Әдепті бала қандай деп ойлайсыңдар
Сабақ туралы мәлімет
- Мұғалім
- Нұрғалиева Назгүл Тұрлановна
- Сынып
- 9-сынып
- Тақырып
- Әдептен озбайық
- Құндылық
- Дұрыс әрекет
- Қасиет (сапа)
- Адамгершілік қатынастарды орнықтыру: ынтымақтастық, ізгілік, адалдық, қарапайымдылық және кішіпейілділік
Мақсаты мен міндеттері
Мақсаты: оқушыларға әдеп негіздері туралы түсінік беру.
Міндеттері
- Қоғамдық орындарда және адами қарым-қатынаста әдеп нормаларын түсіндіру.
- Әдеп нормаларын ұстану дағдыларын дамыту.
- Әдептілікке және мәдениеттілікке тәрбиелеу.
Сабақ барысы
1) Ұйымдастыру кезеңі — «Тыныштық сәті»
Баяу әуен қосылады. Оқушылар түзу, ыңғайлы отырып, көздерін жұмып, терең тыныс алу арқылы денені босаңсытады, жүйкені тыныштандырып, жағымды көңіл күй қалыптастырады.
Көз алдарыңызға жаздың жайма-шуақ күнінде таза ауада серуендеп жүрген сәттеріңізді елестетіңіздер. Таза ауаны терең жұтып, тыныс алуларыңызды бақылаңыздар. Бақытқа, махаббатқа, тыныштыққа толы шипалы ауаның бойларыңызға тарағанын сезініңіздер. Көңіл күйіміз көтеріңкі, жанымыз тыныштықта. Енді сабағымызға оралайық.
2) Үй тапсырмасын тексеру
№21 сабақ: оқулықтың 102-бетіндегі Ж. Бейсенбаевтың «Студент қыздың әңгімесі» мәтінін оқу.
Талқылау сұрақтары
- Жігіттердің іс-әрекеті сізге қандай ой қалдырды?
- Олардың жасағаны дұрыс па?
- Оларға қандай ақыл-кеңес берер едіңіз?
- Қоғамдық орындарда әдеп сақтау туралы не білесіз?
3) Дәйексөз
«Біз бойымызда әдепті дамытуға тиіспіз. Әйтпесе адамдардың ілтипатынан оп-оңай айырылып қалуымыз мүмкін.»
Мұғалімнің сыйы: «Бәрі өз қолыңда» (видео).
4) Әңгімелеу (сұхбат)
- Әдептілік деген не? Оны қалай түсінесіңдер?
- Әдепті бала қандай болады деп ойлайсыңдар? Әдепті болғың келе ме?
- «Әдепсіз» дегенді қалай түсінесіңдер? Әдепсіз бала қандай болады?
- Әдептілікті бізге кім үйретеді?
Адам бойында жақсы да, жағымсыз да қасиеттер кездеседі. Ақылдылықты, адалдықты, қарапайымдылық пен кішіпейілділікті, инабаттылықты, шыншылдықты бізге ең алдымен үлкендер үйретеді. Бұл — ата-ана, отбасы тәрбиесі және өмірлік үлгі. Біз ата-баба салт-дәстүрін танып, жақсы қасиеттерді бойға сіңіріп, теріс мінез-құлықтан аулақ болуға ұмтылуымыз керек.
Синонимдер арқылы
Әдеп, тәртіп, үлгілі, тәрбиелі.
Антонимдер арқылы
Әдепсіз, тәрбиесіз, өнегесіз және т.б.
5) Шығармашылық жұмыс (топтық жұмыс)
Ұғымды тұжырымдау. Әр топ жағдаятты оқып, әдепті қарым-қатынасқа апаратын шешім ұсынады.
№1 топ — «Мұрат» жағдаяты
Мұрат сырттай көрікті, киімі де ұқыпты. Бірақ көпшілік арасында қолын сермеп, даурығып сөйлейді, ешкімге сөз бермейді. Үлкендердің сөзін бөліп, олардың айтқанын күлкіге айналдыруға құмар.
Сұрақ: Мұраттың әдепсіз қылықтарын тоқтатуға қалай көмектесуге болады?
№2 топ — «Назым» жағдаяты
Назым — көрікті, келісті қыз. Алайда даусы дөрекі, сөзі ірі, қарқылдап күледі. Алғашқы әсердегі нәзіктік пен биязылық біртіндеп жоғалып барады.
Сұрақ: Назымға қандай кеңес берер едіңіз?
Тапсырма: «Әдепті» және «Әдепсіз» қасиеттерді ажырату
Әдепті
- тәртіпті
- нәзік
- мәдениетті
- құрмет көрсету
- көркем мінез
- инабатты
- ақылды
Әдепсіз
- қиянатшыл
- дөрекі
- даукес
- өтірікші
- еріншек
- мейірім сезімі әлсіреген
- тұрпайы
- тіл алмайтын
6) Топпен өлең айту
«Қыз сыны» әні
Сөзін жазған: Қ. Қазыбеков
Әнін жазған: М. Омаров
7) Үй тапсырмасы
«Мен әдепті баламын» тақырыбында эссе жазып келу.
8) Қорытынды — «Тыныштық сәті»
Көзімізді жұмып, баяу әуен ырғағымен дұрыс әрекет пен мейірімділікті үйлестіре отырып, жүрегімізден өткізейік. Енді көздеріңізді ашыңыздар. Жұмыстарыңызға рақмет! Сабақ аяқталды.
(«Тыныштық… бар жерде, тыныштық… бүкіл әлемде».)