Философияның негізгі мәселелері


Жоспары:

1. Философияның пәні.

2. Философияның негізгі сұрағы мен функциялары.

3. Философияның негізгі мәселелері. 

Философияның ежелгі грек ойшылдарының дәуірінен бері “даналыққа құштарлық” деп анықталып келгендігі белгілі. Алайда философияның кең танымал осы ұғымынан өзге түсініктері де тарихи-философиялық очерктерде молынан ұшырасады. Мысалы, Платон “…геометрия және басқа философиялар” деген сөздерінде философия ұғымын “ғылым” сөзінің мағынасына жақын қолданады. Оның айтуынша Сократ “философия” терминін даналыққа құштарлықты, ақиқатқа жетуге деген құмарлықты белгілеу ретінде пайдаланған. Ал Аристотель ізбасарлары болмыстың іргелі негіздерін айқындауға мүмкіндік беретін жалпылама ғылым ретінде бұл “бастапқы философияны” метафизика деп атады.

Аристотельдік мағынада бұл термин болмыстың өзіндік тұтастығындағы әралуандықты игеруге бағытталған философиялық білім түсінігімен тығыз байланысты. “Физика”, әдетте, жаратылысты, натуралды табиғатты, оның заттар мен үрдістердегі сыртқы көрінісін зерттейді. Демек, “метафизиканың” үлесіне бұл құбылыстардан “кейін” орналасқан, олардың арғы жағындағы нәрсе тиесілі. Аристотельдің пайымдауынша заттардың, жағдайлардың, құбылыстардың, үрдістердің сыртқы көрінісінің арғы жағында мәнділік орналасқан. Метафизика осы мәнділікті, болмыстың универсалдық заңдылығын, яғни сезімдік таным деңгейінен тыс, тікелей және жанама қабылдаудан жасырын жатқан нақтылықты зерттейді. Демек, бұл “арғы жаққа үңілу” жасырын нақты мәнділікті ашуға бағытталған белсенді танымдық ойлау қозғалысы, пайымдаушы күш. Ал М.Хайдеггер былай деп жазады:  “…Метафизика – бұл мәнділікті жеке және тұтас түрінде принципиалды тану. Бірақ бұл “дефиницияны” мәселенің қойылуы ретінде ғана бағалауға болады, яғни мынадай сұрақ қойылады: “бар нәрсе болмысының мәні деген не?” Демек, осыдан күрделі сұрақтар тізбегі құралып, “не өмір сүреді?” деген мәселе туындайды. Мұны “не нақты өмір сүреді?” деген сұрақ жалғастырады. Бұл жерде бар нәрсенің өмір сүруі туралы мәселеден оның мәнділігі туралы мәселеге көшеміз. Бұл сұрақтардың тізбегін осы мәнділікті тану мүмкіндігі мәселесі аяқтайды, яғни бұл жерде таным үдерісінің мәні туралы мәселе қойылады. Сонымен, болмыс туралы сұрақ ойлау туралы сұраққа алмасады. Хайдеггердің 1935 жылы жазған “Гельдерлин және поэзияның мәні” деген еңбегінде осы айтылған цикл тіл туралы сұрақпен аяқталады. ХХ ғасырдың ұлы философының пайымдауынша тіл ең соңғы  негіз, адамзат болмысының соңғы нақты тұрағы және сонымен қатар, оны игерудің жалғыз универсалды құралы болып табылады.

Енді “даналыққа құштарлық” деп анықталатын философияға қайта оралайық. Бұл жерде “құштарлық” белгілі бір нәрсеге таңдануды, өзіңнен жоғары тұрған нәрсені сезіміңмен мойындауды және басқа осындай әсерлерді білдірумен қатар, “өзге” үшін “өзіңді ұмыту”, өзіңнен бас тарту сезімін де аңғартады. Осы пәнилік өмірдің шектеулі екендігі мәлім. Былайша пайымдауға болады: адамды өзінің шектеулі шеңберінен шығарып, “өзгеге” құштарлықпен ұмтылуға мәжбүрлейтін құдіреттің бар екендігін ескерсек, оның жалғыз тәсілі – бұл рухани күш жігер болып табылады. Мұны идеалдық, руханилық, ақыл-ой және т.б. атаулармен атауға болады. Осылай зерделеудің нәтижесінен мынадай түйін келіп шығады: философия дегеніміз – адамның өзінің шеңберінен шығуға мүмкіндік беретін рухани форма.

