СЕН СҰЛУ
Мағжан Жұмабаев: қазақ поэзиясының шолпан жұлдызы
Мағжан Жұмабаев — қазақ поэзиясының шолпан жұлдыздарының бірі әрі бірегейі. Ол артына өшпес рухани мұра қалдырды. Жарты ғасырдан аса уақыт бойы есімі мен шығармалары аталмай, идеологиялық қудалауға ұшыраған ақынмен халқы тек көп жылдан кейін ғана сағына қауышты. Тағдыры ауыр болғанымен, өміршең жырлары кейінгі ұрпаққа өлмес қазына болып жетті.
ХХ ғасырдың басы — рухани-мәдени тарихымыздағы күрделі, қайшылығы мол кезең. Мағжанның ақын болып қалыптасуы ұлттық сананың оянуымен, қоғамның жаңа жол іздеген дағдарысты дәуірімен тұспа-тұс келді. Ол жалынды жырларымен ұлт рухын көтерген Алаш зиялыларының бірі болды.
Туған жері, отбасы және алғашқы білім
Мағжан 1893 жылы Солтүстік Қазақстан облысының қазіргі Булаев ауданы, Сасықкөл өңірінде дүниеге келген. Әкесі Бекен — көзі ашық, өжет, қайратты, парасатты адам. Ол ұзақ жыл болыс болып, ауылында мектеп ашып, мұғалім ұстап, балаларын оқытуға айрықша көңіл бөлген.
Бұл мектепте патша әскерінен қашып жүрген, оқыған-білімді башқұрт жігіті Ажиетдин Ақанов мұғалім болып істеген. Зерек Мағжан төрт жасынан-ақ осы мектептің табалдырығын аттап, хат танып, Шығыс әдебиетімен алғаш сонда танысады. Қолына түскен қисса-дастандарды оқуға құмартып, кейін Фирдоуси, Сағди, Ғафиз, Омар Хаям шығармаларын түпнұсқадан оқып-үйренеді.
Оқу жолы: медресе, семинария және дүниетаным
Білімге ынталы Мағжанды әкесі Қызылжардағы медресеге оқуға береді. Мұнда ол шығыс тілдерін меңгеріп, сол тілдердегі әдебиеттерді тереңірек таниды. Дәл осы жылдары ақындық таланты да айқын байқала бастайды. Ол Абайдың 1909 жылы Петербургте жарық көрген өлеңдерін оқып, рухани нәр алады.
Кейін Мағжан Уфадағы «Ғалия» медресесінде білімін жалғастырады. Сол жерде дәріс оқушылар арасында татардың классик жазушысы Ғалымжан Ибрагимов болған. Ұстазы Мағжанның алғырлығын танып, оның өлеңдерінің Қазанда Кәрімовтар баспаханасынан тұңғыш рет басылып шығуына көмектеседі әрі оқуын жалғастыруына ақыл-кеңес береді.
Орыс және Еуропа мәдениетін жақын тануға ұмтылған Мағжан Омбыдағы оқытушылар семинариясына түсіп, оны алтын медальмен бітіреді. Осы оқу орнында ол Сәкен Сейфуллинмен алғаш танысады.
Шығыс мұрасы
Шығыс әдебиеті дәстүрі Мағжан дүниетанымының арқауына айналды: классикалық дастандар мен поэтикалық ойлау жүйесі оның лирикасындағы нәзіктік пен романтикалық асқақ сезімге әсер етті.
Еуропа ықпалы
Орыс тілін жетік меңгерген ақын Пушкин, Лермонтов, Горький, Байрон, Гете секілді қаламгерлерді танып, таңдаулы шығармаларды қазақ тіліне аударып, ұлттық әдеби қорды байытты.
Алғашқы жинақ және азаматтық ұстаным
1912 жылы Мағжан небәрі 19 жасында ұстазы Ғалымжан Ибрагимовтың көмегімен «Шолпан» атты тұңғыш өлеңдер жинағын шығарады. Бұл жинақта ол тек жастық махаббатты емес, ел-жұртының тағдырына қатысты әлеуметтік ауқымы кең мәселелерді көтереді. Ақын Алаш қайраткерлерімен байланыс орнатып, «Қазақ» газетіне өлеңдерін жариялап тұрған. Міржақып Дулатұлының «Оян, қазақ!» рухымен үндес «Жатыр» атты өлеңін жазады.
