Портреттің қандай түрлерін өттік
Сабақтың тақырыбы
Жеке портреттік сипаттаманың конструктивтік шешімдерінің тәсілдері (16 сағат)
Тақырып аясында әртүрлі ракурстағы адам басының конструкциясын перспектива заңдылықтарына бағындыра отырып бейнелеу, бет көлемі мен бөлшектерінің, шаш пен мойынның мүсіндік реңдік шешімдерін табу, портреттегі индивидуализация мәселелері қарастырылады.
Тапсырма
Бір форматта, күрделі ракурста натурашы басын екі бұрылыста бейнелеу (2 сурет).
Мақсаты
Жеке портреттік мінездеме негізінде тірі натураны бейнелеу тәсілдерін жетілдіру және дамыту.
Құрал-жабдықтар
A3 қағаз, қарындаш, өшіргіш, бор, тақта, портрет салу кезеңдері көрсетілген көрнекі кестелер және т.б.
Міндеттері
-
Тірі натураны графикалық құралдармен бейнелеу дағдыларын дамыту, орындау мәдениетін жетілдіру.
-
Алдын ала жасалған нобайлар негізінде модельдің өзіндік ерекшеліктерін, пропорцияларын, иілген жерлерін, бұрылыстарын дәл көрсету.
-
Форматқа натурашы басының әртүрлі күйдегі 2 суретін өлшем сәйкестігін сақтай отырып композициялық тұрғыда орналастыру.
-
Конструктивтік шешімге сүйене отырып, перспективалық қысқартуға бағынатын бастапқы көлемді тонмен көрсету.
-
Реңдік детальдауды орындау және бейненің алғашқы эмоционалдық әсерін сақтай отырып жұмысты тұтас әрі аяқталған күйге жеткізу.
Сабақ жоспары
-
1
Ұйымдастыру кезеңі
-
2
Өткен сабақты қайталау
-
3
Ойын-жаттығулар, сергіту сәті
-
4
Жаңа сабақты түсіндіру
-
5
Сарамандық жұмыс
-
6
Сабақты қорытындылау
-
7
Үй тапсырмасы
Сабақтың барысы
1) Ұйымдастыру және өткенді еске түсіру
Оқушыларды түгендеу, құралдарының дайындығын тексеру. Өткен сабақта адам фигурасының долбарын салу тақырыбы қарастырылған, соны қысқаша қайталаймыз.
- Натюрморт дегеніміз не?
- Натюрморттың қандай түрлері бар?
2) Ойын-жаттығулар және сергіту
Жаңа сабаққа кіріспес бұрын қысқа сергіту сәті ұйымдастырылады.
Дидактикалық тапсырма 1
Тақтадағы шар тәрізді денеден күннің және күн сәулесінің түрлерін әртүрлі бейнеде көрсету.
Дидактикалық тапсырма 2
Адамның көңіл күйін білдіретін бет пішіндері берілген суреттерді қарап, әрқайсысына атау беру.
3) Портрет туралы түсінік
Портрет — адамды бейнелеу өнері. Портретте адамның бойы тұтас, отырған қалпы немесе тек бет-пішіні ғана көрсетілуі мүмкін. Осы көріністердің бәрі портрет жанрына жатады.
Орындау тәсіліне қарай
- Бір тұлғалы портрет
- Көп тұлғалы портрет
Кескін көлеміне қарай
- Бас (иықтан жоғары)
- Кеуде
- Белге дейін
- Тізеге дейін
- Бойды тұтас қамтитын портрет
Бұл жанр өзге жанрларға қарағанда ертерек қалыптасты: ежелгі Египет пен Рим дәуіріндегі мүсіндік және мозаикалық портреттерден бастау алады.
Жанрлық түрлері
- Мифологиялық портрет — ертегілік және мифологиялық кейіпкерлердің кескіні.
- Отбасылық портрет — отбасы мүшелерінің бейнесі.
- Жанрлық портрет — адамды белгілі бір образда көрсету (мысалы, актриса, шахтер және т.б.).
- Автопортрет — суретшінің өзін-өзі бейнелеуі.
