Шәкәрім Құдайбердіұлы
Шәкәрім Құдайбердіұлы: өмір жолы мен рухани қалыптасуы
Шәкәрім Құдайбердіұлы 1858 жылы Шыңғыстауда дүниеге келді. Болашақ ұлы ақын Абайдың жеті ағайынды болғаны белгілі. Шәкәрімнің әкесі Құдайберді — сол жетеудің ең үлкені. Парасатты, мейірбан, кең пейілді ағасын Абай айрықша қадірлегені айтылады.
Құдайберді Шәкәрім алты жасқа толғанда қайтыс болады. Кейін жетімдік пен жоқшылық қыспағын қатты көрмесе де, әке мейірімінен ерте айырылған, қаршадайынан-ақ зеректігі байқалған Шәкәрімді Абай өз қамқорлығына алады. Туған әулет дәстүрі, өскен ортаның ықпалы, ақын ағаның тағылымы Шәкәрімнің азамат болып қалыптасуына ғана емес, ақын ретінде қанаттануына да ерекше әсер етті.
Шәкәрімнің Абай туралы бағасы
«Әкеміздің бір шешесінен туған Ибраһим мырза, — қазақ ішінде Абай деп атайды, — сол кісі мұсылманша һәм орысша ғылымға жүйрік һәм Алланың берген ақылы да бұл қазақтан бөлек дана кісі еді. Ер жеткен соң сол кісіден тағылым алып, әр түрлі кітаптарын оқып, насихатын тыңдап, аз ғана ғылымының сәулесін сездім. Ибраһим мырзаның тұрағы қазақ іші болғандықтан, қадірі азырақ білінді. Алай болмағанда данышпан, хәкім, философ кісі еді», — деп жазады.
Білімге ұмтылыс және кең өріс
Арнайы оқу орындарын бітірмесе де, Абайдың жетекшілігімен және өз бетінше ізденудің нәтижесінде Шәкәрім өз дәуіріндегі қазақ ортасында ғана емес, күллі Түркістан өңірінде де ең білімдар тұлғалардың бірі болып танылды. Ол түрік, араб, парсы тілдерін меңгеріп қана қоймай, орыс тілін де жетік білді; классикалық Шығыс поэзиясын, орыс және Еуропа әдебиетінің озық үлгілерін терең түсініп оқыды. Сонымен бірге философия мен дін тарихына қатысты еңбектерді жүйелі түрде қадағалап отырды.
Тарихи сілкіністер және ішкі бетбұрыс
1904 жылы Абайдың қайтыс болуы, өнерлі екі інісі — Ақылбай мен Мағауиядан айырылуы, сондай-ақ Ресей империясы құрамындағы езілген ұлттар зор үміт артқан 1905 жылғы алғашқы орыс революциясының жеңілісі Шәкәрім санасына терең әсер етті. Бұл оқиғалар оның өмірге, қоғамға және қоғамдық қызметке көзқарасын өзгертті.
Ол қажылық сапарға дінді ғана тану үшін емес, ел танып, жер көру, көкжиегін кеңейту мақсатымен аттанады. Бұл сапар оның ой өрісін одан әрі ашып, ақынның санасында бір түйінді тұжырымды бекітеді: қазақ халқы дін қуған мұсылманшылық жолын ғана місе тұтпай, ғылым-білімге ұмтылған Еуропа халықтарының жолын таңдауы қажет.
Осы кезеңде ол көптен қызықтаған толстойшылдық идеясына біржола ден қояды. Өмірдің даңғаза тірлігінен бойын аулақ салып, жұрттан оқшауланады да, Шыңғыстың күнгей сыртындағы Шақпақ деген жерде таза әдеби қызметпен айналысып, қысы-жазы жападан-жалғыз тұрады.
Шәкәрім 1931 жылы қайғылы қазаға ұшырады.
Поэмалары: дәуір фоны және әлеуметтік өзек
Енді Шәкәрім поэмалары туралы азғана сөз. Оның үш поэмасы да — «Қалқаман — Мамыр», «Еңлік — Кебек», «Нартайлақ — Айсұлу» — ескі қазақ тұрмысынан алынған. Алайда бұлардың ешқайсысы тарихи шығарма емес: поэмаларда тарих — фон ғана, ал автордың баса назар аударғаны — әлеуметтік мәселелер мен адам мінезі.
Жанрлық табиғаты
- «Қалқаман — Мамыр» — лиро-эпикалық жырға бейім.
- «Еңлік — Кебек» — әлеуметтік дастан.
- «Нартайлақ — Айсұлу» — махаббат драмасы.