Мағжанның өзек сөзі — ұлтқа адалдық, ар-адамгершілік, азаттық аңсары және туған жерге шексіз сүйіспеншілік.
Қудалау, Мәскеу кезеңі және трагедиялық тағдыр
1923–1927 жылдары Мәскеуде оқыған Мағжан Батыс Еуропа әдебиетімен және орыс қаламгерлерімен жақын танысты. 1924 жылы Мәскеуде Кеңес пролетариат жазушыларының қауымдастығы құрылып, социалистік реализмді орнықтыру бағыты күшейген тұста шығармашылық еркіндікке тұсау салатын саясатқа келіспеген зиялылардың қатарында Мағжан да болды.
Сол жылы Мәскеуде жүріп «Алқа» ұйымын құруға талпынып, қазақ жазушыларын ұлттық бағытқа біріктіруді көздеді. «Табалдырық» атты бағдарламаны қолжазба түрінде таратып, өз ұстанымын білдірді. Алайда бұл бастама жүзеге аспады.
1929 жылы «жасырын ұлтшыл ұйым құрды» деген жалған айыппен Мағжан Мәскеудегі Бутырка түрмесіне қамалады. 1936 жылы ғана бостандыққа шығып, Қазақстанға оралады: Петропавлда мұғалім болады, бірақ саяси айыптаулар салдарынан жұмысынан босатылады. 1937 жылы Алматыда аудармамен айналысқан ақын 1938 жылы қайта қамауға алынып, ату жазасына кесіледі.
Түйін
Мағжанның ғұмыры қысқа болғанымен, оның поэзиясы халық жадында қалды: ол өз дәуірінің шындығын дәл бейнелеп қана қоймай, өлеңнің көркемдік қуатын ең биік деңгейде танытты.
Поэтикалық әлемі: лирика, эпика және аудармалар
Лирикасы
Мағжан — сыршыл лирик ақын. Оның лирикасы романтикалық асқақ сезіммен өріліп, жанды тербетеді, адамды нәзік әсем сезімдерге бөлейді. Тақырыптары алуан: туған жер, ата мекен, халық тағдыры, ар-адамгершілік, шынайы махаббат.
Эпикалық поэмалары
Мағжан — эпик ақын. Оның қаламынан «Батыр Баян», «Қорқыт», «Жүсіпхан» сияқты поэмалар туған. «Батыр Баян» поэмасында ақын Алашына деген суымас перзенттік жүректің ыстық сезімін шынайы өрнектейді: ел үшін еңіреген, майданда жолбарыстай ерлік көрсеткен аруақты батырға арналған шығарма ұлттық рухты асқақтатады.
Аудармашылық еңбегі
Мағжан ана тілінің мол байлығын бойына сіңіріп, орыс тілін жетік меңгерді. Осы қабілетінің арқасында әлем әдебиетінің таңдаулы үлгілерін қазақша сөйлетіп, ұлттық мәдениет игілігіне айналдырды.
- Пушкин
- Лермонтов
- Горький
- Байрон
- Гете
Педагогика және ағартушылық
Әдеби мұрамен қатар, Мағжанның қаламынан туған оқу құралдары да ел игілігіне қызмет етті. Жастарды оқу-білімге шақырған қаламгер әлемдік педагогикадағы ойларды қазақтың ұлттық ерекшелігімен ұштастырып, бірнеше еңбек жазды. 1923 жылы Ташкентте «Педагогика» кітабы және төменгі сыныпқа арналған «Сауатты бол» оқулығы жарық көрді.
Түркі дүниесі және тарихи-мәдени өріс
Елінің тарихы мен мәдени мұрасын терең білген Мағжан «Батыр Баян», «Қорқыт», «Оқжетпестің қиясында», «Қойлыбайдың қобызы», «Ертегі» сияқты поэмаларымен ұлттық жадыны көркем тілмен жаңғыртты. «Тұран», «Түркістан» арқылы Шығыс әлемін, күллі түркі дүниесін мақтанышпен жырлады. Сондықтан Мағжан Жұмабаевтың тұлғасы түркі жұрты алдында да биік: оның шығармашылығына қатысты жиындар Түркияда жиі өткізіліп, көптеген өлеңдері түрік тіліне аударылған.
«Түркістан — екі дүние есігі ғой, Түркістан — ер түріктің бесігі ғой…»
Адамдық болмысы және отбасы
Мағжан Жұмабаев ешқандай жоғары басшылық қызмет атқармаған. Замандастары оның сырт келбеті көрікті, болмысы жұртқа жақын болғанын айтады. Сәбит Мұқанов: «Мінезі баладай, тілі балдай еді. Адамға қайырымды, кешірімді, қалтқысыз жан еді…» деп жазған.
