Көздеріңізді аша беріңіздер

Өзін-өзі тану

Мектеп: №249 мектеп-лицей

Мұғалім: Жәнібек Раушан Жәнібекқызы

Сабақ жоспары

Тақырып: Жақсылық жан жадыратады

Бұл сабақ жақсылықтың адам өміріндегі мәнін түсіндіріп, ізгі іс жасаудың қуаныш әкелетінін сезіндіру арқылы ішкі тыныштық құндылығын ашуға бағытталған.

Құндылық

Ішкі тыныштық

Қасиеттер

  • жақсылық жасау
  • мейірімділік
  • ізгілік

Сабақтың мақсаты

Жақсылықтың адам өміріндегі маңызын ұғындыру және жақсылық жасаудың қуаныш әкелетінін сезіндіру арқылы ішкі тыныштық құндылығының мәнін ашу.

Міндеттері

  • Оқушыларға жақсылық жасаудың адам өміріндегі мәнін ашу, осы тақырыптағы білімдерін кеңейту.
  • Мейірімділік, ізгілік, жақсылық жасау қасиеттерін дамыту.
  • Жақындарының ішкі сезімдерін түсіне білуге және адамдарға тек жақсылық нұрын себуге тәрбиелеу.

Сабақ барысы

1) Ұйымдастыру кезеңі

  • Сәлемдесу.
  • Оқу құралдарының дайындығын тексеру.
  • «5Т» ережесін еске түсіру.

2) Жағымды күйге ену: «Нұрға бөлену»

Ыңғайланып отырыңыздар, денелеріңізді түзу ұстаңыздар. Аяқ-қолды айқастырмаңыздар. Қолды тізеге немесе үстелге қоюға болады. Көздеріңізді жұмуларыңызды өтінемін.

Елестетіңіз: күн сәулесі төбеңізден өтіп, кеудеңізге қарай баяу түсіп келеді. Кеудеңіздің орта тұсында гүл түйнегі бар. Ол жаймен ашылып, балғын әрі таза әсем гүлге айналады. Гүл сіздің ойыңызды, сезіміңізді, эмоцияңыз бен тілегіңізді тазартып, жүрегіңіздің «қауызын» ашады.

Нұр сәулесі бүкіл бойыңызға тарай бастайды. Ол біртіндеп күшейеді. Оймен осы нұрды қолдарыңызға бағыттаңыз: қолдарыңыз нұрға бөленіп, сәуле шашады — олар тек жақсы, ізгі істер жасайды және баршаға көмектеседі.

Нұр аяқтарыңызға тарайды: аяқтарыңыз сізді тек жақсылық жасайтын игі жерлерге апарады. Нұр аузыңызға, тіліңізге жетеді: тіліңіз тек шындықты және ізгі сөздерді айтады.

Нұр құлақтарыңызға бағытталады: құлағыңыз тек жақсы сөзді, әсем әуенді естиді. Нұр көздеріңізге жетеді: көзіңіз тек жақсыны көріп, әр нәрседен жақсылық табады. Басыңыз түгелдей нұрға бөленеді: ойыңызға тек ізгі, сәулелі ой келеді.

Нұр күшейіп, денеңізден шығып жан-жағыңызға сәуле шашады. Осы нұрды туыстарыңызға, мұғалімдеріңізге, достарыңызға, таныстарыңызға бағыттаңыз. Уақытша түсініспей, ренжісіп жүрген адамдарға да бағыттаңыз — олардың жүрегі де нұрға толсын.

Нұр бүкіл әлемге таралсын: барлық адамдарға, жан-жануарларға, өсімдіктерге, барлық тіршілік иесіне… Ғаламның әр түпкіріне нұр жіберіңіз. Ойша айтыңыз: «Мен нұрлымын… Нұр менің ішімде… Мен — Нұрмын».

Осы Нұр, Махаббат және Тыныштық күйінде біраз отырыңыз. Енді нұрды жүрегіңізге орналастырыңыз: нұрға толы әлем — жүрегіңіздің ішінде. Осы әсем қалпын сақтаңыз. Жаймен көзіңізді ашуға болады. Рақмет.

3) Үй тапсырмасын тексеру

Тапсырма: А. Құнанбайұлының «Жиырма үшінші сөз» қарасөзі бойынша сұрақтарға жауап беру.

  1. «Жаманға салысып жақсы бола ма?» деген ойды қалай түсінесіңдер?
  2. Жақсы болуды және жақсылық жасауды қалай үйренуге әрі үйретуге болады?
  3. Жақсы адамның бойында қандай қасиеттер болады?

