Бастауыш мектептегі тәрбие - барлық тәрбиенің бастамасы

Бастауыш білім Тәрбие Халықтық педагогика Ұлттық құндылықтар

Бастауыш мектептегі тәрбие және халықтық педагогиканың орны

Бастауыш мектептегі тәрбие — барлық тәрбиенің бастамасы. Ұрпақ тәрбиесінде рухани-адамгершілік тәрбие негізгі өзек екенін ескерсек, ел ертеңі мен ұлт болашағы үшін ұлттық педагогика элементтерін тәрбие құралына айналдырудың маңызы зор.

Негізгі тұжырым

Баланың жан-жақты дамуы үшін оқу-тәрбие үдерісінде халықтық педагогиканы жүйелі қолдану — эстетикалық талғамды, мінез-құлық мәдениетін және рухани тұтастықты қалыптастыратын тиімді жол.

Халықтық педагогика — рухани мұра және тәлім-тәрбие бастауы

Халықтық педагогика — тәлім-тәрбиелік ой-пікірдің бастауы, халықтың рухани мұрасы. Ол — халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан педагогикалық білімі, тәрбиелік тәжірибесі мен танымдық қағидаларының жиынтығы.

Халық педагогикасындағы ақыл-ой мен идеялар әр халықтың тіршілік тынысымен, ұлттық тәрбие дәстүрлерімен тығыз байланысты туып, өсіп-өркендеп, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді. Халық келер ұрпағын шынайы адамгершілік қасиеттерге баулуды мақсат еткен.

Ұстаным

Ешбір қоғам бұрынғы буынның ақыл-ойын, тәрбиелік тәжірибесін пайдаланбай дамымаған.

Ұстаз парызы

Еңбексүйгіштік, отаншылдық, имандылық, бауырмалдық, қонақжайлық сияқты қасиеттерді ұрпақ санасына сіңіру.

Қазіргі педагогика және білім көздері

Қазіргі заман педагогикасы — қарқынды дамып келе жатқан ғылым. Даму ырғағына ілеспеу адамдардың дамуында дағдарыс туғызып, ғылыми-техникалық прогрестің баяулауына әсер етуі мүмкін. Сондықтан педагогика әртүрлі дереккөздерден жаңа білімдерді жинақтап, жүйелеп отыруы қажет.

Педагогиканың дамуына ықпал ететін негізгі көздер

  • Халықтың өмір салты мен дәстүрлерінде орныққан көпғасырлық тәрбие тәжірибесі.

  • Философиялық, қоғамтану, педагогикалық және психологиялық еңбектер.

  • Әлемде және елімізде жүріп жатқан тәрбие практикасы.

  • Арнайы ұйымдастырылған педагогикалық зерттеу деректері.

  • Жаңа идеялар, жаңарған бағыт-бағдарлар және тиімді заманауи технологиялар.

Педагогика — тәрбие жөніндегі ғылым. Оның басты міндеті — адам тәрбиесі туралы ғылыми білімдерді жинақтап, жүйелеу. Ол тәрбиелеу, білім беру және оқыту заңдылықтарын ашып, қойылған мақсаттарға жетудің тиімді жолдары мен тәсілдерін айқындайды.

Ұлттық тәрбиенің мақсаты: «сегіз қырлы, бір сырлы» тұлға

Халық тәрбиесінің негізгі мақсаты мен міндеті — жан-жақты жетілген азамат қалыптастыру. Ұлттық құндылықтар арқылы балаға ақыл-ой, адамгершілік, эстетикалық, дене, денсаулық және еңбек тәрбиесін беру; мінез-құлық дағдыларын орнықтыру маңызды.

Тілдің орны: Ана тілінің уызына қанбаған, оның бұлағынан нәр алмаған ұрпақ бойынан ізгіліктің нышандарын табу қиын.

Мектептің міндеті: ұлттық сана-сезім мен күнделікті дағдыны ұштастыру

Қоғамымыздың ертеңгі болашағы — мектеп жасындағы жас жеткіншектер. Қазақ мектептерінің алдында ұлттық сана-сезімді оятып, тәрбиелеумен қатар, халықтық педагогиканы — ғасырлар бойы қалыптасқан тіл, дін, тәрбие, ұлттық салт-дәстүр, үлгі-өнегені меңгертіп, оны күнделікті өмірде қолдана білуге үйрету міндеті тұр.

