Жабайы аңдар. Сабақтың тақырыбы

Көркем әдебиет сабағы: «Жабайы аңдар»

Саяхат сабақ · Жаңа ұғымды меңгерту

Сабақтың мақсаты мен міндеттері

Мақсаты

Балаларға жабайы аңдар туралы мағлұмат беру.

Міндеттері

  1. Балаларды жабайы аңдармен таныстыру, олардың мекені туралы әңгімелеу.
  2. Балалардың ой-өрісін дамыту, әр баланың ерекшелігін ескере отырып жеке жұмыс жүргізу.
  3. Бүлдіршіндерді ұғымталдыққа, бірлесіп жұмыс істей білуге тәрбиелеу.

Көрнекіліктер

  • Көркем суреттер
  • Орман көрінісі
  • Жабайы аңдардың суреттері

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

  • Балалардың сабаққа дайындығын тексеру.
  • Психологиялық сәлемдесу:

Біз сіздермен бірге болғанымызға қуаныштымыз.
Біз сіздерге сәттілік тілейміз.

II. Өткен сабақты пысықтау

Балалар үй тапсырмасы бойынша көктем мезгіліне сипаттама береді.

III. Жаңа сабақ: орманға саяхат

Мұғалім: «Балалар, бүгін бізге қонақ келді. Қонақтың кім екенін білу үшін сұраққа жауап берейік: Жұма сайын аналарымыз бен апаларымыз не пісіріп таратады?»

Балалар: «Бауырсақ».

Мұғалім: «Дұрыс! Бауырсақ алыс жолдан келіпті: ата-әжесінен адасып қалып, бізден көмек сұрайды. Ендеше, бауырсақпен бірге орманға барайық».

Кездесу 1: Қоян

Тапсырма: қоян туралы өлең

Өлең

Қоян: «Бауырсақ, бауырсақ, мен сені жеймін!»
Бауырсақ: «Жемеші мені!»
Қоян: «Онда менің тапсырмамды орындаңдар: мен туралы өлең айтыңдар».

Балалардың өлеңі:

Ұзын құлақ сұр қоян, Естіп қалып сыбдырды. Ойлы-қырлы жерлермен Ытқып-ытқып жүгірді. Қарап еді артына, Қиығын сап көзінің, Келе жатқан томпаңдап, Көжегі екен өзінің.

Қоян: «Рақмет! Бара ғойыңдар».

Кездесу 2: Қасқыр

Тапсырма: сұрақтарға жауап, қала туралы өлең

Сұрақ-жауап

Қасқыр: «Бауырсақ, бауырсақ, мен сені жеймін!»
Бауырсақ: «Жемеші мені, қасқыр!»
Қасқыр: «Онда менің сұрақтарыма жауап беріңдер».

  • Сендер қай мемлекетте тұрасыңдар?
  • Қай қаланың 10 жылдығы тойланғалы жатыр?
  • Сол қала туралы кім өлең біледі?

Балалар: «Қазақстан Республикасы. Астана қаласы».

Өлең:

Отанымның төрінде, Сарыарқаның өрінде, Ту ұстаған Астанам — Әсем қалам, бас қалам.

Қасқыр: «Жарайсыңдар, бара ғойыңдар».

Кездесу 3: Аю

Тапсырма: сергіту жаттығуы

Қимыл-қозғалыс

Аю: «Бауырсақ, бауырсақ, мен сені жеймін!»
Бауырсақ: «Жемеші мені, аю!»
Аю: «Онда мен туралы сергіту жаттығуын жасап беріңдер».

Сергіту жаттығуы:

Ормандағы аюдың Құлпынайы көп екен. Теріп, теріп алайық, Қалтамызға салайық.

Аю: «Рақмет, балалар!»

Кездесу 4: Түлкі

Тапсырма: жұмбақ шешу

Жұмбақ

Түлкі: «Ах, бауырсақ, бауырсақ, мен сені жеймін!»
Бауырсақ: «Жемеші мені!»
Түлкі: «Онда жұмбағымды шешіңдер».

Жұмбақ:

Тауықтар қашып жасқанған, Қулығы артық басқа аңнан.

Жауабы: Түлкі.

Түлкі: «Мен туралы жұмбақ білетіндерің мені қатты қуантты. Рақмет, бара ғойыңдар!»

Қорытынды көрініс: Бауырсақ үйіне оралады

Бауырсақ жүріп отырып ата-әжесін тауып алады. Ата мен әже бауырсақтан қалай келгенін сұрайды. Мұғалім балаларға сұрақ қояды: «Бауырсақ жолда кімдерге кездесті?»

Балалар: «Қоян, қасқыр, аю, түлкі».

Кейін мұғалім бұл жануарлардың жабайы аңдар екенін, олардың орманда мекендейтінін түсіндіреді.

Кейіпкерлерге мінездеме

Балалар жануарлардың сыртқы бейнесі мен мінез-құлқын сипаттайды.

Аң Сипаттама
Қоян Жылдам, сақ, ұзын құлақты.
Қасқыр Қырағы, қайсар, жыртқыш аң.
Аю Күшті, ірі, орманда тіршілік етеді.
Түлкі Айлакер, қу, епті.

Көңіл күйді көрсету

Балалар бауырсақтың көңіл күйін қимылмен көрсетеді: жылаған, қорыққан, қуаныштанған.

Жылаған

Көмек сұрау, мұң

Қорыққан

Қауіп сезімі

Қуанған

Үйіне оралу

Сабақты бекіту: «Кубизм» стратегиясы

Балалардың білімін бекіту үшін төмендегі сұрақтар талқыланады:

  1. Қандай аңдарды білесіңдер?
  2. Қоян қандай аң?
  3. Аңдар қайда мекендейді?
  4. Түлкі қандай аң?
  5. Қоянның түсі қыста қандай болады?
  6. Қыс бойы аю қайда болады?
  7. Қасқырды аңшылар тағы қалай атайды?

Бағалау және қорытынды

Сабақ соңында балалардың белсенділігі бағаланып, бірлік пен мейірімге үндейтін қорытынды өлең айтылады:

Біздің топта ұл-қыздар Тату-тәтті ойнаймыз. Әлемдегі бар адамға Тек жақсылық ойлаймыз.