Ақсу ауылы
Сайрам ауданы — облыстың оңтүстік-шығысында орналасқан әкімшілік-аумақтық бірлік. Аудан 1928 жылы құрылған. Жер аумағы 1,7 мың шаршы шақырымды құрайды (облыс аумағының 1,4%-ы). Халық саны — 241,8 мың адам. Аудан аумағындағы 73 елді мекен 17 ауылдық округке біріктірілген. Әкімшілік орталығы — Ақсу ауылы.
Қысқаша деректер
- Құрылған жылы
- 1928
- Аумағы
- 1,7 мың км²
- Халық саны
- 241,8 мың
- Әкімшілік орталығы
- Ақсу ауылы
Географиялық орны және жер бедері
Аудан жері негізінен оңтүстіктен солтүстікке қарай көлбеу жатқан тауетектік жазықтан тұрады. Кей тұстары төбелі, сайлы-жыралы болып келеді. Жер қойнауында құрылысқа қажетті материалдардың кен орындары бар. Топырақ жамылғысының басым бөлігі — сұр және сұр-қоңыр топырақ.
Аудан аумағының көп бөлігі жыртылған. Табиғи өсімдік жамылғысы негізінен егістік алқаптарда және сай-жыралардың беткейлерінде ғана сақталған. Бұл жерлерде жусан, жантақ, жыңғыз сияқты өсімдіктер, ал өзен бойында тоғайлы белдеулер кездеседі.
Климат
Климат типі
Континенттік: қысы біршама жылы, жазы ыстық әрі қуаң, аңызақты.
Орташа температура
Қаңтарда: 3–4°C, шілдеде: 24–26°C.
Жауын-шашын
Жылдық орташа мөлшері: 250–350 мм.
Өзендер және табиғи орта
Аудан аумағымен Арыс, Ақсу, Сайрамсу және Бадам өзендері ағып өтеді. Фаунасы алуан түрлі: қасқыр, түлкі, қоян, борсық, саршұнақ, сондай-ақ қырғауыл, бөдене, кекілік сияқты құстар мекендейді.
Негізгі өзендер
- Арыс
- Ақсу
- Сайрамсу
- Бадам
Халық құрамы және қоныстану
Сайрам ауданы көпұлтты аймақ. Негізгі этникалық құрам: өзбектер — 64,1%, қазақтар — 26,2%, түріктер — 3,3%, әзербайжандар — 1,2%. Халықтың орналасу тығыздығы орта есеппен 1 шаршы шақырымға 135 адамнан келеді — бұл облыстағы ең тығыз қоныстанған аудандардың бірі.
Ірі елді мекендер
Ақсу ауылы
26,4 мың
Қарабұлақ
32,8 мың
Сайрам
28,3 мың
Қарасу
8,1 мың
Базарқақпа
5,8 мың
Көлкент
5,5 мың
Қалған елді мекендер (таңдау үшін ашыңыз)
Экономика және өнеркәсіп
Ауданда ауыл шаруашылығы жетекші орын алады. Бұрын сүтті-етті мал шаруашылығы, биязы жүнді қой өсіру, мал азықтық дақылдар, астық, көкөніс, жеміс, жүзім және сүт өндіруге маманданған 7 ұжымшар, 5 кеңшар, 1 мал бордақылау бірлестігі және облыстық ауыл шаруашылық тәжірибе станциясы жұмыс істеген. Кейін олардың негізінде өндірістік кооперативтер, ЖШС, АҚ және 4739 шаруа қожалығы ұйымдастырылды.
Ірі кәсіпорындар
-
«Манкентсельмаш» АҚ
Ауыл шаруашылық машиналарын шығарады.
-
«Жер-Ана» ЖШС
Жеміс-көкөніс консервілерін өндіреді.
-
«Арай» ЖШС
Өсімдік майын өндіреді.
-
«Оңтүстік құс» АҚ
Жұмыртқа, жұмыртқа ұнтағы, құс еті және құс етінен жасалған шұжық шығарады.
-
«Ақсу» ӨК
Ауыл шаруашылық өнімдерін өндіреді.
Сонымен бірге ауданда кірпіш зауыты жұмыс істейді.
2003 жылғы өндіріс көлемі
2003 жылы ауыл кәсіпорындары 4316,6 млн теңгенің өнеркәсіп өнімдерін өндірді. Негізгі көрсеткіштер:
-
Ет және құс еті өнімдері
117 т
-
Өсімдік майы және тоң май
4797 т
-
Дән және өсімдіктен алынған ұн
35,8 мың т
-
Малға арналған дайын жем
41,4 мың т
-
Жүзім шарабы
38,6 мың л
-
Шырындар
73,6 мың л
Ауыл шаруашылығының мамандануы
Аудан ет-сүт өндіруге, сондай-ақ шошқа және құс өсіруге маманданған. Ауыл шаруашылық тауарын өндірудегі үлесі облыс бойынша 8,4%-ды құрайды. Облыстағы мал басының елеулі бөлігі осы ауданда шоғырланған: ірі қараның 18,4%-ы, сиырдың 14,7%-ы, қой мен ешкінің 6,4%-ы, шошқаның 30,1%-ы, жылқының 13,4%-ы.
Егіншілік көрсеткіштері
Ауданда облыстағы бидай егістігінің 15,1%-ы, арпаның 10,65%-ы, қант қызылшасының 87,0%-ы, мақсарының 14,5%-ы, картоптың 17,3%-ы, көкөністің 14,8%-ы, жеміс-жидектің 21,2%-ы, жүзімдіктің 17,8%-ы орналасқан.
Көкөніс
19,5%
Жалпы өнім құрылымында
Дәнді дақыл
12,9%
Жалпы өнім құрылымында
Картоп
6,6%
Жалпы өнім құрылымында
Ауданның ауыл шаруашылық жалпы өнімінің 44,1%-ын ет, сүт және жұмыртқа өндірісі құрайды.
Әлеуметтік инфрақұрылым
Білім беру
Ауданда жалпы білім беретін мектептермен қатар спорт, музыка, кәсіптік-техникалық мектептер және бала-бақшалар жұмыс істейді.
Мәдениет
Драма театры, аудандық және ауылдық мәдениет үйлері, клубтар мен кітапханалар халыққа қызмет көрсетеді.
Денсаулық сақтау
2 облыстық аурухана бөлімшесі, аудандық емхана, амбулаториялар және фельдшерлік-акушерлік пункттер бар.
БАҚ және сауықтыру
1932 жылдан бері қазақ, орыс және өзбек тілдерінде аудандық газет шығарылып келеді. Минералды сумен емдейтін «Манкент» санаторийі жұмыс істейді.
Тарихи мұра
Көне Сайрам шамамен екі мың жыл бойы Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан. VIII–XII ғасырларда өмір сүрген Сайрам қаласы ұлы ғұлама Қ.А. Иассауидің кіндік қаны тамған қасиетті мекен ретінде айтылады. Қаланың орны бүгінгі күні тарихи ескерткіш ретінде сақталған.