Біріншісі - аталмыш мектептерге болыстардан балаларды неғұрлым мол тарту, сол үшін мектептер жанына интернаттар салу

Қазақстанда халыққа білім беру ісі қалыптаса бастаған кезеңде оқу жұмысының мазмұны мен түрі жөніндегі мәселелер де қатар шешіліп отырды. Бұл үдеріс әлеуметтік-саяси топтардың мүдделерімен тығыз байланыста өрбіді. Білім беру жүйесінде өз орнын табуға және оның бағытына ықпал етуге ұмтылған төрт топты бөліп көрсетуге болады.

1) Діни дәстүршіл бағыт: қадими мектепті сақтауға ұмтылғандар

Бірінші топқа фундаменталдық исламдық білім беру жүйесін орнықтыруды көздеген мұсылман дін басылары жатты. Ресейге толық бағынғанға дейін қазақ қоғамында ислам діні біркелкі таралмағаны белгілі. Алайда Ресей ықпалы күшейіп, Орта Азияның да империя құрамына енуі жағдайды өзгертті: отарлық қысым халықтың ішкі наразылығын күшейтіп, рухани жақын тірек ретінде исламға бет бұруды үдетті.

Бұл топ көне білім беру жүйесі — қадимиді дамытуға күш салды. Дегенмен оның басты кемшілігі — оқытудың догматикалық сипаты адамның еркін ойлауын және жан-жақты дамуын шектеуі еді.

2) Жаңашыл бағыт: жәдид қозғалысы және төте оқу

Екінші топ — қоғамдағы өзгерістерді көріп, ескі мұсылмандық білім беру жүйесін жаңғырту қажет екенін түсінген жаңашылдар, яғни жәдидтер. 1905 жылдан кейін қазақ даласында қадими мектептердің азайып, жәдид мектептерінің көбейе бастауы осы үрдістің айғағы.

Жәдидтер нені сынға алды?

  • орта ғасырларда қалыптасқан оқу жоспарлары мен бағдарламаларды;
  • оқулықтардың ескілігін;
  • оқыту әдістерінің өмір талабына сай келмеуін.

Олар өздерін жадидтар (жаңашылдар), ал әдісін усули жадид деп атады.

Ресейдегі жәдид қозғалысының жетекші орталықтарының бірі Қырымның Бақшасарай қаласында шыққан «Тәржіман» газеті (1883) болды. Оның бас редакторы Исмайлбей Гаспиринский 1884 жылы алғашқы жәдид мектебін ашып, оқу кеңістігін Еуропалық үлгіге жақындатты: парта, жазу тақтасы, география мен тарих карталары, глобус, оқу құралдары, сабақ кестесі, сынып журналы сияқты элементтер енгізілді.

Жәдид мектептерінде кластық-сабақтық жүйе орныға бастады: шәкірттерді белгілі бір мезгілде қабылдау, сабақты жоспарлы ұйымдастыру, сондай-ақ ұрып-соғып жазалауға тыйым салу тәрізді гуманистік қағидалар алға шықты. Гаспиринский мектебі түркі тілдес халықтар үшін қадими мектепті замана талабына сай қайта құрудың тәжірибелік үлгісіне айналды.

Орталық Азиядағы идеялық өріс

Орталық Азия жәдидтері (ақындар Абдур-Рауф Фитрати, Махмуд Бехбуди және басқалар) тарихи қаһармандықты дәріптеп, зиялыларды Тұран аймағының беделі мен абыройын қайта көтеруге үндеді. Олар ескі шағатай тілін жандандыруды да мәдени міндет ретінде түсіндіріп, «шағатайша әңгімелесу» сияқты әдеби үйірмелер ұйымдастырған.

1906 жылғы сиез шешімдері

1906 жылы Нижний Новгородта өткен мұсылман халықтарының Бүкілресейлік ІІІ сиезінде жәдидтердің ұсыныстары едәуір қолдау тапты: мектептерде оқытуды ана тілінде жүргізу, барша мектепке ортақ оқу жоспарлары мен бағдарламаларын жасау, мұсылмандар үшін жалпыға бірдей міндетті бастауыш білім енгізу сияқты талаптар көтерілді.

Қадими мен жәдидтің оқу мазмұнындағы айырмашылық

Қадими мектеп

  • оқу көбіне араб тілінде жүргізілді;
  • діни білім басым болды.

