Қапшық қылған қобызым
Қобыз — ежелден келе жатқан көне аспап. Халық аңыздары мен Орта Азия ғалымдарының кейбір деректеріне қарағанда, VIII–IX ғасырларда қобызды Қорқыт жасаған, әрі оған алғаш рет күй шығарып тартқан деседі.
Қорқыт және қобыздың пайда болуы туралы аңыз
Қорқыт жасынан өте ұғымтал, құйма құлақ болып өседі. Сол дәуірдегі аспаптардың бәрінде ойнайды екен. Бірақ ол бұған қанағаттанбай, адам мен жануардың үнін, табиғат құбылыстарының әуені мен дыбысын жеткізетін жаңа аспап жасауды армандайды. Көп ойланып, толғанып жүріп, қарағай ағашын кесіп әкеліп, бір нұсқаның жобасын жасайды. Алайда әрі қарай қалай жалғастырарын білмей, ұзақ қиналады.
Күндердің бір күні шаршап отырып, көзі ілініп кетіп, түс көреді. Түсіне періште кіріп, былай деп кеңес береді: «Қорқыт, жасаған қобызың алты жасар нар атанның жілігіндей екен. Енді оған нар терісінен жасалған шанақ, ор текенің мүйізінен ойылған тиек, бесті айғырдың құйрығынан тартылған қыл ішек жетіспей тұр. Осылар болса, аспабың сайрағалы тұр екен».
Аңыздағы сипаттама (өлең жолдары)
Қарағайдың түбінен қайырып алған — қобызым.
Үйеңкінің түбінен үйіріп алған — қобызым.
Желмаяның терісін шанақ қылған — қобызым.
Ортекенің мүйізін тиек қылған — қобызым.
Бесті айғырдың құйрығын ішек қылған — қобызым.
Құлағыңды бұрайын осы айтқаным болмаса,
Қайырып жерге ұрайын, — дейді.
Қорқыт қобызды қолына алған сәтте аспап боздап қоя беріпті. Қобыз үнін естіген бар табиғат — ұшқан құс, ескен жел, жүгірген аң — бәрі тына қалып, құлақ түре тыңдапты (М. Жарқынбаев, «Қорқыт», Өнер, 1987).
«Ұшардың ұлуы» күйінің тууы
Қорқыттың «Ұшардың ұлуы» күйіне қатысты да ел ішінде әсерлі аңыз айтылады. Бір жесір кемпірдің жалғыз ұлы болады. Ол — құс салған, ит жүгірткен саятшы. Қашқан аңды құтқармайтын Ұшар атты тазысы және желмен жарысқан жүйрік аты бар екен.
Күндердің күнінде жігіт кенеттен қайтыс болады. Сол кезеңнің әдет-ғұрпы бойынша, марқұмды жерлеген соң жұрт қоныс жаңартып, басқа жерге көшеді. Жаңа қонысқа келген соң кемпір баласынан қалған жалғыз көз — тазыны іздесе, ол табылмайды. «Ескі жұртта қалған болар» деп, ана бұрынғы қоныстарына қайтып келсе, шынында да Ұшар иесін қимай, мола басында көкке қарап, сай-сүйегін сырқырата ұлып жатыр екен.
Ана зары (аңыздан)
«Жалғызымнан айырылдым, қанатымнан қайырылдым, Ұшар, Ұшар, кә-кә…» — деп ана аңырайды.
Кең далада жалғызынан айырылған ана мен иесінен айырылған тазы — қос мұңлық қосылып күңіренеді (Н. Шәменұлының айтуы бойынша жазылған; М. Жарқынбеков, «Қорқыт», «Елім-ай», Өнер, 1987, 22-бет).
Айтушылардың сөзіне қарағанда, Қорқыт «Ұшардың ұлуы» күйін осы оқиғаға байланысты шығарыпты.
Қобыз, шамандық дәстүр және бақсы сарыны
Түркі тілдес халықтардың көне сенім-нанымында шамандық елеулі орын алған. Шаман — емші, тамыр ұстаушы, балгер, жын шақыратын бақсы. Оларды «абыз» деп те атаған. Кей деректерде бұл атау қобыз ұғымымен сабақтастырыла түсіндіріледі.
Бақсының қобызға айтатын сарыны
Үйеңкінің түбінен үйіріп алған қобызым!
Қарағайдың түбінен қайырып алған қобызым!
Қызыл қаршын тобылғы жәшік қылған қобызым,
Желмаяның терісінен қапшық қылған қобызым.
Жүйрік аттың құйрығын ішек қылған қобызым!
Ортекенің мүйізін тиек қылған қобызым!
Тасқа шыққан ырғайдан құлақ қылған қобызым!
Сексендегі кемпірдей бүкір белі қобызым!
Буаз қатын секілді арты шөмек қобызым!
Әбден де болжа, қобызым!
Қобыз — түркі тілдес халықтардың ертеден келе жатқан көне өнер аспабы. Қорқыттан кейін өмір сүрген атақты, киелі бақсылардың бірі Қойлыбай туралы да қазақ арасында аңыз көп. Шоқан оны «бар бақсының түп атасы, оқ тартар садақтай» деп суреттейді.
Қойлыбай туралы аңыз: қобызды бәйгеге қосу
Бір аңызда Қойлыбай қобызын аламан бәйгеге қосыпты делінеді. Жүздеген сәйгүлік шапқан бәйгенің қарасы көрінгенде, ол қолына қанжарын алып, әулие-пірлерінен медет тілеп, сарнап қоя береді. Сол сәтте бәйге жақтан қара дауыл көтеріліп, отша лапылдаған аптап жел соғыпты.
Бір мезетте дауылдың артынан қалың қара көрініп, ат тұяғының дүбірі естіледі. Көзді ашып-жұмғанша бәйге аттарының алдынан қар борандатып, ала жібін сүйреткен алып ағаш зулап өтеді. Сөйтсе, «алып ағаш» дегені — Қойлыбайдың қобызы, ал дауыл мен желді суырып келе жатқан — көкаман жынының екпіні екен, деп айтылады аңызда.