Келіп түскен жүктер есебі журналына

Тауарлық-материалдық қорларды есепке алу: мәні және құрамы

Өндіріс процесінде еңбек құралдарымен қатар өндірістік босалқы заттар да қатысады. Еңбек құралдарынан айырмашылығы — олар өндіріс процесінде толық немесе едәуір дәрежеде тұтынылады, ал олардың құны өндірілетін өнімнің материалдық негізін қалыптастырып, өнімнің өзіндік құнының құрамына кіреді.

Колледждегі ТМҚ түрлері

  • Материалдар
  • Сатып алынған жартылай фабрикаттар
  • Отын
  • Ыдыс материалдары
  • Қосалқы бөлшектер
  • Өзге материалдар
  • Дайын өнім
  • Тауарлар
  • Аяқталмаған өндіріс

Бухгалтерлік есепте ТМҚ шоттардың үлгілік жоспарының бірінші бөлімінде — қысқа мерзімді активтер құрамында көрсетіледі.

ТМҚ бойынша қолданылатын бухгалтерлік шоттар

1300 бөлімшесі (қорлар)

Негізгі шоттар және олардың мазмұны

1300
Тауарлық-материалдық қорлар
1310
Шикізат пен материалдар
1320
Дайын өнім
1330
Тауарлар
1340
Аяқталмаған өндіріс
1350
Өзге қорлар

Жеткізушілермен есеп айырысуға қатысты шоттар

1610
Берілген қысқа мерзімді аванстар
2910
Берілген ұзақ мерзімді аванстар
3310
Қоюшылар мен мердігерлердің қысқа мерзімді кредиторлық қарыздары
4110
Қоюшылар мен мердігерлердің ұзақ мерзімді кредиторлық қарыздары

ТМҚ-ны қабылдау және құжат айналымы

Тауарды қабылдаушы ұйым ҚР Министрлер Кабинетінің 1994 жылғы 9 қарашадағы №1240 қаулысымен бекітілген өнімдер мен тауарларды көлемі мен сапасына қарай қабылдау тәртібі туралы Нұсқауды басшылыққа алады.

Негізгі бастапқы құжаттар

Жеткізушілерден келіп түскен құндылықтар бойынша есеп жүргізу үшін келесі құжаттар рәсімделеді: шот-фактуралар, жүкқұжаттар, актілер және өзге де құжаттар.

Қойма карточкалары
Құжаттарға сәйкес материалдардың қозғалысын бақылау үшін толтырылады.
Лимиттік-алым карточкасы
Қоймадан материал босату кезінде рәсімделеді.

Сенімхат арқылы алу тәртібі

Егер тауар сатып алушының қоймасынан немесе тасымалдаушы ұйымнан алынатын болса, құндылықтарды алатын тұлғаға құжаттарымен бірге арнаулы сенімхат беріледі.

ҚР Азаматтық кодексінің 167-бабына сәйкес сенімхат — мекеменің сенімді өкіліне берілетін, жазбаша түрде ресімделген өкілеттікті растайтын құжат. Сенімхатқа мекеме басшысы мен бас бухгалтер қол қояды және мөрмен расталады.

Сенімді өкіл тауарды алған күннен кейінгі күні (толық немесе толық емес алуына қарамастан) бухгалтерияға құжаттарды тапсырып, материалдық жауапты тұлғаларға өткізілгенін растайтын деректер бойынша есеп береді.

ТМҚ-ның бухгалтериядағы талдамалық есебі

Колледжде материалдардың бухгалтериядағы талдамалық есебі сандық және ақшалай өлшемде жүргізіледі. Есепті ұйымдастырудағы күрделілікке байланысты талдамалық есеп жүйесі үздіксіз жетілдіріледі.

Есеп жүргізудің жұмыс тәртібі

  1. 1 Әр номенклатуралық нөмірге жеке карточка ашылады.
  2. 2 Кіріс ету және босату құжаттарының деректері тиісті карточкаға уақтылы жазылады.
  3. 3 Ай соңында кіріс пен шығыс қорытындылары шығарылып, материалдардың айналым тізімдемесіне енгізіледі.
  4. 4 Осылайша бухгалтериядағы деректер қойма карточкаларындағы мәліметтермен салыстырылып, бақылау күшейтіледі.

ТМҚ-ны есептен шығару

ТМҚ-ларды есептен шығару типтік нысандардың (талап, акт және т.б.) негізінде, бас директордың бекітуімен жүргізіледі және қорлар кіріске алынған кезде белгіленген тәртіппен шығысқа жатқызылады.

