Бұқаралық ақпараттық жүйеде 100 - мегабитті технологияны

Компьютерлік желілер туралы кіріспе

Сіздер дербес компьютерлердің желілері (тораптары) туралы естіген де шығарсыздар. Олардың ауқымы бойынша жалпы және жергілікті желілерге бөлінетінінен де хабардар боларсыздар. Бұқаралық ақпарат құралдарында «100 мегабиттік технология», «желілік технологиялар», «интернеттегі жанжал», «интражелілер» сияқты тіркестер жиі айтылады.

Дегенмен бұл материалды түсіндіру барысында оқушылар желілермен әлі таныс емес, тек компьютердің құрамын біледі деп есептейміз. Егер сізде бір-ақ компьютер болып, модеміңіз де болмаса, компьютерлік желінің артықшылықтарын толық сезіне алмайсыз. «Атың болмаса, жорғасын қайдан білесің» деген сөз осындайда еске түседі.

Ал бірнеше компьютеріңіз болса немесе мәліметті қашықтағы компьютерге жөнелту қажет болса, желілік технологиялардың мүмкіндіктері сіз үшін аса маңызды болады. Желілік технологиялар шығынды едәуір азайтып, уақытты үнемдеуге көмектеседі. Ендеше компьютерлік желілердің қолданылатын аймақтарына қысқаша тоқталайық.

Компьютерлік желі дегеніміз не?

Компьютерлік желі — байланыс құралдарының көмегімен өзара қарым-қатынас жасап, мәлімет алмаса алатын кем дегенде екі компьютерден тұратын, ақпарат өңдеудің тармақталған жүйесі.

Басқаша айтқанда, желі деп дербес компьютерлердің, сондай-ақ принтер, модем, факсимильдік аппарат сияқты есептеу құрылғыларының өзара байланысқан жиынын айтамыз.

Желілер әрбір қызметкерге басқа пайдаланушылармен мәлімет алмасуға, құрылғыларды ортақ пайдалануға, қашықта орналасқан қуатты компьютерлердегі мәліметтер базасымен жұмыс істеуге және тұтынушылармен тұрақты байланыс орнатуға мүмкіндік береді.

Желіге қосылған компьютерлердің негізгі қызметтері

Қатынасты ұйымдастыру

Желі арқылы байланыс орнатуды жоспарлау және тұрақты жұмысын қамтамасыз ету.

Мәлімет алмасуды басқару

Компьютерлер арасындағы деректердің берілуін үйлестіру, реттеу және басқару.

Ортақ ресурстар мен қызметтер ұсыну

Желіні пайдаланушыларға есептеу құрылғыларын ортақ қолдануға беру және әртүрлі желілік қызметтерді ұсыну.