Халықтық педагогика құралдары: мақал, жұмбақ, айтыс, жыр, ертегі

Ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық тәлім-тәрбие жүйесінде жас буынның жадына біртіндеп сіңірілетін арнайы жолдар мен тиімді тәсілдер болған. Мәселен:

Мақал-мәтел

Адамгершілік пен имандылыққа қатысты әдеп-ғұрыптарды насихаттайды.

Жұмбақ, айтыс

Ақыл-ой тәрбиесін дамытып, тапқырлық пен зеректікке жетелейді.

Өлең, жыр-дастан

Эстетикалық тәрбиенің негізгі қағидаларын танытады.

Ертегі

Тәрбиенің сан алуан мәселесін қозғайтын тәлімдік материал қызметін атқарады.

Халықтық педагогиканың озық үлгілері балаларды имандылыққа, адалдыққа, шыншылдыққа тәрбиелейтіні өмір тәжірибесімен дәлелденген. Сондықтан ұрпақты ұлттық салт-дәстүрден, рухани байлықтан ажыратпай, білімді де саналы, ибалы да инабатты етіп тәрбиелеу — ұстаздар қауымының негізгі міндеттерінің бірі.

Сабақтағы нақты тәсілдер: ойлау, тіл, шығармашылық және ұлттық ойын

Жұмбақ шештіру

Баланың ойлауын, танымдық қабілетін арттырады. Сабақта жұмбақ қолдану білімпаздықты, алғырлықты және тапқырлықты дамытуға көмектеседі.

Мақал-мәтелді тақырыпқа сай қолдану

Тәрбиелік мәнін ашып түсіндіру арқылы оқушыны дұрыс жолға бағыттап, адамгершілік қасиеттерге баулуға мүмкіндік береді.

Ертегі не әңгіме құрастыру

Шығармашылық қабілетті дамытады, сөздік қорды молайтады, өз бетімен жұмыс істеуге үйретеді.

Ұлттық ойындарды сабақта қолдану

«Сақина салу», «Орамал тастау», «Хан талапай» сияқты ойындар оқушылардың өз халқына деген сүйіспеншілігі мен құрметін күшейтеді.

Тұрмыстық тәрбие және әдеп: күнделікті өмірдегі ұлттық құндылықтар

Сабақ үдерісінде оқушыларға тұрмыстық тәрбиеге қатысты салт-дәстүрлерді және олардың мәнін жүйелі түсіндіру қажет: бала дүниеге келгеннен бастап өскенге дейін қолданылатын дәстүрлер, ырым-тыйымдардың орны, сәлемдесу әдебі, сыйластық, қонақ күту, ас ішу әдебі, инабаттылық дәстүрлері, сөйлеу мәдениеті, киім кию тәрбиесі, еңбек тәрбиесінің орны, қазақ халқының озық мәдениет үлгілері мен олардың тәрбиелік мәні.

Отаншылдық тәрбиесі туралы ой

Қазақстанның отаншылдық сезімін тәрбиелеу мектепке дейінгі жүйеден бастап жоғары оқу орындарына дейін барлық деңгейде өзекті. Балаларды Отанды, туған жерді, өз халқын сүюге тәрбиелеу — мұғалімнің аса маңызды әрі жауапты парызы.

Қорытынды: ұлттық мұраны тәрбиенің өзегіне айналдыру

Халықтық педагогика — қоғамның рухани, мәдени және адамгершілік қарым-қатынастарындағы ең қымбат қазына. Оқушыларға әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлерді үйретіп, олардың мәнін оқушы санасына ұялата отырып, ізгілікке, адамгершілікке, ұлтжандылыққа және өз дәстүрін құрметтеуге баулу — ұстаздар қауымының бірінші міндеті.

Автор

Қызылорда қаласы, №8 мектеп-интернат

Тәрбиеші: Аяпова Раушан