Туған жерді аңсаудың басты себебі осында
Халық мұрасының қайнар көзі: көне заман әндері туралы толғам
Тарихымызды жазғанда көбіне «пәлен айтты, түген айтты» деп, қазақ жерін кезіп өткендердің жазбаларына сүйеніп жүреміз. Әрине, оларды жоққа шығаруға болмайды — ол да керек. Бірақ біз өз дереккөздерімізді толық әрі ізгілікті пайдаланып жүрміз бе? Өкінішке қарай, бұл тұста олқылық бар.
Тереңірек ойласақ, тарихымыздың мол ізі халқымыздың ауыз әдебиетінде, өлең-жырында, әдет-ғұрпында, тілінде және салтында жатыр. Осылардың бәрі өткеніміздің өте ертеден басталатынын аңғартады.
Ауыз сөздегі география және тарихи жад
Қазақта «Ұлы Ұрымға (Рим), қызы Қырымға қонды» деген тіркес бар: бұл — «алысқа кетті» деген ишара. Ал «Барған жерің Балқан тау, ол да біздің көрген тау» деген сөз орамдары да біздің арғы бабаларымыздың әлемді кең шарлағаны туралы тарихи жадтың сілеміндей әсер қалдырады.
Діни аңыздарда да кеңістік белгісі бар. Исламдағы «ақырзаман» ұғымы «Тажал» бейнесімен сипатталып, оның «Қойқап» тауының ар жағында тұратыны айтылады. Аңыз бойынша, Тажал сол тауды түні бойы жалап өтпек болады; тау тесілер шақта әлемде азан дауысы шықса, тау қайта бітеліп қалады. Бұл — идеологиялық мазмұндағы діни аңыз. Сондағы «Қойқап» атауы Қарпат тауларын меңзеуі мүмкін бе деген сұрақ туындайды: Қарпаттың ар жағында христиан дүниесі жатыр.
Жер-су атаулары және тілдің кеңістігі
Ежелгі түркі тіліндегі жер-су атауларында да көп мән бар: Үлкен Ене (Лена), Халқын (Гол-Халық көлі) сияқты атаулардың өзегінде ұғымдық жүк жатыр. Орал тауының атауы да «оралып өт, әйтпесе тура жүре алмайсың» деген мағыналық түбірлермен сабақтас болуы ықтимал.
Осыдан екі түрлі қорытынды шығады. Біріншісі: жер атауы көбіне сол өңірге жақын отырған елдің тілінде қалыптасады. Екіншісі: бір замандарда батыста да, шығыста да, орталықта да көшпелі жұрт бір тілдік кеңістікте сөйлеген болуы мүмкін.
Мысалы, Майқы бидің «Алтау ала болса…», «Аяз, әліңді біл…» сияқты мақалдарды қолданғаны белгілі. Ал Майқы би біздің заманымыздың бас шенінде Сыр бойында өмір сүрген делінеді. Бұл — бүгін ғана туғандай көрінетін сөздердің өте ертеден келе жатқанын аңғартатын ишара.
Демек, Алтайдан Қарпатқа дейінгі ұлан-ғайыр кеңістікте жүрген көшпелілердің, соның ішінде скифтердің де, түркі тілдік негізде сөйлегенін айқындайтын уәж көп. Мұның бәрін дәлелдеу үшін жүйелі зерттеу мен талдау қажет.
Ән мен күй — халықтың ішкі тарихы
Қазақ халқы әнге де, күйге де аса бай. Ән мен күй халықтың қуанышы мен қасіретінен, уайымы мен тілегінен, сағынышы мен арманынан туады. Олардың қайсысын алсаңыз да, адамның терең сезімі айқын көрінеді.
«Еділ бойы», «Әйкен-ай» сияқты әндер неге тозбайды, неге ұмытылмайды? Өйткені, бұл әндердің өзегінде терең шер, орындалмаған арман, сағыныш-сарғаю жатыр. Сезім көбіне табиғатқа, туған жерге арнау арқылы айтылады. Ал туған жерге сағыныш — ең қуатты сезімдердің бірі.
Тағы бір қыр: ғашықтық сезім туған жердің табиғи ортасымен астасқанда күшейе түседі. Бір адамды сүйсең, оның өскен өңірі — өзені, тауы, ауасы да ыстық көрінеді. Мұндай сезім ұмытылмайды.
«Еділ бойы» және тарихи кеңістік
Кейде бұл ән «Толқыма» деп те аталады.
«Еділ бойын» жайлау — Атилла дәуірінен (б.з. V ғ.) да әрідегі кезеңдерді елестететін белгі. Әннің ішінде қайғы-мұң, жүрек сыры, орындалмаған тілек бар. Орыс халқының «Волга-реченка» немесе «Волга-матушка река» мәтіндерін салыстыра оқысаңыз, қайсысы қай уақытта туғанын сезіну қиын емес.