Ақынның алғашқы жарынан Граждан атты ұлы болып, кейін ол шетінеп кеткен. Соңғы зайыбы Зылиха өмірінің соңына дейін Мағжанның жанында болып, өлеңдерін жинап, бастырып отырған. Аумалы-төкпелі заманда өзіне жала жапқандарға да ауыр сөз айтпауы — оның адамгершілік биігін аңғартады.
Таңдамалы өлеңдерінен
«Балапан қанат қақты»
Балапан қанат қақты… Жас еді. Қанаты да қатып жеткен жоқ еді. Амалсыз қақты. Солтүстіктің суығына шыдай алмады. Суық жел сүйегіне жетті. Ызғар өкпесіне өтті.
Ұшып орманға барып еді, күні кеше күбірлесіп, күлімдесіп, жылы құшағын ашып тұрған ағаштар бұған мойнын бұрмады. Ұшып тоғайға барып еді, қанша шырылдап айналып жүрсе де, қалың ақ кебінін жамылып, тоғай тырп етпеді.
Балапан баспана таба алмады. Балапан қанат қақты… Аштан өлетін болды. Ойды-қырды қар басқан. Бір қылтанақ таба алмады.
Тоңып, дірілдеп, аласұрып жүрген балапанды көріп: «Қорама кір, қолымда тұр, қалған-құтқанымды берермін», — деп күлді солтүстіктің салқын жүрек, тас бауыр адамы!
Балапан қанат қақты… Ойы — жандәрмен жылы жаққа жетпек, егіз Есіл — Нұраның тәтті суларынан ішіп, Аралдың ыстық құмын құшпақшы.
Терең Балқаштың мөлдіріне шомылмақшы. Алтайдың етегінде «уһ» деп демін алып, Марқакөлдің қаймағында жүзбекші.
Балапан қанат қақты…
«Қазақ тілі»
Күш кеміді, айбынды ту құлады,
Кеше батыр — бүгін қорқақ, бұғады.
Ерікке ұмтылған ұшқыр жаны кісенде,
Қан суынған, жүрек солғын соғады.
Қыран құстың қос қанаты қырқылды,
Күндей күшті күркіреген ел тынды.
Асқар Алтай — алтын ана есте жоқ,
Батыр, хандар — асқан жандар ұмытылды!
Ерлік, елдік, бірлік, қайрат, бақ, ардың, —
Жауыз тағдыр жойды бәрін не бардың…
Алтын Күннен бағасыз бір белгі боп,
Нұрлы жұлдыз, бабам тілі, сен қалдың!
Жарық көрмей жатсаң да ұзақ, кен-тілім,
Таза, терең, өткір, күшті, кең тілім,
Тарап кеткен балаларыңды бауырыңа
Ақ қолыңмен тарта аларсың сен, тілім!
«Жер жүзіне…»
Жер жүзіне ер атағым жайылған,
Жан емеспін оттан, судан тайынған.
Қайраты мол қандыбалақ қыранмын,
Күн болған жоқ жаудан жүрек шайылған.
Еркін ырғып шыққам асқар Алтайға,
Қырда тұрып садақ тартқам Қытайға.
Талай тайғақ, тар кешуде таймаған
Батыр жүрек, қайрат енді алдай ма?!
Талмай, қайтпай қамал бұзған кемеңгер,
Арыстанға қарсы ұмтылған мендей ер.
Бір барқылдақ жалпылдаған төбеттен
Қорқар болсам, жұтсын мені қара жер!
«Мен жастарға сенемін»
Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты —
Қырандай күшті қанатты,
Мен жастарға сенемін!
Көздерінде от ойнар,
Сөздерінде жалын бар,
Жаннан қымбат оларға ар,
Мен жастарға сенемін!
Жас қырандар — балапан,
Жайып қанат ұмтылған.
Көздегені көк аспан.
Мен жастарға сенемін!
Жұмсақ мінез жібектер.
Сүттей таза жүректер.
Қасиетті тілектер —
Мен жастарға сенемін!
Тау суындай гүрілдер,
Айбынды Алаш елім дер,
Алтын Арқа жерім дер,
Мен жастарға сенемін!
Қажу бар ма тұлпарға,
Талу бар ма сұңқарға,
Иман күшті оларда,
Мен жастарға сенемін!
