Хан Абылай келгенде

ХVIII ғасыр әдебиетіндегі ең көрнекті тұлғалардың бірі — Бұқар жырау. Жыраудың шығармаларын жинастырған Мәшһүр Жүсіптің айтуынша, Бұқар арғын ішінде Төртуыл Қаржас руынан шыққан. Әкесі Қалқаман — батыр болған деседі.

Заманы бізге салыстырмалы түрде жақын болғанымен, сол дәуірдегі көптеген тарихи оқиғалар халық жадында жақсы сақталғанына қарамастан, қазақтың ескі ақын-жыраулары секілді Бұқардың өмірбаяны жайлы дерек тым аз. Оның туған, қайтыс болған жылдары туралы да нақты мәлімет жоқ, қанша жас жасағаны да белгісіз.


Туған және қайтыс болған жылдары туралы дерек

Қолда бар ең нақты мәлімет — жыраудың Абылайдан (1713–1781) бұрын туып, одан кейін қайтыс болғандығы. Қазір кей еңбектерде Бұқардың өмір сүрген жылдары 1693–1787 деп көрсетіледі, алайда бұл — нақты құжатқа емес, шамалауға сүйенген сан.

Есепке негіз болған бір жол

Абылайға арналған толғауларының бірінде Бұқар:

Күнінде мендей жырлайтын

Тоқсан үште қария

Енді де саған табылмас…

Бұл сөздер 1781 жылы, яғни Абылай дүниеден өткен жылы айтылды деп алсақ, 1781-ден 93-ті шегергенде 1688 жыл шығады. Демек, Бұқардың 1693 жылы туғаны туралы жорамалдың өзі күмән тудырады.

Бұқардың өте ұзақ жасап, әбден қартайып қайтыс болғаны күмәнсіз. Бұған қатысты ең көне деректердің бірі Әз-Тәуке ханның атымен сабақтас.

Тәуке хан тұсындағы беделі

Ел аузындағы әңгімелерге қарағанда, Бұқар Тәуке тұсында-ақ ордадағы беделді би, батагөй ақсақалдардың бірі болған. Бір оқиғада Әз-Тәукенің сүйікті ұлы қайтыс болып, хан қайғыдан еңсесін көтермей қояды. Үш жүзден атақты билер — Төле би, Қаз дауысты Қазыбек би, Қаражігіт би барып көңіл айтқанымен, хан жұбанбайды. Сонда қайғылы ханның көңілін көтеріп, ас ішкізген — Бұқар жырау.

Тәуке ханға айтылған жұбату

Ханымыз отыр аһ ұрып,

Халқымыз отыр бас ұрып…

Сабаны әкел ордаға,

Құран оқыт молдаға,

Ханның сөзі түзу деп,

Орынсыз сөзді жолдама.

Бұрынғы өткен бәрі өлді,

Қарсы болма Аллаға.

Төле, Қазыбек кісіміз,

Жақсы, жаман, кішіміз,

Бұл сөзіме түсіңіз,

Дәміңізді ішіңіз.

Риза болсаң Құдайға,

Түзелер сонда ісіңіз.

Осы жолдардың өзінен-ақ Бұқардың Тәуке алдында өтімді, беделді болғаны аңғарылады. Тәуке хан шамамен 1718 жылы дүниеден өткен. Демек, Бұқар XVIII ғасырдың басында-ақ орда маңында ықпалды тұлғаға айналған.

Абылай ханмен байланысы және уақыт межесі

Бұқар Абылайдан көп үлкен. Ол ханға: «Сені мен көргенде тұрымтайдай ұл едің», — деп сөйлейді.

Абылайдың жасы арқылы даталау

Бұқар толғауларының бірінде Абылайдың жасын атап, ел басқарудағы белестерін тізбектейді:

Елу жасқа келгенде

Үш жүздің атының басын

Бір кезеңге тіредің.

Елу бес жасқа келгенде

Жақсы болсаң толарсың,

Жаман болсаң, маужырап барып

Соларсың…

Бұл сөздер айтылғанда Абылай елу жастан жаңа асқан, шамамен 51–52 жас шамасында болғаны аңғарылады. Демек, толғау 1763 жылдар маңында туған деп межелеуге болады. Абылайдың күшеюі де осы кезеңмен сәйкес келеді: 1750-жылдардың басында ол Орта жүздің негізгі билеушісіне айналып, көп ұзамай Ұлы жүз де ықпалына қарай бастайды.

Жыраудың өз жасына қатысты ишара

Сол толғаулардан Бұқардың өз жасы жөнінде де тұспал табамыз. Ол елуден арғы жас туралы толғанып келіп, тоқсан беске тоқтайды да, кәріліктің зары мен салмағын бейнелейді.

«Тоқсан бес деген тор…»

Тоқсан бес деген тор екен,

Дүйім жанның қоры екен,

Қарғиын десең екі жағы ор екен,

Найза бойы жар екен.

Түсіп кетсең түбіне —

Түбі жоқ терең көл екен,

Ел қонбайтын шөл екен,

Келмейтұғын неме екен…

Жырау тоқсан бесті «керек емес жас» ретінде суреттейді. Егер бұл толғау айтылған сәтте автор өзін тоқсан беске келген деп танытса, онда Бұқардың туған жылын шамамен 1668 жылдар маңына жақындатуға негіз пайда болады.

1781 жылы Абылай қайтыс болғанда Бұқар әлі тірі болған. Ханды жоқтап, өзінің ең көркем туындыларының бірі саналатын жоқтау жырын шығарады. Абылайдан кейінгі Бұқар өмірі туралы нақты дерек сақталмаған; жасы жүзден асқан қарт жырау көп ұзамай өзі де дүниеден өтсе керек.

