Классикальщ контрактіде карым

Жаңа институционалды экономикалық теория контрактіні институционалды келісімдердің бір түрі ретінде қарастырады. Осы тұрғыдан алғанда, оның мазмұны мынадай түрде анықталады:

Контракт — белгілі институционалды шектеулер жағдайында индивидтердің ерікті әрі саналы таңдауының нәтижесі болып табылатын меншік өкілеттілігін айырбастау және оны қорғау туралы келісім.

Бұл анықтамадағы институционалды шектеулер келісімдерді бекітудегі шешуші шарттардың бірі — орындауға мәжбүрлеу механизмі бар екенін көрсетеді. Трансакция барысында туындайтын конфликт жағдайларының шешілуі дәл осы мәжбүрлеу тетігіне және, тиісінше, контрактінің кепілдік механизмін таңдауға тәуелді. Аталған өлшемдер контракт типтерінің жіктемесінің негізін құрайды.

Контракт типтері: классикалық, неоклассикалық және қарым-қатынастық

Классикалық контракт (толық контракт)

Классикалық контрактте қарым-қатынастың барлық шарттары толық әрі айқын анықталады. Толық контракт жағдайында контрактілік қатынастың бірқатар ерекше белгілері бар.

  • Контрагенттің тұлғалық ерекшеліктері маңызды емес: шарттарға әсер етпейді; кез келген индивид кез келген уақытта контрагент бола алады. Сондықтан мұндай контракт стандарттауға ұмтылады, жазбаша шарттар ауызша уәделерден басым.
  • Негізі — формальды құқық: заңи нормалар, ресми құжаттар, ережелер шешуші рөл атқарады.
  • Конфликтті шешу алдын ала көрсетіледі: әдетте сот арқылы; шарт бұзылса, контракт жедел әрі автоматты түрде тоқтатылады.

Қорытынды: классикалық контракт — толық контракт; конфликт туындаса, келісім жиі бұзылады, ал кепілдік механизмі ретінде мемлекет әрекет етеді.

Неоклассикалық контракт (толық емес контракт)

Неоклассикалық контрактация моделі негізінен орта және ұзақ мерзімді келісімдерде қолданылады және толық емес контракт болып саналады. Себебі болашақта орын алуы мүмкін барлық жағдайларды шарт ретінде алдын ала толық жазу қиын; бұл — белгісіздіктің тікелей салдары.

Сондықтан конфликт жағдайында тараптар көбіне сотқа емес, үшінші тарапқа (арбитраж, төрелік сот) жүгінеді. Мұның себебі — мәміле аяқталғанға дейін тараптар арасындағы үздіксіз қатынасты сақтау қажеттілігі. Үшінші тарапқа сенім — мұндай контрактіні бекітудегі маңызды шарттардың бірі.

Қорытынды: неоклассикалық контракт — толық емес; конфликт жағдайында қарым-қатынастың үзілмеуін көздейді; кепіл ретінде үшінші тарап маңызды рөл атқарады.

Қарым-қатынастық (имплицитті) контракт

Қарым-қатынастық контракт ұзақ мерзімді, күрделі және өзара тиімді жағдайларда қалыптасады; ол да, әдетте, толық емес контракт ретінде сипатталады. Контрагенттердің бір-біріне экономикалық тәуелділігі және қатынасты сақтауға өзара мүдделілігі — оның басты белгілері.

  • Партнерді ауыстыру қиын: сондықтан қатынас үздіксіз болады.
  • Бейформальды нормалар басым: кейде келісім арнайы құжат түрінде бекітілмеуі мүмкін, шарттар айқын емес (имплицитті).
  • Сенім жоғары, тұлғалық фактор маңызды: конфликттер сотпен де, үшінші тараппен де емес, көбіне бейформальды келіссөздер және ауызша ымыра арқылы шешіледі.

Қорытынды: қарым-қатынастық контракт — толық емес; ұзақ мерзімді бірлескен іс-әрекетті білдіреді; кепілдік кейде қатысушылардың біреуі немесе екеуі арқылы қамтамасыз етіледі.

Контракт таңдауы: трансакцияның негізгі сипаттамалары

Контрагенттердің контракт типін таңдауы жүргізілетін трансакцияның сипаттамаларына тәуелді. Әдетте үш негізгі сипаттама бөлінеді: белгісіздік, активтердің ерекшелігі, жиілік.

1) Белгісіздік деңгейі

Бұл жерде, біріншіден, белгісіздіктің негізгі көздерін (себептерін), екіншіден, оның болжамдану мүмкіндігін — яғни күтілетін нәтижелердің орындалу ықтималдылығын анықтау қажет. Өйткені күтпеген жағдайлар контрагенттердің мінез-құлқын өзгертіп, оппортунизмге әкелуі мүмкін.