Еділ бойы, Қырым, Дон, Днепр жағалаулары көшпелі скифтер мекендеген өңірлердің бірі болғаны тарихтан белгілі. Қазіргі Украина мен Оңтүстік Ресей аумағындағы қорғандардан табылып жатқан киім-кешек, ер-тұрман, тұрмыстық бұйымдар — соның айғағы. Орыс тарихшылары бұл бұйымдарды скифтерге телиді — бұл қисынды. Ал сол скифтердің тұрмыс-салты мен тілдік белгілері қазіргі қазақ болмысымен ұқсас деген ой да назар аудартуға лайық.
Археология бар, тұжырым аз
Қазақ жерінен де құнды дерек беретін олжалар аз табылып жатқан жоқ. Бірақ соларға сүйеніп, батыл ғылыми қорытынды жасау деңгейі төмен, кейде жоқтың қасы.
Тарихты тек тарихшылар ғана жазады деген түсінік — үстірт. Тарихшылардың қатысуымен түрлі сала ғалымдары бірігіп жазуы керек. Арғы заман деректерін қорыта алатын, гуманистік көзқарасы бар зерттеушілер қажет. Ондай адамдар ел ішінде бар.
Өз тәжірибемде тарихты іздене отырып, оны толықтыратын аса маңызды саланың бірі — халық әндері екеніне көзім жетті.
Неге қазіргі әннің ғұмыры қысқа?
Бүгінде өмірге келген әндердің ғұмыры неге қысқа? Кейбіреулер мұны «нарық заманының» салдары дейді. Бірақ мәселе бұдан күрделірек болуы мүмкін.
Мысалы, «Мың бір түн» — орта ғасыр туындысы. Оның кең тарауына себеп болған факторлардың бірі — атақты Жібек жолы, яғни сауда кеңістігі. Сауда тек тауарды емес, мәдениетті, ойды, ақын мен ғалымды да тудырды. Қазіргі жаһандану да саудадан өрбіген құбылыс. Ол мәдениетке әсер етеді, бірақ оның қандай бағыт алатынын уақыт көрсетеді.
Тілдің тереңдігі және әннің ежелгілігі туралы ой
Көне заман әндерінің қайсысы қашан туғанын дәл кесіп айту қиын. Ішінде өте ертеге кететіндері де бар шығар. Кей деректерге қарағанда, Американың кейбір үндіс қауымдарында, Гренландия эскимостарында біздің тілге ұқсас «ата», «ана», «күн», «төбе», «жылан», «бақа», «каяк» (қайық) сияқты сөздер сақталғаны айтылады. Егер олардың ол жаққа Батыс Сібір өңірінен 45–50 мың жыл бұрын барғаны еске алынса, тіл тарихына қатысты батыл екі түйін ұсынылады:
- түркі тілі тарихы кей пікірлердегідей екі мың жылмен шектелмей, әлдеқайда терең болуы ықтимал;
- тіл бар жерде ән, мақал-мәтел, ырым-тыйым да бірге жасайды; демек, өте көне қабаттан жеткен көркем формалардың сақталуы заңды.
Неге көне әндер атадан балаға, ғасырдан ғасырға тозбай жетіп, бүгін де сол күйі әсер етеді? Өмір салтымыз өзгеріп, мәдениетіміз дамыса да, әлгі әндер жүректі шымырлатып, жанды тербетеді. Геродоттың «скифтер ән салғанда жастар жігерленіп, қарттардың көзіне жас келеді» дегені де осы құбылысты еске түсіреді.
Көне әннің құдіреті: сахнадағы дәлел
Алматыдағы опера және балет театрында өткен «Қыз Жібек» операсының мыңыншы қойылымында болғаным бар. Күләш Байсейітовадан бөлек, бұрынғы актерлер тобы да қойылымға түгелге жуық қатысты: Қанабек Байсейітов, Құрманбек Жандарбеков, Үрия Тұрдықұлова, Ғарифолла Құрманғалиев және басқалар.
Сол кеште залдағы көрерменнің басым бөлігі көз жасын тыя алмады. Бұл ненің құдіреті? Әрине, тарихи әннің қуаты және орындаушылардың шеберлігі. Олар — халық арасынан суырылып шыққан таланттар еді. «Қыз Жібек» олардың бойындағы қуатты босатып, көрермен жүрегіне жеткізді.
Махаббат көне әнде де, қазіргі әнде де бар. Бірақ көне ән жүректі түбірімен қозғайды: сезім тікелей айтылмайды, табиғат суреті, теңеу, ишара арқылы беріледі. Мұның ішінде үлкен әдеп, мәдени өлшем жатыр.
Туған жерге аңсар: ұмытылмайтын күш
Адам қатынасында «жершілдік» дейтін ұғым бар. Кейде ол туыстықтан да күшті, бәсеңдемейтін қуатқа айналады. Оның түбінде туған жердің құдіреті — ішкен суы, жұтқан ауасы, тұтынған тағамы, бала кезден бойға сіңген дәмдік-биологиялық әсерлер жатыр.
Нәресте сол орта әсерімен өседі, ол әсер ешқашан өшпейді. Өзге жерде жүргенде де балалық шақтың сол «табиғи мөрі» санада сақталып тұрады. Туған жерді аңсаудың басты себебі осында. Бұл тек адамға ғана тән емес: тіршілік атаулыға ортақ қасиет.
