Бесікті аластау

Сабақтың тақырыбы: «Бесік жыры»

Қазақ халқы ұрпақ тәрбиесіне айрықша мән берген. «Тәрбие ағаш бесіктен бастап жер бесікке дейін» деген ұғым — соның айғағы. Бесік жыры мен бесікке салу дәстүрі — баланың амандығы мен елдің жалғасын тілеген терең тәрбиелік мектеп.

Сабақтың мақсаты

Ұрпақ тәрбиесінде ата-бабамыз ұстанған жолды таныту, көп балалы болуды бақыт санаған дүниетанымды және баланың отбасындағы орнының жоғары бағаланғанын көрсету.

Бала тәрбиесіне қатысты салт-дәстүрлерді үйрету және жаңа ғасырдың мұрагерлерін ұлттық құндылық рухында тәрбиелеу.

Көрнекілік

  • Мақал-мәтелдер
  • Нақыл сөздер
  • Сызбалар
  • Суреттер

Сабақтың кезеңдері

  1. Ұйымдастыру кезеңі
  2. Мұғалімнің кіріспе сөзі
  3. «Бала — үйдің мерекесі»: рәсімдер
  4. Сәбилік салт жырлар
  5. Сұрақ-жауап және тыйым сөздер
  6. Қорытынды

Кіріспе: ұрпақ — ғұмыр жалғасы

Қай халық болсын, үмітін ең алдымен ұрпағынан күтеді. Жанған отын өшірмей, түтінін түтететін — артында қалған ұрпақ. Қазақ ұғымында бала — адамның бауыр еті; балалы болу бақыты ешбір байлыққа да, мансапқа да айырбасталмаған.

Ұл баланың дүниеге келуін «Ұл туғанға күн туар» деп қуаныш санаған, оны шаңырақтың иесі деп білген. Ал қыз баланы «дүниенің тұздығы, бастауы» деп бағалаған.

Негізгі ой: тәрбие баланың дүниеге келуімен ғана емес, ана құрсағындағы кезеңнен басталады.

Бала — үйдің мерекесі: салт-дәстүрлер

Шілдехана

Шілдехана — сәби дүниеге келген күні, кейде бір күннен соң өткізілетін қуаныш. Жастар мен әйелдер жиналып, ән айтып, көңіл көтереді. Кетерінде «Сәбидің бауы берік болсын!» деп ақ тілегін айтып тарасады.

Ән: «Шілдехана»

Бесік тойы

Келесі той — бесік тойы. Әдетте сәбидің кіндігі түскен соң, жеті-сегіз күннен кейін жасалады. Бұл жолы көбіне жасы үлкен әйелдер мен әжелер жиналып, нәрестені бесікке бөлейді.

«Ел боламын десең, бесігіңді түзе» — бесіктің ұлттық тәрбиедегі орнын айқындайтын ұлағат.

Бесік — көшпелі ғұмыр кешкен бабаларымыздан қалған қасиетті мұра, ата мүлік. Ол — ұлттық өнердің туындысы, салтымыздың жұрнағы, тәрбиенің өміршең құралы.

«Бесікке салынған бала бес түлейді» деген мәтел бар. Мұндағы ұғым — бесік көрген бала дені сау, салмақты, шыдамды, бауырмал, батыл болып өседі деген сенім.

Бесіктің материалы

Ең қарапайым түрі қайың, тал секілді жеңіл әрі иілгіш ағаштан жасалады.

Бесіктің құрамы (15 бөлік)

  • 1 бел ағаш
  • 2 бөген
  • 4 жақтау
  • 4 шабақ
  • 2 сабау
  • 2 жорға

Халық түсінігінде бесікті дұрыс пайдаланып, баланы дұрыс бөлеген үйде сәби дені сау болып, тәрбиесі түзу қалыптасады. Сондықтан бесікке бөлеудің мәні ерекше.

Сәбилік салт жырлар

Салт жырлары — қуаныш пен тілек, ырым мен сенім астасқан тәрбиелік мұра. Төмендегі жолдар — сол дәстүрлі үлгілердің көрінісі.

1-оқушы: Бала туғанда

Қуанып жан жүрегім қақ жарылып,

Қасірет басымдағы қалды арылып.

Ұл көріп, ұлы дүбір той жасаймын,

Атқан соң маңдайымнан таң жарылып.

2-оқушы: Баланы майлап сылағанда

Тәу, тәу, тәу, сыламақ менен,

Қатып қалмақ сенен.

Менің қолым емес,

Бибі Фатима, Бибі Зухра қолы.

Ұмай ана, Бибі Қамбар ана қолы!

Тастай қыл, темірдей қыл,

Дерт үйге кірмесін,

Балаға тіл-көз тимесін.

Бесік жабдықтары және күтім

Қажетті жабдықтар

  • жөргек
  • жастық
  • қолбау, аяқбау
  • түбек
  • шүмек

Бесікке бөленген нәрестенің кіші дәреті шүмек арқылы, ал үлкен дәреті бесіктегі тесігі арқылы түбекке жиналады. Түбек түбіне күл салынып, жиі ауыстырылып отырған.

