Қаржылык салымдар
Эмитент және бағалы қағаздардың негізгі жіктелуі
Акция, облигация және басқа да бағалы қағаздарды шығару арқылы капитал тартуды көздейтін заңды тұлғалар эмитент деп аталады. Эмитент бағалы қағазды иеленушілердің (сатып алушылардың) алдында белгілі жағдайларда міндеттеме (борыш) қабылдайды.
Эмитентіне қарай түрлері
Мемлекеттік
Мемлекет және Ұлттық банк шығаратын қағаздар.
Муниципалдық
Жергілікті атқарушы органдар шығаратын қағаздар.
Корпоративтік
Кәсіпорындар мен ұйымдар шығаратын қағаздар.
Мемлекеттік, муниципалдық және корпоративтік бағалы қағаздар
Мемлекеттік бағалы қағаздар
Мемлекеттік бағалы қағаздар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік ішкі және сыртқы қарыздарды өтеу мақсатында шығарылады. Бұл санаттағы бағалы қағаздарды мемлекет атынан, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі эмиссиялауы мүмкін. Үкімет мұндай құралдар арқылы республикалық бюджет тапшылығын қаржыландыруды және инфляциялық қысымды төмендетуді көздейді, ал Ұлттық банк айналымдағы ақша массасының қозғалысын реттеуге ықпал етеді.
Негізгі түрлері:
- Ұлттық жинақ облигациялары
- Мемлекеттік қысқа мерзімді қазынашылық міндеттеме (МЕККАМ)
- Мемлекеттік орта мерзімді қазынашылық міндеттеме (МЕОКАМ)
Муниципалдық бағалы қағаздар
Муниципалдық бағалы қағаздар жергілікті атқарушы органдардың шешімімен жергілікті бюджеттен эмиссияланады. Оларды шығарудың басты мақсаты — өңірлік әлеуметтік-экономикалық міндеттерді қаржыландыру: ауруханалар салу, балабақша мен мектептерді дамыту, тұрғын үй құрылысы, жол инфрақұрылымын жақсарту және өзге де әлеуметтік жобалар.
Корпоративтік бағалы қағаздар
Корпоративтік бағалы қағаздар кәсіпорындар мен ұйымдардың өз жарғылық капиталын қалыптастыру немесе ұлғайтуға, сондай-ақ шаруашылық қызметін қаржыландыруға байланысты шығарылады. Көп жағдайда мұндай эмитенттер — акционерлік қоғамдар.
Мазмұны мен табыс сипатына қарай жіктеу
Мазмұнына қарай: ақшалай және капиталдық
Ақшалай бағалы қағаздар
Қарызға ақша алынғанын білдіреді. Бұған вексельдер, депозиттік және жинақ сертификаттары жатады. Әдетте табыс бір рет алынады және көбіне қысқа мерзімді (1 жылға дейін) болады.
Капиталдық бағалы қағаздар
Кәсіпорын капиталының құрылуына немесе ұлғаюына байланысты шығарылады. Бұл санатқа акция мен облигация жатады.
Табысына қарай: қарыздық және инвестициялық
Қарыздық бағалы қағаздар
Эмитент белгілі бір мерзім ішінде негізгі қарызды және белгіленген пайызды төлеуге міндетті. Бұған облигациялардың барлық түрлері, вексельдер және өзге борыштық құралдар кіреді.
Инвестициялық бағалы қағаздар
Иеленушіге активтің бір бөлігін иеленуге құқық береді. Негізгі мысал — акция.
Шығарылу мақсаты, айналымы және қызметі бойынша
Шығарылу мақсатына қарай
Қорлық бағалы қағаздар
Қор биржаларында айналысқа түседі және көп көлемде эмиссияланады. Бұған акциялар мен облигациялар жатады.
Саудалық бағалы қағаздар
Коммерциялық операциялар кезінде есеп айырысуға арналған құралдар.
Нарықтағы айналым ерекшелігіне қарай
Нарықтық бағалы қағаздар
Айналыста еркін сатылып және сатып алынады.
Нарықтық емес бағалы қағаздар
Еркін түрде қолдан-қолға өте бермейді, яғни екінші айналымға түсе бермейді.
Қызметі мен рөліне қарай
- Негізгі: акция, облигация
- Көмекші: чектер, вексельдер, депозиттік сертификаттар
- Туынды: варранттар, опциондар, фьючерстер, бондар және т.б.
