Қазақ тіліндегі көптік форма туралы

Қазақ тіліндегі көптік форма туралы

Көптік категориясы тіл білімі оқулықтарында арнайы қарастырылады. Түркі тілдерін зерттеген ірі ғалымдар — Малов, А.В. Баскаков, А.Н. Кононов, Н.К. Дмитриев — еңбектерінде көптік категориясы жөнінде маңызды пікірлер айтылады. Қазақ тілінде бұл мәселеге алғашқылардың бірі болып арнайы тоқталған ғалым — профессор М. Балақаев (1940). Кейін бұл бағыт Н. Оралбаева (1959), А.Д. Данияров (1965), А. Ысқақов (1965) зерттеулерінде жалғасын табады.

Негізгі тұжырым

С. Исаевтың қазақ тіліндегі көптік жалғаудың негізінен жұрнақтық функциясы туралы пікірі тілдік жүйе мен тілдік заңдылықтарға сүйене отырып жасалғаны анық. Көптік жалғаудың басқа жалғаулардан ерекшеленетін осы белгісі қосымшаларды жіктеу мәселесінде ескерілуі қажет.

Ы. Мамановтың көзқарасы

Ы. Маманов көптік формаға байланысты мынадай тұжырым жасайды: қазақ тілінде грамматикалық көптік форма біреу-ақ. Ол -лар, -лер, -дар, -дер, -тар, -тер қосымшалары арқылы жасалады. Әрбір грамматикалық форманың өзіне тән грамматикалық мағынасы болады, алайда кейбір грамматикалық формалардың бірнеше мағыналық қырлары болуы мүмкін [1, 31–36-б.].

Функционалды грамматика тұрғысынан

Қазіргі функционалды грамматикада бір ойды әртүрлі жолдармен беру тәсілі бар: функция әртүрлі тілдік құралдар арқылы жүзеге асуы мүмкін және бір құралдың өзі әртүрлі функция атқара алады [Тіл білімі сөздігі. А., 1998. 417-б.].

Осы ұстанымға сүйене отырып, Ы.Е. Маманов көптік ұғымның берілу жолдары сан алуан болғанымен, оларды бөлек-бөлек категория деп тану ағаттық екенін дәлелдейді. Функционалды грамматика тұрғысынан келгенде, ғалымның бұл пайымын дұрыс шешім деп қабылдауға болады.