Жәдид мектеп

  • әдебиет, тіл, есеп;
  • тарих, табиғаттану;
  • кей жерлерде орыс тілі пәні де оқытылды.

Ірі медреселерде фараиз, усул-фиқһ, хикмет, наху, акаид, мантық (логика) сияқты пәндермен бірге арифметика мен орыс тілі де оқытылған. Осылайша Құран көптеген пәннің біріне айналды.

Қазақ даласында орыс мәдениеті негізіндегі ұлттық мектептер аз болғандықтан, Уфа мен Қазан медреселерін бітіргендер жәдид мектептері арқылы оқу-білім таратуда елеулі қызмет атқарды. Бірақ патша әкімшілігі, әсіресе жандармерия жәдид мектептерінің көбеюін қауіп көріп, Уфада оқитын шәкірттерді де, далада көшпелі төте оқу мектептерін ашқан татар мұғалімдерін де қудалады.

Қазақстанда жәдид қозғалысы Орталық Азиядағыдай қатты қарсыласуға ұшырамағанымен, кең өріс ала қойған жоқ: мектеп саны аз болды, көбіне қалаларда шоғырланды. Сондықтан қарапайым жұрт жәдид мектептерінің қадими мектептерден айырмасын толық аңғара алмады. Бұған қазақ буржуазиясы мен зиялылардың аздығы, экономикалық мешеулік және саяси үгіт-насихат тәжірибесінің әлсіздігі себеп болды.

Зерттеуді қажет ететін деректер

Қазақстандағы жәдид мектептерінің саны, оқу жоспарлары мен оқулықтарының ерекшеліктері бүгінге дейін толық жүйеленбей келеді. К.Е. Бендриков дерегі бойынша, 1909 жылы Сырдария облысында 39, Жетісу облысында 18 жәдид мектебі болған. Басқа облыстардағы нақты санды айту қиын.

Қазақстан жағдайында қадими мектептерді жәдид үлгісіне көшіруге көбіне «Ғалия» медресесінде және оқушылар семинарияларында орысша білім алған қазақ зиялылары белсене кіріскен сияқты. Олар Еуропа педагогикасының жетістіктеріне сүйене отырып, сабақты жаңаша ұйымдастыруға ұмтылды. Кейбір ұстаздар қозғалыс күшейсе қуанып, бәсеңдесе қынжылып отырған.

Мысалы, ХІХ ғасырдың 80-жылдарында «Тәржіман» газетіне жасалған қысымға наразылық білдіріп, редакцияға қолдау хат жазғандардың бірі — Ақмешіт уезі Қазалы қаласының тұрғыны, оқытушы Әубәкір Салықов. Қатардағы мұғалімнің қозғалысқа үн қосуы жәдид идеясының әлеуметтік-педагогикалық маңызын әрі ықпал ауқымын байқатады.

«Ғалия» медресесі және қазақ жастарының жаңа буыны

Мұсылманша білім іздеген қазақ жастарының көбі ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында Уфадағы «Ғалия» және «Хұсайния» медреселерінде оқыды. Әсіресе «Ғалия» медресесі жаңашыл бағытымен жастар арасында беделге ие болды.

Уфа қаласындағы «Ғалия» медресесін 1872 жылы жаңашыл ғалым Зия Камали ашып, ұзақ жыл басқарды. 1913 жылы «Қазақ» газетінде Ғайса Тоқтарбекұлы бұл медреседе қырыққа жуық қазақ жасының оқып жүргенін хабарлайды: Семейден — 14, Ақмоладан — 7, Астраханнан — 6, Жетісудан — 6, Торғайдан — 5, Сырдариядан — 2 шәкірт.

1915 жылы сол басылым «Ғалияда» қазақ қызы Мағфура Найманқожа қызының оқитынын да жазады. Уфа осылайша қазақ жастарының білім алып, татар-башқұрт жастарының ортасымен тығыз араласқан рухани-мәдени орталығына айналды.

«Мамания» мектебі: қазақ меценаттығының айқын үлгісі

Қазақ даласында «жымысқы» ойлардан ада, халық баласына игілік жасауды көздеп, өз қаржысына мешіт тұрғызып, жәдидше оқытатын мектеп ашқан ауқатты азаматтар да болған. Соның жарқын мысалы — Жетісу өңіріндегі (қазіргі Алматы облысы, Ақсу ауданы) «Мамания» мектебі.

