Жоқ балам, үйдің алтын қазығы - АНА
Мақсаты
Ата-аналар мен балаларды сайысқа қатыстыра отырып, олардың халық ауыз әдебиеті мен салт-дәстүр туралы білімін байқау. Отбасы — Отанның бір бөлшегі екенін ұғындырып, балаларды ынтымаққа, ұйымшылдыққа және бірлікке тәрбиелеу.
Тәрбиелік мәні
Отбасы — Отанның бір бөлшегі екенін терең сезіндіре отырып, оқушыларды ынтымақ пен бірлікке, татулық пен ұйымшылдыққа, мейірімділікке тәрбиелеу. Сонымен бірге ата-ананың шексіз еңбегін бағалай білуге баулу.
Әдісі
Ата-аналар мен балалардың қатысуымен сайыс түріндегі тапсырмалар мен ойындар ұйымдастырылады.
Көрнекілігі
-
Отан, отбасы, ынтымақ, бірлік туралы мақал-мәтелдер жазылған плакаттар.
-
«Менің отбасым» тақырыбындағы шығармалар көрмесі.
-
Слайдтар арқылы таныстырылым.
Барысы
Қарт пен бала әңгімесі
(Аңыз әңгімеден қойылым)
Баласы кетіп бара жатқан атасының алдынан шығып: «Ата, мені де ала кетесіз бе?» — дейді.
Қарт: «Балам, мен 47-мектепте өтетін “Ынтымақты отбасы” атты тәрбие сағатына бара жатырмын. Сен әлі жасың…» — дей бергенде, бала: «Ата, маған сұрақ қойыңызшы» — дейді.
Қарт: «Балам, үйдің алтын қазығы кім?»
Бала: «Ата, үйдің алтын қазығы — бала» — дейді.
Қарт: «Жоқ, балам, үйдің алтын қазығы — ана. Ана ақылды болса, бала дана болады. Ана тәрбиесі — қызға үлгі, әке тәрбиесі — ұлға үлгі. Ана — ақылшың, әке — қамқоршың, аға — қорғанышың, інің — сүйенішің, қарындасың — қанатың екенін ұмытпа».
Бала: «Ата, әке сонда кім?»
Қарт: «Әке — асқар тау, ана — қайнар бұлақ, бала — жағасындағы құрақ» — деген. Әке — әркімнің сүйенер тіреуі. Әке әркімге қымбат. Әкені ардақтай білу керек, өйткені ол — отбасының ең басты мүшесі, яғни отағасы.
Перзент — жеміске, ата-ана — жеміс ағашына ұқсайды. Жеміс ағашын жақсы күтсең, жемісі де дәмді, жақсы болады. Сол сияқты ата-анаға деген ізет пен құрметіңді аямасаң, олардың саған деген ізгі тілегі қабыл болады.