Жаңағы жас жігіт Жәнібекке қайтып кеп
Ішкі жорықтың ізімен: батыр мінезі мен шешуші сәт
Торғауыттар Ресейге қарай үдере көшкенде, олардың түп ізіне түскен қазақ қолы қоналқыға кідіріп, мосыға қазан асып, жылқының сүр етін пісіріп, торсықтағы суға құрт езіп, бір тояды да, күн ұзақ ас іздемейтін болады.
Абылайдың шатырында өркөкірек паңдығымен де, серілік салтымен де аты шыққан арғын Шақшақ Жәнібек батыр отырады. Батыр насыбай атып, шақшасын қалтасына сала бергенде, шатыр алдына аттан түспеген бір жас жігіт келіп, қолын соза: «Жәнібек батыр, шақшаңызды бере тұрыңызшы!» — дейді.
Жәнібек жігіттің баса-көктеген қылығын жақтырмай, бұрылып та қарамай, шақшаны қызыл сапиян етігінің өкшесіне қағып-қағып алады да, бір сипап қалтасына салады. Сол сәтте-ақ хан жұртты орнынан тік көтереді: әркім өз руының тамғалы туы астына жиналады. Сауыттары жарқырап, дулығаларына үкі таққан, қорамсасын асынып, садағын қолға алған батырлар хан төңірегіне сап түзеп тұра қалады.
Хан кеңесі: «алдымен бастау» ұйғарымы
Хан кеңесінде: дұшпан саны басым болса да, шабуылды бұрын бастау керек деген байлам жасалады. Алдын барлау үшін алғыншы жіберілмек болады.
Үміткерлер шақырылғанда, әлгі шақшаны сұраған жас жігіт бірінші болып шыға келеді. Алғыншылар оралған соң, Жәнібек: «Дұшпан көп пе екен, жау жағы басым емес пе?» — деп сұрайды. Жас жігіт қысқа ғана: «Көп те емес, аз да емес», — деп жауап береді.
Бір жебенің салмағы: Байғозының алғашқы даңқы
Қан майдан қыза түседі. Қазақтар орасан шығынға ұшырап, ақыры шегінуге мәжбүр болады. Сол сәтте қуғыншылардың алдында түндей түнерген қара қалмақ туын желбіретіп, жеке-дара ойнақтай келеді де, қазақ тобына өңмендей кіріп, біразын аттан аударып түсіреді.
Жәнібек кері шегінген топтың бел ортасында келе жатып, іштей: «Осынша қазақтың ішінен мына алпамсадай пәлекетті жер жастандыратын бір жігіт шықпай ма?» — деп өкінеді.
Шешуші сәт
Сол-ақ екен, әлгі жас жігіт алға атып шығып, кері бұрылады да, садағын атан түйедей еңгезердей қалмаққа кезейді. Жебе мың бұратылып, аңырай ұшады. Жас батыр жебенің тура ұшпағанына ашынып, «мына пәлеге Алланың өзі пана болып жүрген шығар» деп күбірлейді.
Бірақ ойы аяқталмай жатып, қалмақ батыры қалбалақтап барып жерге жалп ете қалады. Ту ұстаушысының өлімі жау ішінде абыржу туғызады. Осыны пайдаланған қазақтар кері бұрылып, қалмақты қусырып, бет қайтарып, қашуға мәжбүр етеді. Ойламаған жерден жеңіс дұшпан қолынан жұлып алынады.
Жас жігіт Жәнібекке қайта келіп: «Батыр, шақшаңызды енді берерсіз. Насыбай ататын кез де келген болар», — дейді. Тарақты Байғозы батыр батырлық жолын осылай бастап, содан бері даңқы кең жайылады.
Ептілік пен олжа: Балталы Оразымбет
Балталы Оразымбет батыр жылпың ептілігімен, қимылының шапшаңдығымен жұртты таңғалдырады дейді. Бағаналы Баянбай батыр бірде оның жорыққа өзімен бірге шыққанын айтады.