Сонымен, философияны “даналық” түсінігімен байланыстырар болсақ, онда бұл соңғы ұғым “білімнің жоғарғы синтезі”, белгілі бір нәрсе туралы “толық жетілген білім” деген мағынаны білдіреді. Демек, философия осындай білімге деген құштарлық, ал бұл даналықтың объекті – менің өзімнен тыс табиғат және адамзат әлемі, сонымен қатар, өзім және феномен ретіндегі білімнің өзі.

Адам ақыл ойы бар әлеуметтік мақұлық. Оның іс-әрекеті белгілі бір мақсатқа бағынады. Күрделі қазіргі әлемде мақсатқа сай қимылдау үшін көп біліп қана қоймай, сонымен қатар адамның түбірлі мүддесі мен заман талабына сай дүрыс шешімдер қабылдап, дұрыс мақсаттар таңдай білу қажет. Ол үшін ең алдымен әлемді терең және дұрыс түсіну, яғни жалпы және жеке мақсаттарды, және оларға жету әрекетінің тәсілдерін таңдауға мүмкіндік беретін дүниетанымның қажеттілігі шарт. Адамға қоршаған ортада бағдар жасауына, оны өзгертуіне көмек беретін – ғылым. Дүниетаным ғылым жетістіктері негізінде қалыптасады, бірақ ол сонымен қатар, қоғамның тарихи тәжірибесіне, оның мәдениетіне сүйенеді, әлеуметтік дамудың жеткен деңгейі мен өмір сүру тәртібін бейнелейді. Мұның бәрі білімнің ерекше жүйесі – философияны игеруді қажет етеді.

Дүниедегі өзінің орны туралы, жеке және қоғамдық өмірдің мақсат-мүдделері туралы, өзінің өмірлік ұстанымы мен іс-әрекеті туралы ойлана отырып адам белгілі бір философиялық көзқарастар қалыптастырады. Өзінің мәдени деңгейіне байланысты, арнаулы немесе жалпы білім дәрежесіне орай, әр түрлі өзара әңгімелесудің әсерімен және бұқаралық ақпарат құралдары мен әдеби кітаптардан алынған мағлұматтарын жинақтай отырып, ол өзінің жеке өмірлік философиясын, жүйелі және ғылыми негізделген болмаса да өз  дүниетанымын құрастырады. Кейде қарапайым тұрмыстық және өндірістік жағдайлардағы бір сәттік дүниетанымның өзі де қанағаттандырарлық болуы мүмкін. Белгілі француз философы Огюст Конт (1798-1857) философияның дәуірі өтті деп санады. Қалыпты немесе, оның терминологиясы бойынша позитивті ғылымдар – физика, математика, химия және т.б. философияны керек етпейді. Олар барлық мәселелерді өздері шеше алады, олар өздерінше философия. Бұл көзқарас позитивизм деген атауға ие болады.

Сонымен бұл сөз , бұл білім мен даналық не туралы дейтін болсақ, оның жалпы бар нәрсе , өмір сүретін нәрсе туралы екендігі философия тарихынан белгілі болады. Ал біздің қабылдауымыздағы көнетін көрнекті не нәрсе нақты өмір сүреді?

Ежелгі Грекия философтары Парменид пен Гераклит дәуірлерінен бері бұл нәрсені онтос — болмыс деп атады. Біз өмір сүреді деп айқын қабылдайтындай не нәрсе болмады? Философиядағы классикалық ұғым онтос арқылы дәл осының құрылымын қарастыруға болады. Сондықтан философия құрылымын талдауды философиялық білім құрылымының онтологиялық принципі дейміз.