4) Дәйексөз

«Жақсыға қылған жақсылық — өмірінше тозбайды, жаманға қылған жақсылық — бір күнгідей болмайды.»

Халық даналығы

Тапсырма: дәйексөзді кезекпен (ұлдарға және қыздарға) айтқызу, кейін барлығы бірге қайталау.

Мағынасын талқылап, дәптерге жазып алу.

5) Әңгімелеу: «Өмір сүрудің ең жақсы жолы»

Шағын бір ауылда орта жастағы бір кісі дүкен ашып, сауда жасауды жоспарлайды. Ол ақкөңіл әрі жайдары болғандықтан, ауыл адамдары оны жақсы көретін.

Бір күні ол ауыр науқастанып, бұл дүниеден өтерін сезеді. Үш ұлын қасына шақырып: «Үшеуіңнің біреуің менің дүкендерімнің иесі болады. Мұрамды соған қалдырамын. Қайсың лайық екенін білу үшін әрқайсыңа бір-бір ақша беремін. Кешке келгенде алған заттарың осы бөлмені толық толтыруы керек. Шарт осы», — дейді.

Ұлдары абыржып, қалаға кетеді. Кешке үлкен ұлы: «Досымның шаруашылығынан екі қап сабан сатып алдым», — деп сабанды бөлмеге шашады. Бірақ сабан еденге түсіп, бөлмені толтыра алмайды.

Екінші ұлы: «Дүкеннен екі жастық алдым», — деп жастықты сөгіп, жүнін шашады. Алайда жүн де бөлмені толтыра алмай, жерге түседі.

Үшінші ұлы: «Ақшаны ұсақтап, 50 сомын мешітке бердім, 20 сомын қайырымдылық қорға аудардым, 20 сомын садақа ретінде тараттым. Қалған 10 сомға екі нәрсе алдым», — деп қалтасынан сіріңке мен шырақты шығарады. Бөлменің жарығын өшіріп, шырақты жағады. Сол сәтте сабан мен жүн толтыра алмаған бөлме шырақтың нұрына бөленеді.

Әкесі риза болып: «Жаным енді тынышталды. Мұрамды саған қалдырамын. Өйткені өмір сүрудің ең жақсы жолы — айналаңа жарық тарату екенін түсіндің», — дейді.

Талқылау сұрақтары

  • Үшінші ұлдың әрекеті туралы сіздің көзқарасыңыз қандай?
  • Әкесінің ішкі тыныштық табуына не себеп болды?
  • «Айналаңа жарық тарату» дегенді қалай түсінесіңдер?
  • Сен жақсылық жасағанда қандай сезімде боласың?

6) Шығармашылық жұмыс: «Жақсылық тамшысы»

Топтық жұмыста оқушыларға тамшы пішінінде қиылған көк қағаздар таратылады. «Дариямыз тамшыларға шашырап кетіпті. Дарияны қайта құрау үшін әр тамшыға өз жасаған жақсылықтарың мен игі істеріңді жазыңдар», — деген тапсырма беріледі.

Әрқайсысының тамшыдай жасаған жақсылығы бірігіп, үлкен дарияға айналады. Адамның жаны жақсылыққа толса, жер бетінде тыныштық орнап, адамдар бақытты өмір сүреді.

6) Шығармашылық жұмыс: өлең құрастыру

Белгілі бір әуенге топ болып бір шумақ және қайырмасымен қысқа өлең құрастыру.

Назар

Өлеңнің негізгі ойы: жақсылықтың жылуы, мейірімнің күші, ішкі тыныштыққа апарар жол.

7) Топпен ән айту

«Армансыз күнім болмайды» (немесе оқушылардың өз шығармашылығы).

8) Үй тапсырмасы

  • «Жақсылық — жан шуағы» тақырыбына эссе жазу.
  • «Намыс» атты өлеңін оқып келу.

9) Қорытынды сәт: жан тыныштығына жету

Дейл Карнегидің кеңестерін негізге ала отырып, оқушыларға қысқа рефлексия жасату:

  • Көзімізді жұмып, сабақта айтылған ойлар мен әрекеттерді ой елегінен өткізу.
  • Жақсы ойларды жүректің түкпіріне «орналастыру».
  • Әрқашан бір-бірімізге жақсылық жасап, өміріміз тыныштыққа толы болсын.

Рақмет! Көздеріңізді аша беріңіздер. Сабақ аяқталды.