Оқушыларға бала құқықтары жайлы декларацияның кейбір баптары туралы түсінік беру
Мақсаттары
Білімділік
- Оқушыларды кішіпейілділікке, үлкендерді сыйлауға баулу.
- Адам бойындағы жағымды қасиеттерді қалыптастырып, жағымсыз қылықтардан жиренуге үйрету.
- Бала құқықтары туралы декларацияның кейбір баптарымен таныстыру және мазмұнын көрініс арқылы түсіндіру.
- Өз құқықтарын қорғай білуге, құқықтық сауаттылыққа тәрбиелеу.
Дамытушылық
Тіл байлығын молайту, танымдық белсенділікті арттыру, ойды еркін жеткізу дағдыларын дамыту.
Тәрбиелік
Адамгершілікке, әдептілікке, сыпайылыққа тәрбиелеу; өзін-өзі басқаруға және еркіндікке машықтандыру.
Сабақтың басталуы: психологиялық дайындық
Мейірімді жүрекпен,
Ақ пейілді тілекпен
Амандасып алайық,
Бір жадырап қалайық!
Жүргізушілердің кіріспе сөзі
1-жүргізуші: Құрметті ұстаздар мен оқушылар! Бүгінгі тәрбие сағатының тақырыбы — «Әдептілік — әдемілік». Қош келдіңіздер!
2-жүргізуші: Олай болса, әдептілік деген не? Әдепті бала қандай болуы керек?
Әдептілік туралы түсінік
Оқушылардың жауабы
- Әдепті бала — мәдениетті, кішіпейіл, үлкенді сыйлайтын, қамқор.
- Үлкенді құрметтеп, мектепте де, көшеде де, қоғамдық орындарда да амандасып жүреді.
- Кішіні ізеттеп, қамқорлық жасайды.
Мақал-мәтелдер
- Әдептіліктің белгісі — иіліп сәлем бергені.
- Әдепті бала — арлы бала, әдепсіз бала — сорлы бала.
- Әдепті бала ата-анасын мақтатар, әдепсіз бала ата-анасын қақсатар.
Әдеп қайдан басталады?
Әдептілік ең алдымен сәлемдесуден басталады. Сәлем — сыйластықтың алғашқы қадамы.
Білер қазақ баласы,
Сәлем — сөздің анасы.
Алдымыздан кезіккен,
Көп танысты көреміз.
Бәріне де ізетпен,
Біздер сәлем береміз.
- «Сәлеметсіз бе, ағай!»
- «Сәлеметсіз бе, апай!»
- «Есенсіз бе, әжей!»
- «Амансыз ба, атай!»
Көріністер және құқықтық тәрбие
Тәртіп пен мінез-құлық
Тәртіпсіз, ұрыншақ мінез айналаға тыныштық бермейді. Сабақта жағымсыз қылықтарға байланысты шағын көріністер көрсетіліп, «Заң» кейіпкері бала құқығына қатысты баптарды оқып түсіндіреді.
Талқыланған жағдайлар
- Төбелесті тоқтату, зорлыққа жол бермеу.
- Біреудің затын ұрлау — құқық бұзушылық.
Оқылған баптар
5, 12 және 8, 9, 10, 11, 15-баптар (көрініс пен оқылым арқылы түсіндіріледі).
«Заң»:
Бас иетін бар адам,
Әрбір сөзі салмақты.
Қорғар бәле-жаладан,
Ата заң — бұл ардақты.
«Құқық» ұғымы
Оқушылардың анықтамасы: құқық — мемлекет қабылдаған тәртіп ережелерінің жиынтығы.
Көріністерден шыққан қорытынды
- Өктемдік, дөрекілік, күш қолдану — әдепке де, заңға да қайшы.
- Тәрбиесіздік пен еркеліктің соңы — жауапкершілікке әкеледі.
- Өнегелі болу — өзіңді де, өзгені де қорғау.
Өлеңдер арқылы әдептілікке үндеу
2-жүргізуші: «Атадан жақсы ұл туса, елінің туы болады. Атадан жаман ұл туса, елінің соры болады» — деген сөз осы тұста ой салады.
3-оқушы
Құс ұясын бұзбаймын,
Бүлдірмеймін жейдемді.