Сондықтан туған табиғатқа, қоршаған ортаға арналған әндердің ұмытылмайтыны, қайта күшейіп әсер ететіні — физиологиялық-биологиялық әрі этностық құбылыс ретінде түсіндіріледі.
Көшпелі кеңістік және әнге айналған тағдыр
Қазақта көне заман әндері өте көп. Әлемдегі көптеген елдің тарихы мың жылға да жетпейді; ал көшпелі өркениеттің тарихи көкжиегі ұзақ. Еуразияның он мыңдаған шақырым кеңістігін жайлаған көшпелілер өзара құдандалы болып, қыз алысып, қыз беріскен.
Көшпелі өмірдің ауыр сәттері — алысқа ұзатылған қыздың туған жерін қайта көре алмауы; жаугершілікте жат жерге құлдыққа сатылған баланың тағдыры; ерте қайтқан жанды жоқтау; елден жырақта аңсау — мұның бәрі ән мен күйде «шер» болып төгілген.
Сол әндердің қайта-қайта айтылып, тозбай жетуі — олардың тарихи-сезімдік қуатында. Өткен өмірдің өлеңі мен әні тарихымыздың ұзақтығын ғана емес, оның талай кезеңде ауыр да қайғылы, арманы көп болғанын да аңғартады. Сонымен бірге халықтың сол қасіретке мойымай, елін-жерін сақтап, ұрпақ өсіріп, мәдениетін жағдайға сай дамытып келгенін көрсетеді.
Ән-күй тек жоқтау мен мұң емес: той-томалақ, ойын-сауық, қуаныштың да өз өрнегі бар. Халықтың өмірі қалай алуан болса, мұрасы да сондай алуан.
Мәдени мұраны түгендеу: ең қиыны — әнді зерттеу
Бүгінде мәдени мұрамызды түгендеуге бағытталған орынды қозғалыс жүріп жатыр. Көбіне ол жазба және қазба мұраларға қатысты. Бұл түсінікті: жазба-қазба дерек көзге көрінеді, жүйелеуге де салыстырмалы түрде қолайлы.
Ең қиыны — ән мен күй. Олар нені суреттейді, қай заманға тән, қалай өзгерді — бұл сұрақтар кең көлемде зерттеліп жатқан жоқ. Мұнда абстрактілі ойлау, салыстырмалы ғылыми әдіс, шындыққа жақын әрі дәлелді болжамдар қажет.
1936 жыл: «жабайы халық» туралы жалған түсініктің күйреуі
Бір кезде Батыста «көшпелілер — мәдениеттен жұрдай, жабайы» деген ұғым үстем болды. 1936 жылы Мәскеуде Қазақстанның әдебиеті мен өнерінің онкүндігі өтті. Сол кезде Е. Брусиловский жазған «Қыз Жібек», «Ер Тарғын» опералары көрсетілді. Мәскеулік көрерменнің әсері ерекше болды: басылымдар таңдай қақты, «кеше ғана жабайы делінген халық небәрі он тоғыз жылда қалай дамыды?» деп таңданды.
Мұның негізі бар еді: опералардың өзегі қазақтың қаймағы бұзылмаған ән-күйлеріне сүйеніп жазылған. Ал ол опералардағы материал — қазақ музыка мұрасының мыңнан бір ұшқыны ғана болуы мүмкін.
Жинақтау аздық етеді: мағынасы мен дәуірін ашу керек
Тарихымызды өзіміз де білгіміз, өзгеге де білдіргіміз келсе, ән-күйді тек жинаумен шектелмей, олардың қай дәуірді бейнелейтінін зерттеуіміз керек. Бұл да — құнды мұра.
Мамандар «бізде 12 мыңдай ән, 6 мыңдай күй бар» дейді. Шындығы болуы ықтимал. Бірақ сол әндер мен күйлер қайда? Радио көбіне 30–40 шақты ән-күйді ғана, соның ішінде оншақтысын қайта-қайта береді. Қалғаны жоқ сияқты көрінеді. Ізденіс пен талдау аз.
Қайталана беретін репертуар тыңдарманды жалықтырады. Ал адам радиодан жанына қуат беретін, рухын көтеретін ән-күй естігісі келеді.
Ән — ермек емес, жігер беретін күш
Біз қазір ауыл тақырыбын жиі айтамыз — бұл дұрыс. Ауылды көркейту үшін нақты іс-қимылмен бірге жігерлі, қуат беретін әндер де қажет. Үкіметтің патриоттық әндер керектігі туралы құжат қабылдағанына да уақыт өтті. Бірақ елге кең тараған, жүрекке әсер ететін жаңа әндер аз сияқты.
Оның орнына мазмұны жұтаң, жүректі қозғамайтын жеңіл әуендер көбейіп барады. Мұндай әндер жас махаббатын оята ма, адамға не береді? Осыған мән беріп, реттейтін жауапты көзқарас керек сияқты.
Ән — жай ермек емес, қуат беретін құдіретті күш. Әсіресе көне заман әндеріне немқұрайлы қарау — тарихымызды түсінбеуге, оған жанашыр болмауға итермелеуі мүмкін.
Досмұхамед Кішібеков, академик