Бұл оқу орнын ашуға Маман әулеті ұйытқы болған. Деректерде Есенқұл және Сейітбаттал Мамановтар аты жиі аталады. Мектеп кейде әке-аға есімдерімен қосарланып «Маман, Тұрысбек мектебі» деп те көрсетілген. Бастаманы көтерген Есенқұлдың да, жыл сайын қомақты қаражат бөліп, құрылыс пен оқу ісін демеген Сейітбаттал қажының да еңбегін бөле-жара қарастыру біржақты болар еді.

Маман әулетінің мәдени жобалары

  • мешіт және медресе салумен шектелмеді;
  • қазақ топырағында тұңғыш роман бәйгесін жариялап, жүлде тағайындады;
  • өз мектебінен шыққан ынталы шәкірттерді ірі қалаларға оқуға жіберуді қаржыландырды.

Бұл әрекеттер қазақ қоғамында меценаттық мәдениеттің ерте қалыптасқанын көрсетеді және «бай» ұғымын бір ғана жағымсыз қалыпқа сыйғыза салудың тарихи шындықты тарылтатынын аңғартады.

Роман бәйгесіне қатысты пікірді «Айқап» журналында Мұхамеджан Сералин, «Қазақ» газетінде Әлихан Бөкейханов білдіріп, Есенқұл Мамановтың бастамасын Альфред Нобельдің жүлде дәстүрімен салыстырған. Сыншылыққа елдің игі жақсылары — Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мұхамеджан Сералин, Райымжан Мәрсеков, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Жақып Ақбаев, Нарманбет Орманбетов, Нұрғали Құлжанов сияқты тұлғаларды ұсынғаны да аталады.

Оқу мазмұны мен ұстаздар құрамы

«Мамания» мектебінде дін сабақтарымен қатар есеп, география, қазақ тілі, тарих, зоология, орыс тілі оқытылған. Мектеп иелері оқу-әдістемелік қорды толықтыруға жыл сайын қаражат бөліп, кітап пен оқулықтың жеткілікті болуын қамтамасыз еткен.

Басылымдардағы деректерге сүйенсек, мектепте бес оқытушы қызмет еткен: Мұсағалиев Ғабдолғазиз, Жиһандаров Файызрахман, Малдыбаев Мұстақым, Хасен молда, Қожаахмет молда. Олардың ішінде Мұсағалиев Ғабдолғазиз бен Малдыбаев Мұстақым «Айқап» пен «Қазақ» басылымдарының белді авторлары болған.

Мұсағалиев Ғабдолғазиз — Каир университетінің заң факультетін бітірген, бірнеше ел көрген, сегіз шет тілін меңгерген, Шығыс тарихы мен әдебиетін зерттеген ғалым. Ал Малдыбаев Мұстақым — Уфадағы «Ғалияны» тәмамдап, «Қазақша ең жаңа әліппе» оқулығын жазған ұстаз. Осындай білікті кадрлардың жұмыс істеуі мектеп деңгейінің жоғары болғанын дәлелдейді.

Бұл ортадан Біләл Сүлеев, Ілияс Жансүгіров сияқты талантты тұлғалар түлеп ұшты. Маман әулеті Біләл Сүлеевтің оқуына ерекше қолдау көрсетіп, оны Уфадағы «Ғалияға» жіберіп, шығынын өз мойнына алғаны айтылады.

Оқушы саны және қыздар мектебі

Мектепте екі жүзге жуық шәкірт оқыған деген болжам бар. 1913 жылғы мәлімет бойынша сол кезде 130 бала оқыған. 1914 жылы Қарағашта қыздар мектебі ашылып, Уфада білім алған Фәтма ханым отыз шақты қызды жаңа тәртіппен оқыта бастағаны қуана жазылған. 1918 жылы мектептің өртеніп кеткені туралы дерек бұл білім ұясының тағдырын күрделендіре түседі.

Кейінгі жылдары Мұхамеджан Тынышбаев осы мектепті бітірген деген пікір ұшырасады. Алайда оның 1879 жылы туғанын және Алматыдағы Колпаковский ашқан гимназияда оқығанын ескерсек, бұл тұжырым шындыққа жанаса бермейді. Дегенмен Маман әулетімен Тынышбаев әулетінің аралас-құралас болғаны айтылады.