Тегі, би ретіндегі орны және тұрмыс күйі

Мәшһүр Жүсіп пен ел аузындағы әңгімелерде Қалқаманның батыр атануы айтылады. Дегенмен «батыр» атағы адамның байлығына немесе атақ-даңқына ғана байланбайды, сондықтан Бұқардың шыққан тегі туралы мәселе толық ашылмайды.

Бірақ өзінің жеке қасиеті мен отты тілі арқылы Бұқар ел билеуші топқа тез енгені байқалады. Ол да Қаз дауысты Қазыбек секілді — қарадан шығып, хан тұсында ықпалы артқан аса беделді билердің бірі.

Би беделінің қоғамдық салмағы

Үйсін Төле бидің: «Елге бай құт емес, би құт» деген сөзі Бұқар заманында билердің қандай қоғамдық күш болғанын аңғартады. Бұл дәуірдің билері — малына емес, сөзіне сүйенген, кісілігімен танылған адамдар; олардың көбі дәулетті бола бермеген.

Осыны Орманбай бидің үйіне Абылай келіп қалған сәтте, қонақасына соятын мал таппай қысылғанда айтқан сөзі де айқындай түседі:

Хан Абылай келгенде

Тоқты сойсам жетпейді,

Енесін сойсам тоқтының,

Оның орны бітпейді.

Бұқардың мал жиып, дәулет қууды кәсіп етпегені байқалады. Тәуке ханның ордасындағы қызметіне қарамастан, алпысқа келген шағында да «қара таяқты кедей» күйінде қалғаны айтылады. Мәшһүр: «Бұқар малсыз адам екен», — деп жазады.

Байдан ат сұраған оқиға

Аңызға сай, Бұқар өз ағайыны саналатын бір байдан мінетін ат сұрайды. Бай бергісі келмей, ұзақ уақыт бұлтақтап жүріп, ақыры жыраудың қолына «екі қары бөз» ұстатып құтылмақ болады. Сонда Бұқардың айтқаны:

Бұқарекең — біз келдік,

Ақан, Төбет байларға,

Бесті берсең семіз бер,

Жаздай Бұқар жайларға.

Бермеймін деп атама,

Асауыңды матама.

Шынжырынан берік тартсам,

Шамырқанып, шамданып,

Шалқасынан жата ма,

Алпыстағы Бұқардың

Сілесі құрып қата ма?

Құлдарың мен күңдерің

Мерекеге бата ма,

Келіп едім өзіңе,

Түнеугі айтқан сөзіңе.

Тіпті разы болмаймын

Керегенің басында

Екі қары бөзіңе.

Бермей қалсаң осы жол,

Жолықпаймын деп ойлама

Жортуылшы ердің кезіне.

Бұл оқиға Ақтабан шұбырындыдан кейінгі аласапыран кезеңмен сабақтасып айтылады. Сол тұста жыраудың шаруашылығы шайқалып, дәулеті кеміген болуы да ықтимал. Бірақ Абылай сұлтан күшейген шақта Бұқардың да жұлдызы жанады: жырау қайтадан ақ ордаға келіп, өмірінің соңына дейін хан ордасынан алыстамайды.

Соңғы деректер: жерленуі және өмір межесі

Бұқардың сүйегі қазір Баянауыл өңірінде, Далба тауларының ішінде деген дерек бар. Жоғарыда келтірілген фактілерге сүйеніп, Бұқар жырау Қалқаманұлы шамамен 1668 жылдар маңында туып, бір ғасырдан астам ғұмыр кешіп, 1781 жылдың шамасында қайтыс болды деп топшылауға болады.


«Қызыл тіл» құдіреті: Бұқардың сөз өнері

Халық «Өнер алды — қызыл тіл» десе, Бұқар осы мақалдың мәнін терең ұғынған тұлға. Ол сөз өнерінің әрі қиын, әрі қадірлі екенін жақсы білген. Сондықтан да:

Ел бастау қиын емес —

Қонатын жерден көл табылады;

Қол бастау қиын емес —

Шабатын жерден ел табылады.

Шаршы топта сөз бастаудан

Қиынды көргенім жоқ…

«Қазына қайда?» деген сұраққа жауап

Бірде Абылай: «Қазына қайда?» — деп сұрағанда, жырау:

Басы бүтін жігіттің екі езуі — қазына:

бір езуі — алтын, бір езуі — күміс, аузы — қазына.

Бұқардың өзі осы «қазынаны» — сөз өнерін — терең меңгерген. Мәшһүр Жүсіп: «Өз заманындағы жұрт бұл кісіні көмекей әулие деседі», — деп жазады: «Қара сөз білмейді, сөйлесе көмекейі бүлкілдеп жырлай бастайды екен».

Бұқардың мұсылманша оқығаны, сауатты болғаны күмән тудырмайды. Бірақ экспромтпен айтылған толғауларын кейін қағазға түсірді ме, жоқ па — ол жағы белгісіз.

Бізге жеткен шығармалары XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың басында негізінен ел аузынан жазып алынған. Бұқар мұрасынан сақталғаны — шамамен 1300 жол. Бұл, сөз жоқ, жырау туғызған мол жырдың бір бөлігі ғана.

Мәшһүрдің сөзімен айтқанда: «Бұл кісінің сөзін түгел жазамын деушіге Нұхтың өмірі, Аюбтың сабыры, Аплатонның ақылы керек».