Топырақтың ауа және жылу режімдерінің өсімдіктің тіршілігіндегі орны

Топырақтың ауа және жылу режімі (семинар сабағы)

Бұл семинар топырақтың ауа және жылулық қасиеттерін, сондай-ақ олардың өсімдіктер мен ұсақ ағзалардың тіршілігіне ықпалын талқылауға арналған.

Сабақтың мақсаты

Топырақтың ауа және жылу қасиеттерін, олардың өсімдіктер мен ағзаларға тигізетін әсерін түсіндіру және экологиялық маңызын бағалау.

Семинар сұрақтары

  1. 1 Топырақтың ауа және жылу режімі және оның экологиялық маңызы.
  2. 2 Топырақтың аэрация үдерісі.
  3. 3 Ауа және жылу режімдерінің өсімдік тіршілігіндегі орны.

Әдістемелік нұсқаулар

Семинарға дайындықтың негізгі мақсаты — топырақтың ауа және жылу режімдерінің өсімдіктер мен ұсақ ағзалардың өсіп-дамуына ықпал ететін физиологиялық үдерістердегі рөлін түсіну. Осыған байланысты топырақтың ауа қасиеттерімен (ауа өткізгіштігі, ауа алмасуы) және жылу қасиеттерімен (сәулені сіңіруі, сәуле таратуы, жылу сыйымдылығы, жылу өткізгіштігі және т.б.) жүйелі түрде танысу қажет.

Топырақ ауасы — топырақтың құрамдас бөлігі. Оның құрамы атмосфералық ауадан өзгеше болатынын ескере отырып, бұл айырмашылықтардың топырақта жүретін биологиялық үдерістерге тәуелді екенін ұғыну маңызды.

Климат — топырақ түзілуінің маңызды факторларының бірі. Топырақтың жылумен қамтамасыз етілуі осы факторға тікелей байланысты. Климаттық жағдай топырақ географиясындағы ендік зоналылықты және оның негізгі заңдылықтарын айқындайды.

Үздіксіз газ айналымы нәтижесінде топырақ пен атмосфералық ауа арасында жылжымалы тепе-теңдік қалыптасады. Сондықтан семинарға дайындық кезінде келесі ұғымдар мен үдерістерді нақты меңгеру қажет:

  • Жылу алмасуы: жылудың топыраққа түсуі, қабаттарға енуі, жоғарыдан төмен қозғалуы және қайтадан ауаға оралуы.
  • Топырақтың “тыныс алуы” және газ алмасуы: топырақ массасының атмосфераға көмірқышқыл газын бөлуі және ауадан оттегіні сіңіруі.
  • Аэрация: топырақ кеуектеріндегі ауаның жаңаруы мен газдардың алмасуын қамтамасыз ететін үдеріс.

Ауа және жылу режімдері өсімдіктердің тамыр жүйесінің жұмысына, микроағзалардың белсенділігіне және жалпы биологиялық айналымға тікелей әсер етеді. Сондықтан тақырыпты меңгеруде негізгі ұғымдарды өзара байланыста қарастыру ұсынылады.