Отан туралы мақал - мәтелдер оқыту

Сабақ жоспары

Сабақтың тақырыбы

«Сүйемін, өскен Отаным» — Мұқағали Мақатаев

Мақсаты

  1. Оқушыларды қазақ поэзиясының көрнекті, аса дарынды ақыны Мұқағали Мақатаевтың шығармаларымен таныстыру.
  2. Мәнерлеп, түсініп оқу дағдыларын дамыту.
  3. Өз елін, туған Отанын сүюге тәрбиелеу.

Сабақ туралы мәлімет

Көрнекілігі
Суреттер, слайдтар, мақал-мәтелдер
Түрі
Аралас сабақ
Әдістері
Түсіндіру, оқыту, әңгімелеу, ойын
Пәнаралық байланыс
Дүниетану
Жаңа технология
Сатылай кешенді талдау, жалпы оқу дағдыларын дамыту

Сабақтың барысы

1) Ұйымдастыру кезеңі

«Шаттық шеңбері» (психологиялық дайындық)

Жақсы оқып сабақты, Әдеп сақтау — сәніміз. Сәлем бердік сіздерге, Басымызды иіп бәріміз.

2) Үй тапсырмасын тексеру

  • а Қ. Аманжоловтың «Туған жер» өлеңін жатқа, мәнерлеп оқу.
  • ә «Лирика» ұғымын анықтау: лирика дегеніміз не?

3) Жаңа сабақ

а) Еске түсіру

«Үш бақытым», «Әліппе» өлеңдерін еске түсірейік. Бұл өлеңдердің авторы кім?

Дұрыс. Бұл шығармалардың авторы — қазақ поэзиясында шоқтығы биік, аса дарынды ақын Мұқағали Мақатаев.

Сабақ барысында ақынның өмірбаяны мен шығармашылығы туралы қысқаша мәлімет беріледі, өлеңдері оқытылады. Мұқағали поэзиясында сөздің сұлулығы мен ойдың асқақтығы үйлесім табады. Бүгін соның бір үлгісі — «Сүйемін, өскен Отаным!» өлеңімен танысамыз.

ә) Мұғалімнің оқуы

Өлеңді мәнерлеп оқып беремін.

б) Оқушылардың оқуы

  • Іштей оқу
  • Дауыстап оқу

в) Дәптермен жұмыс

Түсіндірме сөздік

ескегін
(желін, самалын)
сұлаған
(созылып жатқан)

Сатылай кешенді талдау

  1. Тақырыбы: «Сүйемін, өскен Отаным!»
  2. Авторы: Мұқағали Мақатаев (өмірі туралы қысқаша тоқталу)
  3. Шығарма түрі: өлең (поэзия). Себебі белгілі бір өлшеммен алынған, ырғақ пен ұйқасқа құрылған өрнекті сөз жүйесі.
    • 8 шумақ (шумақ — аяқталған біртұтас ой)
    • 32 тармақ (тармақ — өлеңнің әр жолы)
  4. Мазмұны: туған Отанды және оның сұлу табиғатын жырлау.
  5. Түсіндірме сөздік: ескегін (желін, самалын), сұлаған (созылып жатқан).
  6. Тәрбиелік мәні: отансүйгіштікке тәрбиелеу.

г) Шығармашылық тапсырма

Өлең бойынша ақынның нені сүйетінін «үлгілік ағаш» сызбасына сүйеніп жазып шығады.

Салыстыру

Мұқағали Мақатаев пен Қасым Аманжолов өлеңдерінің соңғы жолдарындағы ой үндестігін табыңдар. Ұқсас жолдарды көшіріп жазыңдар:

Қ. Аманжолов
Сен де аямай бердің маған барыңды,
Мен де аямай барым саған беремін.
М. Мақатаев
Қарыздармын, сондықтан
Беремін талай жырымды.

Қорытынды

Сұрақ-жауап

  • Бүгінгі сабақта қандай мәтінмен таныстық?
  • Мұқағали кім?
  • Ақын өлеңдерінен қандай ерекшелік байқадыңдар?

Оқушылардың ықтимал жауаптары

  • Мұқағали Мақатаевтың дарынды ақын екенін байқадық.
  • Сөз қолданысының көркемдігін байқадық.
  • Туған жерін өте қатты сүйетінін байқадық.
  • Ойының биіктігін, тереңдігін байқадық.

Отан туралы мақал-мәтелдер

Өлеңнің соңында ақын туған жерге қарыздар екенін айтып, оған жырын арнайтынын жеткізеді. Осы ойды кеңіту үшін төмендегі сұрақтарға жауап беріңдер:

  • Сендер туған жерлеріңді сүйесіңдер ме?
  • Туған жерге «не берсем» деп ойлайсыңдар?

Мақалдардың жалғасын табыңдар

  1. Туған елдей ел болмас, …
  2. Кісі елінде сұлтан болғанша, …
  3. Отансыз адам, …
  4. Туған жердей жер болмас, …
  5. Отан үшін отқа түс, …
  6. Төртеу түгел болса, …
  7. Ынтымақ түбі — …

Үй тапсырмасы

  • 1 Өлеңді мәнерлеп оқу.
  • 2 «Туған ел» тақырыбына шығарма жазу.