Әлия атып тұрып
Соғыс жылдарындағы қазақ қыздарының ерлігі
Сұрапыл соғыс жылдары етік киген ер азаматтарға бергісіз ерлікке барған қаракөз қазақ қыздарының батылдығын әсірелеп, әспеттеудің де қажеті жоқ. Олардың есімдерін тек Қазақстан ғана емес, сол кездегі КСРО халықтары да жақсы білді.
Қазақстанға сіңірген ерен еңбегі, Отан қорғауда және азаматтардың өмірін қауіпсіздендіру жолында көрсеткен ерлігі, елдің бостандығы мен Тәуелсіздігі үшін аянбай күрескені үшін берілетін «Халық қаһарманы» жоғары атағы 1993 жылы заңмен бекітілді.
Осы мәртебелі атаққа ие болғандардың бірі — қазақтың қанатты қызы атанған тұңғыш әскери ұшқыш Хиуаз Доспанова.
Хиуаз Доспанова: «қанатты қыздың» 300-ден аса ұшуы
Хиуаз Доспанова Атырау өңіріндегі Ганюшкино ауылында 15 мамырда дүниеге келді. 1940 жылы Мәскеудегі Медицина институтына оқуға түседі. Соғыс басталғанда атақты ұшқыш М. Раскова басқарған 46-гвардиялық полкке қабылданады.
Негізгі дерек
300-ден аса әуе тапсырмасы
Солтүстік Кавказ, Кубань, Қырым, Украина, Беларусь, Польша және Шығыс Германияны азат ету ұрыстарында қатысып, «қанатты қыз» атанды.
Қайсарлық
14 рет апат, 4 рет ауыр жарақат
Есін жиысымен қайта майданға оралып, штурман ретінде міндетін үздік атқарды.
Жастық шағының бес жылы қанқұйлы майданда өтті. Қайсар штурман ПО-2 түнгі бомбалағышымен жау үстінен жүздеген мәрте ұшып, тапсырмаларды мүлтіксіз орындады. Майдандағы ерлігі үшін Қызыл Жұлдыз, ІІ дәрежелі Отан соғысы ордендерімен және көптеген медальдармен марапатталды.
Соғыстан кейін де жауапты қызметтер атқарған Х. Доспановаға Елбасының Жарлығымен «Халық қаһарманы» атағы берілді. Ол 21 мамыр күні Алматы қаласында 86 жасында дүниеден өтті.
Мәншүк Мәметова: пулемет ұстаған қайсар рух
Ерен ерлігімен тарих беттеріне есімі алтын әріппен жазылған тағы бір қаһарман — Мәншүк Мәметова. Мәншүк (Мәнсия) Жиенғалиқызы 1922 жылы Гурьев облысы Орда ауданында дүниеге келді. Ата-анасынан ерте айырылып, балалық және жастық шағын Алматыда Ә. Мәметованың тәрбиесінде өткізеді.
Ұлы Отан соғысы басталғанда Алматы медицина институтында оқып жүрген ол майданға өзі сұранады. Өтінішінде: «Фашистерді жою үшін майданға жіберетін ағайым да, апайым да жоқ, сондықтан өзімді жіберіңіз», — деп жазады.
Ол 1939 жылдан комсомол мүшесі болған.
1942 жылдың тамызында өз еркімен Қызыл Армия қатарына алынып, 21-атқыштар дивизиясы құрамында ұрысқа қатысты. Аға сержант, пулеметші Мәншүк мергендігімен де, табандылығымен де ерекшеленді.
1943 жылдың 15 қазанында Псков облысындағы Невель қаласын азат ету үшін Изоча станциясы маңындағы 173,7 биіктікте аса қатал шайқас болды. Мәншүк бөлімшесінің шабуылын пулемет отымен қолдап тұрды. Басынан жараланып, соңғы күшін жинап, пулеметін ашық жерге шығарып, жолдастарына жол ашты. Ол пулеметтің саптарын қолына тастай қатты қысып жатқан күйінде ерлікпен қаза тапты.
КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен 1944 жылдың 1 наурызында Мәншүк Мәметоваға майдандағы қаһармандығы үшін Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
Естелік сөз
Немере сіңлісі Айман Мәметова: «Мәншүк майданда 418 күн болды. Ұлы Отан соғысы 1418 күнге созылды десек, оның 418 күнінде қазақтың ержүрек қызының азапты күндері мен ерлік ісі қалды. Әлемге даңқы шыққан Мәншүк бұл дүниеде небәрі 21 жыл 13 күн өмір сүрді. Бұл көп пе, әлде аз ба?! Әдетте ерлік жасау үшін ұзақ өмір сүру парыз болмаса керек…», — деп еске алған.
Әлия Молдағұлова: «Отан үшін алға!» деген ұран
Соғыста ерлігімен көзге түсіп, қаза тапқаннан кейін Одақтың ең жоғары атағына ие болған қаһарман — Әлия Молдағұлова. Ол Ақтөбе облысы Қобда ауданында 1925 жылдың 15 маусымында дүниеге келді. Жастайынан анасынан айырылып, біраз уақыт нағашысының қолында болады, кейін жағдайға байланысты балалар үйіне тапсырылып, соғысқа да сол жақтан аттанады.
1943, қараша
Холм түбіндегі барлау ұрысында жау траншеясына басып кіріп, 5 немісті тұтқындайды.
Насва үшін шайқас
Қаңтардың қақаған аязында сиреп қалған қаруластарын бірнеше рет шабуылға өзі бастап шыққан.
Псков өңірі
Новосокольники маңындағы ұрыстарда батылдығы айқын көрініс тапты.
1944 жылдың қаңтарында Насва теміржол стансасын жаудан босату міндеті қойылды. Рота командирі қаза болған сәтте Әлия: «Отан үшін алға!» — деп ұран тастайды. Оның соңынан бүкіл рота көтеріліп, шабуылға шығады. Қолына мина жарықшағы тиіп жараланса да, ол қаруын тастамай, жауға қарсы соңына дейін шайқасты.
Әлия Молдағұлова 1944 жылдың 14 қаңтарында Отан үшін ерлікпен қаза тапты. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен 1944 жылдың 4 маусымында көрсеткен ерлігі үшін ефрейтор Әлия Нұрмұхаммедқызы Молдағұловаға Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.