:
- Қызыл — өте жақсы.
- Жасыл — жақсы.
- Сары — қанағаттанарлық.
Үй тапсырмасы
- Тігін машинасында жұмыс кезіндегі қауіпсіздік және жұмыс ережелерін дәптерге жазу.
- «Тігін машинасы» тақырыбы бойынша қосымша мәліметтер жинақтау.