Мектепке сырттан араласу да болған: жергілікті төрелердің нұсқауымен жіберілген Назаров Захар Николаевичтің келуі жөнінде «Қазақ» газеті 1913 жылы инспекторлардың «қазақ мұғалім оқытуға жарамайды» деген уәжбен орнына орыс мұғалімін қойғызғанын қынжыла жазады. Бұл жайт отарлық әкімшілік бақылауының білім саласына тікелей әсер еткенін көрсетеді.

3) Отарлық-миссионерлік бағыт: әкімшілік және Ильминский жүйесі

Үшінші топқа патша үкіметінің отарлық саясатын іске асыруға ұмтылған миссионерлер (Ильминский, Алекторов және т.б.) мен отар аймақтағы әкімшілік құрылымдар жатады. Империя жергілікті білім беру жүйесін құру кезінде билікке барынша берілген, шовинистік көзқарастағы адамдарды таңдауға тырысты.

1872 жылы Қазанда ашылған, миссионерлер орталығына айналған оқытушылар мектебіне директор болып Н.И. Ильминский тағайындалып, осы кезеңнен бастап өзінің бағытын ашық жүргізе бастады. Ол бұратана халық өкілдерінің кадет корпустарына, жоғары оқу орындарына, орталық университеттерге жол ашуын аса қауіпті құбылыс деп санаған. Тіпті қарапайым халыққа толыққанды сауат аштырудың өзін күдікпен қабылдап, жазу-сызу, орфография мен грамматиканың «қажетсіздігі» туралы пікір білдіргені оның идеологиялық мақсатын айқын аңғартады.

Нысана: әліпби арқылы ықпал орнату

Ильминскийдің басты мақсаты — қазақ арасындағы орыстандыру саясатын «сенімді» жолмен жүргізу болды. Сол үшін ол Ыбырай Алтынсаринді пайдаланып, орыс әліпбиін енгізу идеясын халыққа «сыртқы қысым» емес, «жергілікті бастама» етіп көрсетуге ұмтылды. Екінші маңызды есеп — қазақтарды татар діни ықпалынан ажыратып, ғасырлар бойы қолданылған жазуды орыс әліпбиімен алмастыру арқылы рухани байланыс арналарына шектеу қою еді.

Бұл тәсіл — идеологиялық мәселені «өзгенің қолымен» жүргізу, яғни отаршыл саясаттың айлакер тетіктерін қолдану екенін аңғартады.

Остроумов және Түркістан өлкесіндегі білім арқылы орыстандыру

Қазақстанның оңтүстігінде патша үкіметінің білім беру жүйесін орнықтыру ісінде профессор Н.П. Остроумов ерекше рөл атқарды. Ол Орта Азия халықтарын, соның ішінде Ұлы жүз қазақтарын біртіндеп шоқындыру және мектеп арқылы орыстандыру мақсатын көздеген, тәжірибелі миссионерлердің бірі болды. Оның да білім алған ортасы — Қазан рухани академиясы.

Остроумов 1870 жылы академияны аяқтаған соң Ильминский ұсынуымен «противомусульманское отделение» меңгерушілігіне тағайындалып, 1877 жылы ауқымды миссионерлік жұмыс үшін Түркістан өлкесіне жіберілді. Ташкентке келгеннен кейін Жетісу мен Самарқанд аймақтарын аралап, жергілікті халықтың тұрмыс-тіршілігі мен рухани болмысын зерттеген.

1883–1901 жылдары Ташкент гимназиясының директоры, 1901–1917 жылдары Түркістан оқытушылар семинариясының директоры болды. Сонымен қатар 1883 жылдан 1917 жылға дейін «Туркестанская туземная газета» басылымын ұзақ жыл үздіксіз редакциялады. Оның түсінігінде бұратана халықтарды орыстандырудың ең басты құралы — мектеп пен ағарту ісі еді.

Остроумов та көптеген миссионер ғалымдар сияқты араб жазуын орыс әліпбиі негізіндегі жазуға алмастыруға шешуші мән берді: бұл арқылы қазақтарды мұсылман әлемінің ықпалынан, әсіресе татарлар мен Орта Азиялық діни-теологиялық әсерден алшақтатуға болады деп есептеді.