Түнде олар сегіз үйлі қалмақ ауылына басып кіреді. Баянбай екі киіз үйді ақтарып болғанша, Оразымбет бүкіл ауылдың астан-кестеңін шығарып үлгереді. Сөйтіп, олжаны екі есе молайтады.
Үңгір аузындағы мерген және «күйелеш» мәтелі
Даладағы бір үңгірде қалмақтар жасырынып, қазақтарды аңдиды. Үңгір аузында отырған біреуі әйгілі қорама қара мылтығымен атқылап, Ертістің жарқабағына жеткізбей-ақ талай жігітті мұрттай ұшырады. Өжеттері азайған соң, батырлар да оқтың аузына беттей алмайды.
Кенет буырыл атын тебініп, Сіргелі Елшібек батыр шығады да, жауға қарай желе жортып тартады. Жұрт «қазір-ақ құлап түсетін шығар» деп демін ішіне тартып қарап қалады.
Айла
Елшібек жауға жақындай бергенде атына қамшы басып, тұра ұмтылады. Қалмақ мылтықтың пілтесін тұтатса да, от алмай қалады. Апалақтап шақпағын қайта шағады — тағы да от алмайды. Сол арада батыр семсерін сілтеп, жаудың басын алып түседі.
Кейін одан: «Желе жортып жайбарақат жүргеніңнің себебі не?» — деп сұрағанда, батыр: «Қалмақ алдымен атымды атып түсірмек болып күтіп отырды, сондықтан менің жақындауымды тосады. Ал мен желе жортып жақындағанша, пілтенің ұшын күйе тұтып, от алмай қалады деп білдім» — дейді.
«Қорама қара мылтықтың от алмас пілтесі сияқты күйелеш» деген мәтел осыдан қалған деседі.
Қысқа хикаялар: мінезден туған дау
Уәли туралы
Уәли-хан жас кезінде сайқымазақ, әзілкеш әрі тентек мінезімен аты шыққан екен. Кейін Абылайға бағынып қасында қалған қалмақтармен арада соғыс тұтанып кетуіне де себеп болыпты: қалмақтың жас ноянымен бір қызға таласып, Уәли биік өкшелі етіктің нән табанымен теуіп, бейбақты қабырғасынан сындырып жіберген дейді. Намысқа мінген қалмақтар шыдай алмай бас көтереді.
Есет батыр жайлы сөз
Абылай тұсында башқұрттар арасында Есет батырдың атағы кең жайылған. Ұзынқұлақтан: Абылаймен бір жолы кездескенде, батыр оны бөрік құрлы көрмей, бір бүктеп қолтығына қысып жүре беріпті деген әңгіме айтылады.
Іле өткелі, манап қазасы және Байғозының сабыры
Орта жүз қазақтары бір жолы қара қырғызға шапқыншылық жасайды. Жорықтан алдын ала хабардар болған қырғыздар қарсы соққыға дайындалып, қазақтарды Іле өзеніне дейін қуып салады. Қазақтар өткелден өтіп кеткенде, қуғынның қызығына түскен Теміржан-батыр бір топ сайыпқыранмен қазақ бетіне өтіп кетеді.
Сол сәтте Қанжығалы Томаша батыр дұшпан манабының қызуға булығып, жолдастарының аздығына қарамай баса-көктеп келе жатқанын байқап, кері бұрылып найзасын дұшпан атының омырауына дендей сұғып жібереді. Жануар артқы екі аяғымен шоңқиып отыра қалады. Манап аттан қарғып түсіп, Сіргелі Жаулыбай батырға тұра ұмтылады.
Манаптың құлауы
Жолдасының басы қатерге ілінгенін көрген Қанжығалы Есет батыр найзасын сарт еткізіп, манапты мұрттай ұшырады. Бойы аласа болса да, жаны жайсаң Томаша батыр манапқа қона түсіп, қарнын жарып жібереді. Айтушылардың сөзіне қарағанда, сол сәтте ол кеудесіне қонған қаршығадай көрініпті.