Философия термині үш мағынада қолданылады: бірінші,философия – ол көзқарастың бір түрі, екінші, философия — өзінің зерттеу пәні бар ерекше ғылым саласы, үшіншіден, философия адамзат өмірінде айырықша орын алатын адамының рухани қызметінің үлкен бір санасы, қоғамдық саланың ерекше формасы.

Философияның бұл үш мағынасы, оның тарихында проблема түрінде, немесе философия ғылым ба , әлде рухани қызметтің өз алдына саласы ма деген тұрғыда қойылып келеді.

Философия адамның дүниеде болуының саналуан формалары мен жолдарын, сол формалар мен жолдардың ең алдымен мәнділігі мен мәндігін айқындау, сол мәндерді адам көңіл күйінде, жан толғанысында игеріп, әркімнің жеке басының өзіндік рухани ырығы етудің түрі, соны жасаудағы рухани қызмет.

Адам-әлем қатынасы философияның көптеген проблемаларын қамтитын танымның жүйе субстанциясы. Сондықтан философияның негізгі табиғаты адамның дүниеде болуының белгілі бір мәнді жолдарын жасау, өмірдің осындай формаларын жарату және өмірде нығайту.

Адамның дүниеге қатынасы философияны болмыстың  негіздерін танудың формасы ретінде анықтайды. Ғылымда да, философияны да, көркемөнерді де жасаушы  адам.

Философияның негізгі мәселесі: ойлаудың болмысқа, рухтың табиғатқа қатынасы. Философияның бұл өзекті мәселесі философияның тарихының өне бойынан өтіп, оны мол рухани құндылық ретінде анықтайды.

Философияның мәдени жүйеде алатын орны зор. Философия мәдени-тарихи құбылыс ретінде, оның Адам-әлем жүйесіндегі көптеген проблемаларын,  өзара қатынастарын,  фунцияларын қызметін анықтайды.

Философия – жалпы методология, методтардың теориясы, ал теория білімнің адекватты формасы. Философиялық заңдардың, принциптердің, ұғымдар мен категориялардың табиғат, қоғам, адам ойлауының дамуын, жалпы дүниетаным үшін маңызы зор.

Философияның негізгі функциялары қызметі : рационализациялық,  жүйелеу, сыншылдық, интегративтік, синтездеу, методологиялық,  көзқарастық гносеологиялық, логикалық, гуманистік, аксиологиялық, адамгершілік –этикалық, тәрбиелік.

Философиялық білімді жіктеуде көптеген әдіс-тәсілдердің бар екендігін ескерткеніміз жөн. Мысалы, философиядағы ең кең танымалы – теориялық философия және практикалық философия деген бөлімдері. Оның біріншісіне болмыс теориясы (онтология) мен таным, білім теориясы (гносеология) жатады. Екіншісінің өзегін, ең алдымен, этика құрайды, оған құқық философиясы, тарих философиясы және т.б. жатқызылады.

Философияның теориялық және практикалық деп бөлінуі өзінің бастауын антиктік классикадан алады. Аристотель үшінші бөлігін ерекшелеп, оны поэтикалық философия деп атады. Бұл шығармашылық мақсаттағы білімді көздейді, ал оның негізін сөз шығармашылығының эстетикасы – риторика және поэтика құрайды. Алайда, біз философиялық білім құрылымының онтологиялық принципіне қайта оралайық. Сонымен, табиғат болмысына қатысты, ондағы заттар мен үрдістерге қатынасты философиядағы білімнің ерекше саласы – натурфилософия. Натурфилософияның, сол сияқты онтологияның және басқа салаларының отаны метафизика болып табылады.

Ал табиғаттағы адам болмысы, оның іс-әрекетіне қатысты философиялық білім шеңберінде натурфилософиямен қатар философиялық антропология, яғни техника философиясы мен ноосфера концепциясы қалыптасты және өмір сүруде. Адам болмысының өзі табиғаттан тыс мағынасында көптеген әлемдерден тұрады. Бұл, мысалы, экономика. Тарих, мәдениет, саяси және құқықтық қатынастар әлемдері, әлеуметтік-топтық және этникалық қауымдастықтар әлемдері және т.б. Философияда бұлардың әрқайсысына сәйкес өзіндік салалары бар: мысалы, шаруашылық философиясы, мәдениет философиясы, саяси философия, құқық философиясы, философиялық антропология және т.б.

