ЖММК комиссиясы науқастардың құжаттарын сырттай немесе қажет болған жағдайда науқасты бейінді мамандардың комиссиялық қарауына шақыра отырып, қарауға құқылы

Тиімді емделу көбіне едәуір қаражат пен үлкен шыдамдылықты талап етеді — бұл бәрімізге таныс. Алайда әр адамның қаржылық мүмкіндігі бірдей емес. Осындай жағдайда көпшілігіміз: мемлекеттік ірі медициналық ұйымдардан тегін емді қалай алуға болады немесе емделуге қажет қомақты қаржыны қайдан табамыз деген сұраққа тірелеміз.

Бұл мәселе бойынша мемлекет Республикалық медициналық орталықтарда жоғары мамандандырылған медициналық көмек (ЖММК) көрсету арқылы қолдау ұсынады.

ЖММК деген не?

Жоғары мамандандырылған медициналық көмек (ЖММК) — диагностика, емдеу және медициналық оңалтудың ең жаңа технологияларын қолдануды қажет ететін жағдайларда медициналық ұйымдарда бейінді мамандар көрсететін көмек.

Диагностика Емдеу Оңалту Жаңа технологиялар

Республикалық клиникаға жолдама алу тәртібі

1) Қайда жүгіну керек?

Республикалық клиникаларға жолдама алу үшін тұрғылықты жеріңіздегі медициналық мекемеге (емханаға) барыңыз.

2) Қандай жағдайда құжаттар комиссияға ұсынылады?

Медициналық көрсеткіштер болған кезде емдеуші дәрігер ЖММК комиссиясының қарауына қажетті құжаттарды ұсынады.

3) Қажетті құжаттар тізімі

  • 1 Науқастың жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі.
  • 2 Клиникалық диагноз көрсетілген медициналық ұйым маманының жолдамасы.
  • 3 Қажетті ең аз тексеру нәтижелері: қан мен несептің жалпы талдауы, нәжістің ішекқұрт жұмыртқаларына талдауы, кеуде ағзаларының флюорографиясы, электрокардиограмма (ЭКГ), HBsAg.
  • 4 Өңірлік деңгейде мүмкін болған клиникалық диагноз және зерттеу нәтижелері көрсетілген амбулаториялық картадан (сырқатнамадан) көшірме.
  • 5 Клиникалық диагнозды растайтын зертханалық және аспаптық зерттеулердің нәтижелері.

Комиссия қалай қарайды және қанша уақытта шешім шығарады?

Қарау форматы

ЖММК комиссиясы науқастардың құжаттарын сырттай қарай алады. Қажет болған жағдайда науқасты бейінді мамандардың комиссиялық қарауына шақыруға да құқылы.

Нені анықтайды?

Комиссия ұсынылған құжаттарды қарап, тасымалдау түрі мен көлемін ескере отырып, науқасты мамандандырылған және жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсететін республикалық медициналық ұйымдарға жіберудің негізділігін анықтайды.

Шешім қабылдау мерзімі

Науқастың құжаттары келіп түскен сәттен бастап екі жұмыс күні ішінде ЖММК комиссиясы хаттамалық шешім қабылдайды.

Оң шешім шықса, ары қарай не болады?

Жолдаманы тіркеу

Республикалық медициналық ұйымдарда мамандандырылған және жоғары мамандандырылған көмек көрсету туралы оң шешім қабылданса, ЖММК комиссиясы жолдаманы Емдеуге жатқызу бюросының порталына тіркейді.

Құжаттар пакеті

Жіберген медициналық ұйым науқасқа басып шығарылған жолдаманы және құжаттардың толық пакетін береді.

Емдеуге жатқызу туралы хабарлама

Медициналық ұйым емдеуге жатқызуға жолдама алғаннан кейін науқасқа емдеуге жатқызу туралы хабарлайды.

Қосымша ақпаратты қайдан алуға болады?

Егер республикалық медициналық клиникаларда емделу туралы толық ақпарат қажет болса, жергілікті денсаулық сақтау басқармасына немесе тұрғылықты жеріңіздегі медициналық ұйым мамандарына хабарласыңыз.

Пайдалы сілтеме: www.mz.gov — Денсаулық сақтау министрлігінің сайты
Интернет арқылы іздеу де көмектеседі

Оқып шығуға ұсынылатын құжаттар

  • 1 «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Кодексі.
  • 2 Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2010 жылғы 20 желтоқсандағы № 986 бұйрығы: «Мамандандырылған және жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсету қағидаларын бекіту туралы».

Интернет арқылы қалай іздеген дұрыс?

Тақырып бойынша қосымша материалдарды интернеттен де табуға болады. Іздеу жүйелерінде (мысалы, Google, Rambler, Yandex) мынадай кілт сөздерді теріп көріңіз:

республикалық клиникаларда ем алу жоғары мамандандырылған медициналық көмек жоғары білікті дәрігерлік көмек ЖММК комиссиясы