Алаш айбынды ұраны,
Қасиетті құраны,
Алаштың олар құрбаны,
Мен жастарға сенемін!
Мен сенемін жастарға.
Алаш атын аспанға
Шығарар олар бір таңда,
Мен жастарға сенемін!
«Сен сұлу»
Білем анық: жанға жайлы май сұлу,
Жарқ-жарқ еткен майда найзағай сұлу.
Қызықты орман, көңілді еркін кең дала,
Күміс табақ көкте жүзген Ай сұлу.
Кешкі ескен жібек, жылы жел сұлу,
Хош иісті түрлі-түсті гүл сұлу.
Әдемі аспан — төбедегі көк шатыр,
Асқар тауы, дариясымен жер сұлу.
Сылқ-сылқ күліп сылдыр қаққан су сұлу,
Көлге қонып қаңқылдаған қу сұлу.
Бейне айнадай жарқыраған айдыннан
Күн шығарда көтерілген бу сұлу.
Шаңқай түсте өткір, алтын Күн сұлу,
Жымыңдаған жұлдыздармен түн сұлу.
Толып жатыр түрлі сұлу дүниеде,
Бәрінен де маған, сәулем, сен сұлу!
«Жауға түскен жанға (М.Д.-ға хат)»
Дамыл көрмей ерте-кеш,
Жұрттың қамын көп жедің.
Байладың белді, салып күш,
Тыныштық жүзін көрмедің.
Жағаластың жауменен,
«Бермеймін жұртым, жаным», — деп.
Алыспақ болдың тауменен,
«Жұрт үшін төгем қаным», — деп.
«Оян!» — дедің жұртыңа,
«Бас көтеріп, тірлік қыл!»
Ақыл айттың ұлтыңа:
«Таста талас, бірлік қыл!»
Бір шешпедің беліңді,
Жұрт үшін уайым-қайғы жеп,
Сақтамақ болып еліңді:
«Қара күн алда, бекін», — деп.
Қараңғы үйге қамады,
Мейірімсіз өңшең тасбауыр.
Сорлыға Тәңірі пана-ды,
Болса да бейнет қанша ауыр.
Қараңғы болса қанша түн,
Жұлдыз сонша жарқырар.
Бұлт басса да Алтын Күн,
Бір шығар, жерді жарық қылар.
«Тұтқын (М.Д.-ға хат)»
Кеудеде — от, іште — жалын, көзде — жас,
Күні-түні қайғы жұтқан сорлы бас.
Сабан төсек, дым, қараңғы жатағы,
Наны қара, шайы қара, қарны аш.
Жарық сәуле — не Ай, не Күн көрсетпес,
Жақынының «Ой, бауырым!» естірмес.
Іс санаулы, сөз аңдулы, ерік жоқ,
Өз қолымен ұнамды тон пішірмес.
Қайғыланба, сорлы тұтқын, еш нетпес,
Күн батқанмен, таң атпайтын түн жетпес.
Ер жүректі азаматтың басына
Бұл жалғанда нелер келіп, не кетпес?!
«АБАҚТЫДАН ШЫҚҚАНДА»
Зор қуаныш — қара түн өткеніне,
Алтын таңды ашық күн жеткеніне,
Қан аралас төгілген көп көз жасты
Тәңірі қабыл, мейірім ғып, еткеніне.
Ерік құсы қайта ұшып келгеніне,
Дұшпан болмай дұшпанның мергеніне.
Қайта шықты батқан Күн, нұр шашылды,
Мың шүкірлік Тәңірінің бергеніне.
Қараңғы болса қанша түн,
Жұлдыз сонша жарқырар.
Бұлт басса да Алтын күн,
Бір шығар, жерді жарық қылар.
Мағжантану және ақталу
Бүгінде Мағжантану — ұлттың рухани-мәдени құндылықтары қатарындағы іргелі сала. Қазақ әдебиетінің сарқылмас қазынасына айналған ұлы суреткер шығармашылығын көптеген ғалым зерттеп, ғылыми еңбектер мен оқулықтар жазды. Профессор Шериздан Елеукенов Мағжантану жолында сүбелі еңбек етіп, осы бағыттағы зерттеулері үшін мемлекеттік сыйлыққа ие болды. 1988 жылдары Алаш азаматтарын ақтау туралы құжатты әзірлеуге атсалысып, ақын мұрасының халқымен қайта қауышуына ықпал етті.