Өз кезегінде бірнеше әлемдерге бөлінетін адамзат рухының болмысына (наным-сенімдер әлемі, адамгершілік және эстетикалық құндылықтар әлемі, ғылым әлемі, ментальдық қабілеттер мен мүмкіндіктер әлемі және т.б.) қатысты философия мынадай салаларға бөлінеді, мысалы, дін философиясы, этика, эстетика, рух феноменологиясы, философиясы, философиялық герменевтика, жаратылысы жағынан философиялық болып табылатын психология және риторика, ғылым философиясы, және де философиялық антропология, сонымен қатар әрине, онтология секілді ежелгі философиялық білім салаларының бірі гносеология.

Мұның бәрін мынадай кесте түрінде келтіруге болады:

Табиғат болмысы – онтология (болмыстың барлық деңгейлері мен формаларын қоса алғанда). Натурфилософия (табиғат философиясы).

Адам болмысы – философиялық антропология.

Тарих әлемі – тарих философиясы.

Мәдениет әлемі – мәдениет философиясы.

Экономика әлемі – шаруашылық философиясы.

Құқық әлемі – құқық философиясы.

Саясат әлемі – саяси философиясы.

Қоғам әлемі —  қоғам философиясы, оның қатынастары, құрылымы, байланыстары — әлеуметтік философиясы.

Рухани болмыс – адамгершілік әлемі – этика, мораль философиясы.

Дін әлемі – дін философиясы.

Ғылым әлемі – ғылым философиясы.Эпистемология.

Өнер, сұлулық әлемі – эстетика.

Таным – логика. Гносеология.

Әрине, кезкелген кесте бар нәрсе жағдайының тек жақындатылған, толық емес бейнесі ғана. Оның үстіне, біз қарастырған жағдайда философиялық білім салаларының арасындағы өзара байланыстар мен өзара қатынастар көрсетілмеген. Алайда, білім бөлімдерінің осылайша жүйеленуі көрнекті құрал ретінде болмысқа қатысты көзқарас қалыптастыруға септігін тигізеді.

Сонымен, философия болмыстың мәнін осылай игерумен (немесе оны құрайтын заттардың, құбылыстардың, жағдайлардың, деңгейлердің, үрдістердің және түбү мәнділігі), адамның әлемге қатынасының мәнін және ондағы адамның мәнділік орнын танумен айналысады.  



Ұқсас жұмыстар

Философияның негізгі мәселелері
Философия нені зерттейді
Философиялық дүниетаным және дүниетанымның тарихи түрлері
Философиялық көзқарастың ерекшелігі
Дүниеге көзқарас түрлері
Философияның пәні қызметтері мен міндеттері
Дүниеге философиялық көзқарас
Қазақ философиясының пайда болу туралы ойшылдардың көзқарастары
Тарихи - философиялық таным табиғаты
Философия мифологиялық дуниетаным
Қаржы-несие мекемелері рыноктық экономиканың негізгі элементі ретінде
Негізгі қорларды қйта жандандыру тәсілі – күрделі қаржыны жұмсау
Мәтін және онымен жұмыстың бағдарламалық талаптарын орындаудың негізгі жолы – тілдік талдау
Тауар саясаты фирманың маркетинг қызметінің негізгі құрамдас бөлігі
Негізгі қорлардың амортизациясын анықтау әдістері және олардың кәсіпорынның негізгі капиталын жаңартудағы ролі
Туризмді экономиканың саласы ретінде дамытудың негізгі бағыттары. Оңтүстік Қазақстан облысы
Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдауды жетілдірудің негізгі бағыттары мен жолдары
Бүгінгі күндегі ата ұрпақтары қордың негізгі 4 түрлі мақсаты бар деп есептеледі
Программаға арналған негізгі шарттар және орындау жолдар
Басқару есептерінің қойылымы Технологиялық урдістерді оперативті басқарудың негізгі есебі