Мұндағы манап — қара қырғыздың рубасы, беделді адамы. Теміржанның өзі де сұлу, аппақ сазандай, ірі, еңгезердей кісі болған деседі.
Қырғыздар сүйікті манабының қазасын көріп, бұрынғыдан бетер құтырынады. Сіргелі Жаулыбай тұтқынға түседі. Артынша Үсен батыр мен Алтай, Байғозы батырлар да тұтқынға алынады. Зеребе түскенде, Байғозы қаза тапқан манаптың «құныкері» ретінде құрбандыққа шалынуға тиіс болады.
Одан: «Қырғыз батырын өлтірген кім?» — деп сұрағанда, Байғозы: «Өлтірген осы» деп ешкімді ұстап бере алмаймын», — деп тайсалмай жауап береді.
Оны шығысқа қаратып отырғызып, қырық адым өлшеп, ұзын мылтықпен бір қырғыз нысанаға алады. Кейін аман қалған соң: «Сол отырғанда не ойладың?» — дегенге, «Басымды тас қып буып, ештеңе ойламай, мылтықтың даусын ғана күтіп отырдым. Тіпті манаптың інісі келіп: “Ағам шейіт болды, жазықсыз қан жүктегім келмейді, қазақ азат етілсін” дегенін де аңдамаппын. Тек маңдайымнан тер бұршақтап, аузымды жуып кеткені есімде» — депті.
Сөйтсе, Байғозы Абылайдың тұтқынында отырған Теміржанның бір бауырына айырбасталып босайды. Ал Жаулыбай құн төлеп өзін арашаламақ болғанда, оның орнына бірге тұтқынға түскен жолдасы Үсен өз басымен кепіл болып қалады. Үсен қой бағып жүріп, айлардан соң орайын тауып қашып шығады.
Жоқтау
Жал-құйрығы төгілген, Бұруға мойын ерінген. Үйірдегі ақбозым, Келідегі жанпозым, Қалай өттің өмірден, Өшерсің бе көңілден? Жоқтамайтын ер ме едім, Хан ұлынан кем бе едің? Жыламайтын мен бе едім, Қол жете алмай өзіңе, Әлім келді көзіме, Түстік тәңір тезіне. Бақшадағы бояғым, Жылқыдағы саяғым, Тозбайтұғын манатым, Талмайтұғын қанатым, Хан ұлынан артығым, Сүйеніші халқының, Елден ерек сен едің, Қайғыңа қалай төземін, Өртенді ғой өзегім.
«Ішкі жорық»: Баян батыр және алданған бітім
Үдере қашқан торғауыттарды түп ізіне түсіп соңғы қуу ел аузында «ішкі жорық» аталады. Бұл жорыққа қатысқан жұрттың есебі жоқ, ығы-жығы. Хан болса қалыңның ортасында бір жерден жылжымай, басқа батырлардың күбір-сыбырын елемей, жаужүрек Баян батырды күтеді.
Ақыры соңына 540 жігіт ерткен Баян да жетіп, хан алдына келіп: «Қайда бар десеңіз де әзірмін», — деп бас иеді. Сонда хан халыққа қарап: «Баян батырды күткенім — осы мінезі», — дейді.
Жантайдың қазасы
Дәл сол шақта 500 жігіт барлауға кеткен еді. Сол жорықта Қанжығалы Жантай батыр опат болады. Әңгіме былай өрбиді: Жантайдың інісі Үйсінбай олжаға үш түйе түсіргенде, ағасы сауға сұрайды. Үйсінбай: «Қалмақта түйе көп, қолың бар емес пе — өзің де барып ал», — деп қайырады.