Құнсыздану жағдайы

Егер ескіру, бүліну немесе басқа да себептерден қорлар өзіндік құнын өтей алмаса, Тұрар Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінің экономикалық колледжі қорларды сатылу мерзіміне қарай өткізу мүмкіндігін ескере отырып, оларды таза өткізу құны бойынша бағалайды.

ТМҚ-ны түгендеу тәртібі

Жоспарлы түгендеу

Колледж қоймасындағы ТМҚ бойынша жоспарлы түгендеу жылына бір рет — 1 қаңтарда жүргізіледі. Түгендеу жүргізу үшін басшының бұйрығымен комиссия тағайындалады. Әр бөлімше бойынша жергілікті түгендеу комиссиясы құрылып, оның жұмысын орталық комиссия ұйымдастырады және үйлестіреді.

Рәсімдеу

Комиссия материал қалдықтарын өлшеу арқылы олардың сақталу орындары бойынша түгендеу тізімін жасайды және бухгалтерияға тапсырады. Тізімге комиссияның барлық мүшелері қол қояды.

Нәтижені анықтау

Нәтижені шығару үшін салыстыру тізімдемесі жасалады. Артық немесе кем шыққан материалдар бойынша жауапты тұлғалардан жазбаша түсініктеме алынады, себептері талданып, қайталанбауы үшін шаралар белгіленеді. Артық шыққан материалдар ұйым кірісіне алынады.

Шаруашылық операцияларының үлгілік жазбалары

Дебет–Кредит корреспонденциясы

Негізгі операциялар бойынша

Операция мазмұны Дебет Кредит
Жеткізушілер мен мердігерлерден шикізаттар келіп түсті 1310 3310
Келіп түскен шикізаттар негізгі өндіріске босатылды 8110 1310
Негізгі өндірістен шыққан өнім кірістелді 1320 8110
Сатып алушыларға дайын өнім жөнелтілді (оның ішінде 13% ҚҚС) 1210 1320, 3130
Сатып алушылардан банктегі есеп шотқа ақша қаражаты келіп түсті 1030 1210
Жеткізушілермен есеп айырысу жүргізілді 3310 1030
Бюджетке түскен ҚҚС аударылды 3130 1030
(№ 38–63 қосымшалар)

Жеткізушілермен есеп айырысу есебі

Кәсіпорын өндірістің тиімді әрі ырғақты жұмысын қамтамасыз ету үшін материалдық-техникалық базасын қалыптастырады, яғни өндіріске қажетті қорларды құрайды. Кәсіпорынды жабдықтау экономикалық және әлеуметтік даму жоспарларына сәйкес жүргізіледі.

Ұдайы өндірісті қамтамасыз ету үшін кәсіпорын өнім шығарушы кәсіпорындармен немесе делдал ұйымдармен келісім-шарт жасайды. Осыған байланысты жабдықтаушылармен және мердігерлермен есеп айырысу үшін 3310 «Жабдықтаушылар және мердігерлермен есеп айырысу» шоты пайдаланылады. Бұл шотта есеп айырысулар сомасының деңгейіне және нысандарына (алдын ала төлем, инкассо, аккредитив, чек) қарамастан, алынған материалдық қорлар, орындалған жұмыстар мен көрсетілген қызметтер үшін есеп айырысу жүргізіледі.

3310 шоты бойынша жазбалар логикасы

Кредиті бойынша
Жабдықтаушылардың акцептелген шот-фактуралары көрсетіледі.
Дебеті бойынша
Олардың төлемі есеп айырысу, валюталық және басқа шоттардың кредитінен жазылады.

Тіркеу және бақылау

Өнім жеткізушілермен есеп айырысулар есебі арнайы нысандағы журналда, машинограммада немесе тізімдемеде әрбір шот-фактура немесе төлем-талап тапсырмасы бойынша жүргізіледі. Бұл әр құжат бойынша есеп айырысуларды бақылауға мүмкіндік береді.

Келіп түскен шот-фактуралар алдымен «Келіп түскен жүктер есебі журналына» тіркеледі. Құндылықтардың қоймаға түсуіне қарай кіріс құжаттары бойынша есепке алынады, ал қоймаға түспеген жүктер бойынша іздестіру сұрауларының нәтижесіне сүйене отырып, нақты келіп түскен күні белгіленеді. Журнал деректері мезгіл-мезгіл 3310 шотының деректерімен салыстырылып тексеріледі.