Әдеби тіл мәдениетін қалыптастырудың жолы - тілдің халықтық қасиетін қазақтың майталман ақын шығармаларының үлгілері, көркем әдебиеті арқылы бала бойына сіңіру

Алғы сөз

Ұсынылып отырған арнайы курс бағдарламасын 10-сыныпқа арналған факультатив сабақ ретінде қолдануға болады. Сонымен қатар қазақ тілі сабақтарында да тиімді нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Бағдарлама аясында мұғалім тапсырмаларды сабақ барысында жүйелі түрде қолданған жағдайда, оқушылардың тілдік қорының байығаны, сын тұрғысынан ойлауының дамығаны, шығармашылық қабілеттерінің артқаны, өздігінен жұмыс істей білуі мен өзіне деген сенімділігінің күшейгені байқалады.

Негізгі идея

Оқушыларға оқуына мүмкіндік берілсе, олар өз оқуына жауапкершілікпен қарап, тапсырмаларды шешуде өзіндік әдіс-тәсілдерін қолдануға қабілетті екенін көрсете алады. Бұл — олардың өзін жеке тұлға ретінде сезінуіне ықпал етеді.

Бүгінгі таңда өзін-өзі реттеу мен метатануға қатысты дағдыларды дамыту оқушының саналы білім алушы болып қалыптасуының маңызды кілті екені айқын. Дегенмен оқушы көп нәрсеге өз бетімен қол жеткізе бермейді: оған ықпал ететін, бағыт беретін, қолдайтын тұлға қажет. Сондықтан мұғалім оқушыға түрткі болып, бағыттап, қолдап отыруы тиіс.

Қорыта айтқанда, ұсынылып отырған арнайы курс бағдарламасы мұғалімдер үшін қажетті әрі пайдалы бағдарлама деп есептеймін.

Түсінік хат

Егемен ел азаматын тәрбиелеудегі тіл мамандарының басты міндеті — оқушыға әдеби тіл мәдениетіне қатысты теориялық білім бере отырып, оны өмірде орынды қолдана білуге баулу.

Әдеби тіл мәдениетін қалыптастырудың тиімді жолы — тілдің халықтық қасиетін қазақтың көрнекті ақын-жазушыларының шығармалары мен көркем әдебиет үлгілері арқылы бала бойына сіңіру. Оқылған шығармасы бойынша ойын көркем әрі дәл жеткізе білу — әдеби тіл мәдениетін меңгерудің маңызды шарттарының бірі.

Оқулықтағы мүмкіндік

10-сыныптағы қазақ тілі оқулығының авторлары тіл мәдениетіне қатысты мәтіндер мен жаттығуларды орынды таңдағанын атап өткен жөн.

Қазақ сөз қадірі

Қазақ халқы тіл тазалығына, сөйлеу шеберлігіне әрдайым ерекше мән берген. «Өнер алды — қызыл тіл» деуі — сөз мәдениетіне берген жоғары бағасының дәлелі.

Уақыт өте келе тіл мәдениеті, сөйлеу мәдениеті сияқты күрделі ұғымдар қалыптасып, арнасы кеңейіп, өзіндік мақсаты бар жеке ғылым саласына айналды. Тіл мәдениеті — мағыналық өрісі кең ұғым. Осы бағдарлама оқушылардың әдеби сөйлеу мәдениетін жетілдіруді мақсат етіп, ой-өрісін кеңейтеді және тәуелсіз еліміздің іргесін бекемдеуге қызмет етеді.

Терминдерге қысқаша анықтама

Тіл мәдениеті
Тілдің элементтері мен тұлға-тәсілдерін қоғам қабылдаған, тәжірибеден өткен заңдылықтарға сай дұрыс қолдану туралы білім саласы.
Әдеби тіл мәдениеті
Фонетикалық нормаларды сақтау ғана емес, тыңдаушыға жүрекке жылы тиетін, әсерлі әрі дәл ойды жеткізе білу мәдениеті; тілдік нормалар мен тәсілдердің жетілу дәрежесі.
Сөз мәдениеті / сөйлеу мәдениеті
Сөзді мәнерлі, мазмұнды, орынды қолдану арқылы коммуникативтік міндетті сапалы орындау дағдысы.

Сөйлеу коммуникативтік қызмет атқарумен қатар, адамның ішкі өмірінің рухани байлығын ашып, жан дүниесін танытады. Әдеби тіл мәдениетін меңгертуде әдебиет сабақтарында өтілетін көркем шығармаларды да тиімді қолдануға болады.

Мақсаты

Сөйлеу және тіл мәдениеті машықтарын меңгерген, коммуникативтік біліктілігі артқан, логикалық ойлауы өз деңгейіне сай дамыған, мәдениетті сөйлеуге бейімделген оқушыны тәрбиелеу. Сонымен бірге қазақ әдебиеті сабақтарында ақпараттық және тілдік қарым-қатынасты дамытып, ана тілі — қазақ тілін сапалы меңгерген тұлға қалыптастыру.

Міндеттері

  • Сөздің мәнін ұғындыру: сөз адамның ой-өрісін, мәдени дәрежесін, байыптылығын, ақыл-парасатын танытатынын түсіндіру.

  • Сөйлеу мәдениетінің құндылығын ашу: сөйлеу мәдениетіне қай уақытта да ерекше мән берілгенін, барлық халық үшін жоғары бағаланатынын дәлелдеу.

  • Рухани өлшемді ескеру: сөйлеу мәдениетінің адамның ішкі жан дүниесінің тазалығымен және сөз өнерімен тығыз байланысын таныту.

  • Шешендікке баулу: сөзге шешен адамның мәдениетті әрі шебер сөйлеуі қажет екенін түсіндіру.

  • Жеке тұлғалық қасиеттермен байланыстыру: мәдениетті, ой-өрісі жоғары, өмірге сенімді, адал адамның сөйлеу тілі де жоғары болуға тиіс екенін аңғарту.

  • Тілді тұлғаның айнасы ретінде көрсету: тіл адамның ішкі жан дүниесінің айнасы екенін ұғындыру.

Күтілетін нәтиже

Білім

10-сынып оқулығында берілетін лексикалық тақырыптар бойынша білімін жетілдіреді.

Дағды

Тіл мәдениетін меңгерген, коммуникативтік біліктілігі артқан, логикалық ойлауы өз деңгейіне сай дамыған оқушы қалыптасады.

Құндылық

Ұлттық мәдениетті құрметтейтін, рухани-адамгершілігі мол, отансүйгіш азамат тәрбиеленеді.