Ақын өлеңдерінің басты қаһарманы

Махамбет Өтемісұлы: ерлік пен елдік рухын жырлаған ақын

Махамбет Өтемісұлы (1803–1846) — Исатай Тайманұлы бастаған көтерілістің көсемдерінің бірі әрі жалынды жыршысы, халқының азаттығын көксеген күрескер, ел бастаған батыр, қазақтың өр рухты ақыны. Ол қазіргі Батыс Қазақстан облысы, Жәнібек ауданы өңірінде дүниеге келген.

Қысқаша дерек

Өмір сүрген жылдары
1803–1846
Тарихи рөлі
Көтеріліс көсемі, ақын, күрескер
Байланысты тұлға
Исатай Тайманұлы
Мұрасы
Ұлт-азаттық идеясы, поэтикалық шежіре

Балалық шағы және білім жолы

Махамбет бала кезінен мұсылманша және орысша білім алған. Әкесі Өтеміс елге ықпалды би болған. 1824–1828 жылдары Орынбор қаласында Жәңгір ханның ұлы Зұлқарнайынның қасында болады.

Қудалау, түрме және күреске бет бұру

1829 жылы Махамбет Ішкі Ордаға Жайықтан жасырын өтті деген айыппен ұсталып, Калмыков бекетіндегі абақтыға шамамен екі жыл қамалады. 1831 жылы түрмеден қашып шығады, кейін ақталады. 1834 жылы Исатай батырмен бірігіп, ортақ мақсат жолында күреске белсене араласады.

Көтерілістің негізгі себептері

  • Жер мәселесінің ушығуы және жайылымның тарылуы.
  • Ресей империясының қазақ хандығын әлсіретуге, жоюға бағытталған саясаты.
  • Жәңгір ханның жерді туған-туыстарына бөліп беруі.
  • Ел билігінде Қарауылқожаның үстемдігін күшейткен астамшылық әрекеттер.

Көтеріліс барысы: шешуші сәттер

1834 жылы маусымның 9-ында Жәңгір хан Махамбетті өз жағына тарту мақсатында старшын лауазымын ұсынады. Алайда Қарауылқожа мен Исатай–Махамбет арасындағы тартыс күшейіп, наразылық біртіндеп үлкен қозғалысқа айналады.

«Хан баласы жылады-ай, жанымды қи деп сұрады-ай...»

Бұл жолдар хан ордасын қоршауға алған соғыс күндерінің шындығын айқындайды.

1837 жылдың қараша айында көтерілісшілер Бекетай құмында өздерінен күші әлдеқайда басым Гекке әскерімен шайқасып, жеңіліске ұшырайды. Бұл оқиғалар ақынның «Соғыс жыры» шығармасында бейнеленсе, «Жабығу», «Ереулі атқа ер салмай» толғауларында жеңілістің күйзелісі терең суреттеледі.

Исатайдың қазасы және сүргін жылдары

1838 жылы 12 шілдеде Ақбұлақ бойындағы шайқаста Исатай қаза табады. Махамбет екі жылдай Хиуа жақта жасақ жинауға талпынады, бірақ бұл әрекетінен нәтиже шықпайды. Кейін Бөкей ордасына жасырын өтіп, ел ішінде паналайды.

1841 жылы 4 наурызда белгісіз біреулердің көрсетуімен Тілеков деген қазақтың үйінде отырған жерінде ұсталады. Орал әскерінің 40 адамнан құралған жасағы үй иесімен бірге Махамбетті тұтқындап, Калмыков бекетінде екі апта ұстап, кейін Орынборға айдайды. Орынбор генерал-губернаторы оның ісін әскери соттың қарауына береді.

1841 жылғы сот үкімі

1841 жылы 7 шілдеде сот: «бүліншілікке қайта араласса, қатаң жазаланады» деген ескертумен тұтқыннан босатады және шекарадан өтпеуді қатаң тапсырады.

Соңғы жылдары және қаза болуы

1841–1845 жылдар аралығындағы өмірі туралы дерек аз. 1845 жылы Махамбет баласы Нұрсұлтанды оқуға орналастыру ниетімен Орынборда болады. Шекарадан өткеніне байланысты генерал-губернатор іс қозғап, Кіші жүздің батыс бөлігінің әкімі Б. Айшуақов та ақынды қудалауын тоқтатпайды. Ол Махамбеттің басына 1000 сом сыйақы белгілеп, ұстау үшін арнайы қарулы жасақ жібереді.

Ақын хорунжий Тұрымұлының қолынан қаза табады.

Шығармашылық мұрасы: рухани-поэтикалық шежіре

Махамбет шығармалары — бұқара өмірінің рухани-поэтикалық шежіресі, шаруалар қозғалысының шынайы бейнесі. Ол жыраулық поэзияның көркемдік әлемін байытып, туындыларында ұлт-азаттық идеяларын көтерді, елдікті сақтауға шақырды.

Қайғы мен зіл батпан күн

«Мұнар күн» жырында ел басына түскен ауыртпалықты ашына жеткізеді.

Үміт пен сенім

«Ұлы арман», «Жайықтың бойы көк шалғын», «Атадан туған ардақты ер» жырларында келешекке зор сеніммен қарайды.

«Біртіндеп садақ асынбай», «Арғымақтың баласы», «Қара нар керек біздің бұл іске», «Еменнің түбі — сары бал», «Жалған дүние», «Еріскедей ер болса» және өзге де шығармаларында ұлт-азаттық қозғалыстың рухы, ел тағдыры мен арман-мүддесі терең әрі шынайы суреттеледі. Ақынның отты жырларында: «Халық қозғалса, хан тұрмайды тағында» деген идея айқын көрінеді.

Исатай бейнесі — поэзияның өзегі

Махамбет өлеңдерінің басты қаһарманы — Исатай Тайманұлы. «Исатай деген ағам бар», «Исатай сөзі», «Арғымаққа оқ тиді», «Тарланым» сияқты туындыларда Исатай батырдың көркем тұлғасы, адамгершілігі, қайсарлығы мен тапқырлығы жан-жақты сипатталады.

Әлеуметтік сын және хан-сұлтандарға қарсылық

Оның Жәңгірге, Баймағамбет сұлтанға арналған өлеңдері патша өкіметінің жергілікті билеуші өкілдері — хан-сұлтандарға қарсы жазылып, олардың бет пердесін ашатын өткір әлеуметтік сынға айналды.