Портреттің басты талабы — адамның сыртқы келбетін ғана емес, мінез-құлқын, ішкі күйін, тұлғалық ерекшелігін дәл беру. Мұны бет-әлпет бөлшектері, көзқарас, мимика, дене қимылы мен жалпы тұрқы арқылы ашуға болады. Суретші бейнеленген адамға деген өз көзқарасын да композиция және рең арқылы жеткізеді.
4) Қазақстан бейнелеу өнеріндегі портрет: Ә. Қастеев мысалы
Қазақ халық суретшісі Ә. Қастеевтен бастап бүгінгі жас суретшілерге дейін қазақстандық қылқалам шеберлері портрет жанрында өзіндік қолтаңбасымен ерекшеленеді. Ә. Қастеев ана образын айрықша нәзіктікпен сомдаған.
Ана келбетіндегі нұр, алысты меңзеген көзқарас, жүздегі әжім іздері — өмір жолын баяндағандай әсер қалдырады. Жаулық пен ақ кимешек бейнені жинақтап, адамгершілік пен тазалық идеясын күшейтеді. Көкшіл-күлгін орамал мен жасыл шапан түстері тұтас үйлесім тауып, композициялық бір тұлғалы портреттің әсерін арттырады.
5) Портретті салу кезеңдері
-
1. Жалпы пішін және симметрия осі
Бет кескінін жалпылама доғалдап белгілеп, көмекші сызықтар арқылы тігінен симметрия осін жүргіземіз. Көмекші сызықтар оңай өшірілуі үшін жеңіл басып, жіңішке сызықпен салынады.
-
2. Басты үш бөлікке бөлу
Бас пішінін көлденеңінен шамалас үш бөлікке бөлеміз: жоғарғы бөлігі — маңдай, ортаңғы бөлігінде көз, мұрын, құлақ орналасады, төменгі бөлікке ауыз бен иек келеді.
-
3. Шаш көлемі
Шашты салғанда оның да өзіндік көлемі мен пішіні бар екенін ескереміз: шаш бас пішінін толықтыратын жеке масса ретінде қабылданады.
-
4. Мойын, иық, киім
Мойын мен иықты бейнелеуді аяқтап, киімнің негізгі қатпарлары мен силуэтін белгілейміз.
-
5. Рең (тон) және аяқтау
Портретке тон түсіреміз: жарық пен көлеңке қатынасын сақтап, көлемді айқын көрсетеміз. Жұмыс барысында «жалпыдан жекеге, жекеден жалпыға» қағидасын ұстанып, тұтастықты жоғалтпаймыз.
Қысқаша әдістемелік кеңестер
- Бас қанша еңкейіп, бұрылса да, алдымен осьтердің орналасуын қадағалаңыз — олар бөліктердің өзара байланысын дәл анықтайды.
- Модельді жан-жақты бақылап, оның дара белгілерін (ерекше пропорциялар, сызық, мінез) табуға тырысыңыз.
- Қағазды «жазықтық» емес, «кеңістікке ашылған терезе» деп елестетіңіз: форма кеңістікте қалай тұр — соны беруге ұмтылыңыз.
- Композицияда тепе-теңдік сақтаңыз: сурет парақ шетіне тіреліп қалмасын, әрі бос кеңістікте «адасып» та тұрмасын.
- Штрих форманы «айналай» жатсын: сызық бағыты көлемді сездіруге қызмет етеді.
- Тональдық қатынастар натурадан қарапайым болады: тым қарайтып жібермей, ең басты қатынасты ұстап тұрыңыз.
6) Сарамандық жұмыс
Сарамандық жұмыс барысында оқушыларға портрет салудың негізгі қыр-сырын тәжірибеде қолдандыру: композиция құру, конструкцияны анықтау, перспектива мен тональдық шешімді табу, детальдау және жұмысты аяқтау.
7) Бекіту сұрақтары
- Портрет нені бейнелейді?
- Портреттің қандай түрлерін қарастырдық?
- Осы тақырып бойынша сабақ қызықты болды ма? Неліктен?
Үй тапсырмасы
Әр оқушы өз жанұясынан бір адамды таңдап, сол адамның портретін салып келсін.