Қабырғаны сызбаймын,
Жинап қоям бөлмемді.
Бос шимайлап, шатпақтап,
Дәптерді де жыртпаймын.
Бір күн болмай саспақтап,
Киімімді құртпаймын.
4-оқушы
Апамызды сыйлайық,
Үйдің ішін жинайық.
Бұрынғыдай егесіп,
Ерегісіп тұрмайық.
Қалмау үшін керісіп,
Кел, алайық келісіп,
Атқарайық үйдегі,
Жұмысты тең бөлісіп.
5-оқушы
Кел, самаурын қайнатып,
Дастарханды жайнатып,
Отырайық бөлмеде,
Бөпемізді ойнатып.
Гүлдерді де суарып,
Еденді де жуайық.
Жұмыстан келген кезінде,
Қалсын апам қуанып.
6-оқушы
Қарсы ал ерте күн көзін,
Төсегіңді жина өзің.
Асықпай іш тамақты,
Жалама аяқ-қолды.
Пышақты ұста оң қолмен,
Шанышқыны сол қолмен.
Нанды үгітпе, қадірле,
Қабығымен бәрін же.
Саусағыңды сормағын,
Салдыр-салақ болмағын.
7-оқушы
Су құйдым да құманмен,
Қолына мен әкемнің.
Содан кейін оған мен,
Орамалды әпердім.
Көрініс: үлкенге құрмет, кішіге ізет
Талқылау сұрақтары
- Үлкен кісіге көмектесу — адамның парызы.
- Жолдан өте алмай тұрған адамға қол ұшын беру керек.
- Автобуста үлкендерге орын беру — әдептің белгісі.
8-оқушы
Кім үлкенді сыйласа,
Кім үлкенді тыңдаса,
Үлкен болған кезінде
Сыйлы болмақ өзі де.
9-оқушы
Сыйлап үлкен ағаны,
Таудай биік талабы.
Сәлем берген баланы,
Жақсы оқитын баланы,
Кім дейміз? Кім дейміз?
Әдепті екен дейміз.
Үлгілі екен дейміз.
Практика: «Жалғастыру» ойыны
Оқушылар сөйлемді жалғастырып, «болмайды» және «керек» ұстанымдарын ажыратады.
Не істеуге болмайды?
- Сабаққа кешігуге болмайды.
- Ысқыруға болмайды.
- Өзіңнен кішіні ренжітуге болмайды.
Не істеу керек?
- Үлкендерді сыйлау керек.
- Амандасуды ұмытпау керек.
- Ата-ананың тілін алу керек.
- Оқу құралдарын күтіп, таза ұстау керек.
- Көлікте өзіңнен үлкен адамға орын беру керек.
Ой толғау: әдепті адам қандай?
10-оқушының пікірі
Әдептілік — үлкенді сыйлау, достарды және айналадағы адамдарды құрметтеу. Әдепті адам өзгеден сый күтпей-ақ, алдымен өзі құрмет көрсете біледі.
11-оқушының түйіні
Әдептілік — ізет, инабат, сыйластық, құрмет және қамқорлық. Біз кешірімді болуға, үлкен-кішіге «сіз» деп сөйлеуге үйренуіміз керек.
Жас-кәріге «сіз» деген,
Жақсы үлгі іздеген.
Дос боламыз біз деген,
Ізетті ұл мен қызбенен.
Қорытынды: бала құқығы және әдеп
Сұрақ-жауап
Жүргізуші: Бүгінгі сабақтан балалар құқығы туралы не ұқтыңдар?
Оқушылар: Бізде оқуға, өмір сүруге, өз ойымызды айтуға, зорлық-зомбылыққа қарсы тұруға және бақытты өмір сүруге құқық бар.
Ән
«Біз әдепті баламыз»
Мұғалімнің қорытынды сөзі
Бүгінгі тәрбие сағатының тәрбиелік мәні зор. Әдепті баланың қандай болатынын жақсы түсіндіңдер. Алдағы уақытта тәртіпті де тәрбиелі ұл-қыз болып, адамгершілік қасиеттерді биік ұстап, мектепте де, үйде де, қоғамдық орындарда да өздеріңді және өзгені сыйлай білесіңдер деп сенеміз.