Шүмек әдемі етіп, көбіне қойдың асық жілігінен жасалған. Кейде ерекше аппақ болуы үшін сүтке қайнатып алған. Шүмек ұлға немесе қызға арналуына қарай екі түрлі болады.

Бесікке салу: жауапкершілік пен ырым

Сәбиді бесікке кез келген адам салмайды. Бұл міндет ел-жұртына қадірлі, сыйлы, ұрпақты бәйбіше — өнегелі әжеге жүктелген. Ол темірді отқа қыздырып, бесіктің арқалығын бірнеше жерден қариды: «жын-шайтаннан, пәле-жаладан аулақ болсын» деген ниет.

Бесіктеудің алдында көпшілікке «тыштырма» ырымы жасалып, құрт-кәмпит, бауырсақ, тәттілер үлестіріледі. Бұл — «ырыс-береке көбейсін» деген ишара.

«Сұрақты тыштырма»: дәстүрді тану

  1. Қазақтың төрт түлік малын және төлдерін ата.
  2. Қазақтың ұлттық тағамдарын ата.
  3. Қазақтың ұлттық музыкалық аспаптарын айт.
  4. Қазақтың ұлттық ойындарын ата.

Көрініс: бесікті аластау

Алас, алас, баладан алас,

Иесі келді, пәлесі көш!

Алас, алас, пәледен алас,

Көзі жаманның көзінен алас!

Тілі жаманның тілінен алас!

Қырық қабырғасынан алас!

Отыз омыртқасынан алас!

Көрініс: бесікке бөлеу

Мойнымдағы тұмарым,

Тарқамайтын құмарым.

Тағдыр берген алсын деп,

Ақ бесікке салсын деп.

Бесігіңе жата ғой,

Тәтті ұйқыға бата ғой!

Ән: «Бесік жыры»

Өлең жолдары

Қойған ерте сайлап,

Басына үкі байлап.

Жат алаңсыз жайнап,

Ақ бесікке аунап.

Өлең жолдары

Ақ бесікке сенің,

Алғаш тиді белің.

Кетпестей болып кейін,

Ұйықтатады бесік,

Жел қайықша тербеп.

Өсиет

Жігіт болып өс жылдам,

Өмірге сен керек.

Бесігің балғын, толған нұр,

Ұйықта, бөбек — жас қазақ.

Бесік жыры (үзінді)

Айыр қалпақ киісіп,

Ақырып жауға тиісіп,

Батыр болар ма екенсің?

Бармақтарың майысып,

Түрлі ою ойысып,

Шебер болар ма екенсің?

9-оқушы: бесіктен шешіп аларда

Анасы шешіп алсын,

Ұйқысы бесікте қалсын.

Балам бесіктен шықсын,

Пәлесі есіктен шықсын!

«Білімнен асар байлық жоқ»: сұрақ-жауап

Талқылау сұрақтары

  1. Ата-ана кімдер үшін өмір сүреді?
  2. Қандай балалар болады деп ойлайсың?
  3. Баланың жасына байланысты атауларын білесің бе?

Жас ерекшелік атаулары

1 жас
шақалақ, нәресте
2–3 жас
бүлдіршін
3–5 жас
балдырған
6–7 жас
сәби
8–12 жас
ойын баласы
13 жас
мүшел жас (ересек бала)

Ән: «Анашым»

Анаға құрмет — отбасылық тәрбиенің өзегі. Бесік жырының жүрегінде де — мейірім мен амандық тілегі.

Қосымша әндер: «Сұр қоян», «Ана», «Қара жорға»

10-оқушы

Ұқсайды бар тыныштық жер бетінде,

Ұйқыдағы сәбидің келбетіне.

Ояту былай тұрсын, рұқсат жоқ,

Ұйықтап жатқан ұлымды тербетуге.

11-оқушы

Қонақ күту салтымыз,

Оқып-біліп жатырмыз.

Салт-дәстүрі сақталса,

Арта берер даңқымыз.

Бесікке байланысты тыйым сөздер

  • Бесікті ашық қалдырма.
  • Бесікті бір қолмен көтерме.
  • Бесікті теппе.
  • Бос бесікті тербетпе.
  • Ұйықтап жатқан баланың бетінен сүйме.

Қорытынды: бесікті қадірлейік

Бесік — қазақ түсінігінде киелі орын. Тұңғышы жатқан бесікке немере, шөбересін бөлеген әжелер өздерін ерекше бақытты санаған. Бесікті ашық қалдырмау — халық ұғымындағы жамандықтан, үрейден сақтау ниетімен сабақтас.

Мұқағали Мақатаев айтқандай, дүниедегі ең бір тұнық тыныштық — ұйқыдағы сәбидің тыныштығы. Ендеше, осы қасиетті әрі құтты мұрамыз — сәбидің алтын ұясы болған бесікті қадірлейік, атадан мирас болған жылы ұямызды сақтай білейік.