2) Активтер (ресурстар) ерекшелігінің дәрежесі

Екінші сипаттама — келісім нысаны болып табылатын активтердің немесе контрактіні орындау барысында қолданылатын ресурстардың ерекшелігі. Ерекше активтердің алты түрі жиі аталады:

  1. 1 Орналасуы бойынша: табиғи ресурстар, геосаяси артықшылықтар.
  2. 2 Технологиялық ерекшелік: арнайы компонент өндірісіне инвестициялау.
  3. 3 Адам капиталының ерекшелігі.
  4. 4 Сауда маркалары (тауар белгілері).
  5. 5 Өндірістік инфрақұрылымға инвестициялау ерекшелігі.
  6. 6 Уақыт бойынша ерекшелік: арнайы ресурсқа қажеттілік тек белгілі бір уақыт аралығында ғана болады.

Активтердің ерекшелігі контрактіден кейінгі оппортунизмнің (мысалы, бопсалау немесе моральдық тәуекел формасында) пайда болуына әкелуі мүмкін. Бұл контрактілік қатынастың күрделілігін және тараптардың өзара тәуелділігін арттырып, контракттің ұзақ мерзімге созылуына жағдай жасайды.

3) Трансакция жиілігі

Үшінші сипаттама — трансакцияның жиілігі. Келісімдер жиілігінің үш деңгейін ажыратуға болады: бір мезгілдік, кездейсоқ және қайталанбалы. Қайталанбалы трансакциялар маңызды, өйткені бұл жағдайда жағымды масштаб әсері пайда болады.

Трансакцияға сай басқару құрылымы: О. Уильямсон жіктемесі

Контрактілік қатынастардың тиімділігін арттырудың бір өлшемі ретінде трансакциондық шығындарды барынша азайту мақсатында әрбір трансакцияға сәйкес басқару құрылымы таңдалады. О. Уильямсон контрактілік қатынастарды басқарудың төрт құрылымын бөліп көрсетеді: рыноктық, үшжақты, екіжақты және біржақты.

Рыноктық басқару

Классикалық контрактіні жүзеге асыруда рыноктық басқару тиімдірек. Себебі бұл типте ерекше активке инвестиция салынбайды: трансакция негізінен жалпы активке сүйенеді. Оппортунизм байқалса, қарым-қатынас жедел тоқтатылады немесе заң жүзінде санкциялар қолданылады.

Үшжақты басқару

Үшжақты басқару ерекше активті қолданумен байланысты, бір мезгілдік сипаттағы трансакцияларды жүзеге асыруда қажет. Ерекше актив қатынастың үздіксіздігін сақтауға ынталандырады, сондықтан оппортунистік мінез-құлықтың алдын алудың балама тәсілдері іздестіріледі.

Ұзақ мерзімді әрі күрделі контрактілерде оппортунизм қаупі күшейеді. Мұндай жағдайда сот арқылы шешу қатынастың бұзылуына әкелуі мүмкін, сол себепті тараптар үшінші жақтың қызметіне жүгінеді. Бұл жағдай неоклассикалық контрактілік құқыққа тән.

Екіжақты басқару

Ерекше активтерге инвестициялау қажеттілігі жоғары және үнемі қайталанатын трансакцияларға негізделетін қарым-қатынастық контрактте екіжақты басқару тиімді болуы мүмкін. Бұл модельде тараптардың дербестігі сақталады.

Екіжақты басқаруда, әдетте, сату контракты жүзеге асады.

Біржақты (унитарлы, бірлескен) басқару

Біржақты басқаруда трансакциялар рыноктық сигналдар арқылы емес, фирма ішіндегі әкімшілік шешімдер негізінде орындалады. Бір тарап ресурсты пайдалану құқығын және болашақ әрекеттерін таңдау құқығын келесі тарапқа белгілі бір шарттармен ерікті түрде береді.

Бұл жағдайда контрактке қатысушы тараптардың бірі кепілденген табыс ала отырып тәуекелден бас тартады (тәуекелге қарсы тұлға), ал құқықтарға ие болған тарап тәуекелге бейтарап тұлға ретінде қарастырылады. Мұндай келісім жалдану контракті деп аталады.

Тәуекел және міндеттемелер: жалдану және сату контракттері

Жалдану контракті

Жалдану контрактінде бір тарап кепілденген табысты таңдап, тәуекелді екінші тарапқа береді. Нәтижесінде тәуекелден бас тартқан тарап тәуекелге қарсы тұлға ретінде, ал құқықтар мен шешім қабылдау мүмкіндігі кеңейген тарап тәуекелге бейтарап тұлға ретінде қарастырылады.

Сату контракті

Сату контракті — тәуекелге бірдей деңгейде бейтарап тұлғалар арасындағы және контрактіні орындау барысында жүзеге асырылатын міндеттерді айқындайтын келісім. Қатысушылардың пайдалылығы көрсетілген міндеттердің орындалуына тікелей тәуелді.