Акция және облигация: мәні мен айырмашылығы
Акция
Акция — акционерлік қоғамның дамуына қаржы салынғанын куәландыратын және иесіне қоғам пайдасының бір бөлігін дивиденд түрінде алуға құқық беретін бағалы қағаз. Акциялар, әдетте, айналым мерзімі алдын ала шектелмей шығарылады.
Жай акциялар
Қоғамды басқаруға қатысу құқығын береді. Әдетте бір жай акция акционерлердің жалпы жиналысында бір дауысқа ие. Дивиденд төлеу алдымен қоғамның міндеттемелері орындалып, кейін артықшылығы бар акциялар бойынша дивидендтер төленгеннен соң жүзеге асырылады.
Артықшылығы бар (пұрсатты) акциялар
Басқаруға қатысу құқығын бермей, иесіне алдын ала белгіленген мөлшерде дивиденд алуға құқық береді. Сондай-ақ табысты бөлу кезінде немесе қоғам таратылғанда жай акциялармен салыстырғанда белгілі бір артықшылыққа ие болады.
Облигация
Облигация — оның иесінің қаражат салғанын куәландыратын және эмитенттің көрсетілген мерзім ішінде облигацияның номиналды құнын және белгіленген пайызын төлей отырып, оны өтеу міндеттемесін растайтын бағалы қағаз. Облигациялар кәсіпорын үшін де инвестиция тартудың маңызды көзі болып саналады.
Қаржылық салымдар және олардың түрлері
Қаржылық салымдар — кәсіпорынның бағалы қағаздарды сатып алуға, еншілес және басқа кәсіпорындарға қаржы салуға, сондай-ақ вексель және өзге борыштық міндеттемелер негізінде басқа ұйымдарға ұзақ мерзімді қарыз беруге бағытталған салымдары.
Есепте көрсетуіне қарай
Қысқа мерзімді қаржылық салымдар
Бір жылдан кем мерзімде ұсталып, табыс табу немесе өтімділікті басқару үшін жасалады. Бұған 1 жылға дейін сақталатын акциялар, облигациялар және басқа бағалы қағаздар, сондай-ақ 1 жылға дейін берілген қарыздар жатады.
Ұзақ мерзімді қаржылық салымдар
Бір жылдан артық кезеңге табыс табу мақсатында жасалады: бағалы қағаздарды сатып алуға кеткен шығындар, еншілес кәсіпорындардың жарғылық (пайлық) қорларына салымдар, 1 жылдан артық мерзімге берілген қарыздар.
Қаржылық салымдар құрамындағы жиі кездесетін құралдар
Акциялар
Дивиденд түрінде пайданың бір бөлігін алуға құқық береді. Жай және артықшылығы бар болып бөлінеді.
Облигациялар
Белгіленген сыйақы (пайыз) алуға құқық береді. Кәсіпорынның мүмкіндігі шектеулі болса да, табыс алуда облигация иелерінің басымдығы болады.
Жинақ сертификаттары
Банктің салымшыға белгілі мерзімге депозит салынғанын растайтын куәлігі. Мерзімі біткен соң салым және сыйақы бірге төленеді.
Дивиденд пен сыйақыны төлеудегі басымдық
Егер кәсіпорынның қаржылық мүмкіндіктері акциялар бойынша дивидендтер мен облигациялар бойынша сыйақыны бір мезгілде төлеуге жеткіліксіз болса, табыс алуда облигация иелерінің басым құқығы болады. Табыстың жетіспеушілігі жағдайында облигациялар бойынша сыйақы резервтік қор есебінен, ал артықшылығы бар акциялар бойынша дивидендтер сол мақсат үшін құрылған арнайы қорлар есебінен төленуі мүмкін.
Қағазсыз нысан және сертификат ұғымы
Бұрын бағалы қағаздар тек қағаз түрінде, арнайы бланкілерге басылып шығарылатын. Соңғы жылдары айналым көлемінің өсуіне байланысты көптеген бағалы қағаздар есеп жүйелеріндегі жазбалар түрінде және түрлі ақпарат тасымалдаушыларында тіркелетін қағазсыз (көрнекті емес) нысанға көшті.
Осыған байланысты бағалы қағаздар нарығында бағалы қағаздардың өзімен қатар олардың орнын алмастыратын құралдар да шығарылып, айналысқа түсіп, жойылып отырады. Мұндай жағдайда меншік құқығын куәландыратын құжат ретінде бағалы қағаздың сертификаты беріледі.