Бұл сөзге шамданған Арқандар батырлығын көрсетпек болып, Қоянкөздің ұлы атақты Қонайды ертіп, қалмақ малына шауып, тоғыз түйе олжалайды. Олжаны жеті жолдасымен ілгері жіберіп, Арқандар қуғыншыларды алдарқатып тоқтатуға қалады. Бірақ төбеге көтерілгенде, жан-жағынан қаптаған қуғынды көріп, қоршауда қалады да қаза табады.
Сүйікті інісінің өлімін естіген Жантай: «Не өлемін, не дұшпанның қанын ішемін», — деп серт береді. 500 жігітпен қалмақтың қалың қолын қақ жарып, ортасына кіреді. Қалмақ саны он мың екен. Ұрыс алапат болады.
Тіпті қарны жарылған Үйсінбай ішек-қарнын етегіне салып жүріп соғысады. Ол соғыса жүріп: «Жантай батыр, осы жарылған қарынмен өмір сүруге бола ма өзі?» — деп сұрайды екен.
Ақыры сегіз адам ғана аман қалып, Жантай ұлы Тоқышпен бірге тірі қалады. Сонда Жантай аттан түсіп, тізгінін ұлына ұстатып: «Үйге қайт. Қоршауды жарып шық. Әйтпесе кегімді қайтаратын жан қалмайды», — дейді. Өзі жалғыз шайқасып қаза табады.
Жантайдың қазасын естіген Абылай: «Қайралмай-ақ қырқып түсетін қара болатым-ай!» — деп егілген дейді.
Күллі әскер шабуылға көтеріліп, Ілеге бет қояды. Бірақ жеткенше қалмақтар өткелдің бәрін басып алады. Осы кезде қалмақтар кідіріп, жеті адам елші жібереді. Басшысы басында қазандай түлкі тұмағы бар, аңсағай бойлы, еңгезердей қара қалмақ екен. Ол аттан түсіп, бірнеше қадам басып ханға жақындайды да: «Алла жар болсын! Ұса мен Серен-хан қалмақ пен қазақ бір туған. Қазір де бауыр болып қалайық деп, сыйлыққа ақбоз үй жіберді. Соны алып, бітімге келейік», — дейді.
Хан ашуға булығып: «Кет, көзіме көрінбей!» — деп қуып жібереді. Артынша кеңес құрып: «Қалмақты дәмелендіріп, ақбоз үйді алайық. Артынан қайта шабуыл жасап, шауып аламыз», — дейді.
Баянның ескертуі
Баян батыр орнынан тұрып: «Жоқ! Ақбоз үйді алмаңдар. Қалмақты алдаймын деп ойламаңдар. Ұса мен Серен жоғары және төменгі Қытайды да алдап соққан. Сені де алдап кетеді», — дейді.
Хан сөзін екі қайтарады, Баян да жауаптан таймайды. Бірақ хан айтқанынан қайтпай, өз дегенін істетеді.
Қалмақтар қозыкөш жерге аялдап отырған еді. Екі күн өтеді — келетін қалмақ жоқ, қарасы да көрінбейді. Айтқан ақбоз үйі де жоқ. Сөйтсе, олардың орнынан тік көтеріліп көшіп кеткеніне екі күн болыпты.
Баян жанына мың жігіт алып соңынан қуады. Бірақ жеткенде қалмақтар қырық саржан бұрын Қытайға кіріп кеткен екен. Қайтар жолда қалмақ өліктерінен сасыған судан ұшынып, жігіттер қара тышқақ болып қырылады. Атақты Баян батыр да осы сапарда опат болады.
Қалданның сауалы және Абылайдың жауабы
Қалданның тұтқынында болған Абылайдан: «Патшалардың ішінде бәрінен артығы қайсысы?» — деп сұрайды.
Сонда Абылай: «Әуелі Қондыкер, сосын орыстың Ақ патшасы, Ежен-хан, Қалдан, содан соң мына мен», — деп жауап береді.
Риза болған Қалдан: «Мөн, мөн. Сен кішкентай жұртты басқарсаң да, үлкен халықты билеуге лайықсың», — дейді.
Аударған: Сарбас Ақтаев.