Салық жеңілдіктері
Салық элементтері
Салық элементтері — салық заңнамасында регламенттелген, салықтың қолданылу жағдайын айқындайтын құрамдас бөліктердің жиынтығы. Салықтың негізгі элементтері мыналар:
- салық субъектісі
- салық объектісі
- салық көзі
- салық мөлшері
- салық жеңілдіктері
- салық ставкасы
- салық кезеңі
- салықты есептеу тәртібі
- салық есептілігі
- салықты төлеу тәртібі
1) Салық субъектісі
Салық субъектісі — заңды немесе жеке тұлға, яғни салықты төлеуші. Салық төлеуші — салықтарды және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеуші болып табылатын тұлға.
Жеке тұлға
Қазақстан Республикасының азаматы, шет мемлекеттің азаматы немесе азаматтығы жоқ адам.
Заңды тұлға
Қазақстан Республикасының немесе шет мемлекеттің заңдарына сәйкес азаматтық (оның ішінде шаруашылық) құқықтар мен міндеттер субъектісі ретінде әрекет ететін ұйым не кәсіпорын.
Салық төлеушілердің негізгі топтары
- Қызметкерлер — өз еңбегімен материалдық және материалдық емес игіліктерді жасап, белгілі бір табыс алатын жеке тұлғалар.
- Шаруашылық субъектілері — капитал иелері, яғни заңды тұлғалар.
Салық тасымалдаушылар
Салық тасымалдаушылар — іс жүзінде салық ауыртпалығы түсетін жеке тұлғалар, яғни соңғы салық төлеушілер (мемлекет азаматтары).
2) Салық объектісі
Салық объектісі — салық есептелетін база, яғни салықтың не үшін төленетінін сипаттайды. Мысалы: табыс, мүлік, тауар, мұра, жер және басқа да объектілер.
Жиі кездесетін объектілер
3) Салық көзі
Салық көзі — салықты төлеу үшін пайдаланылатын ақша қаражаттары. Оларға жалақы, кіріс, дивидендтер және өзге де түсімдер жатады. Макроэкономикалық деңгейде салық төлеудің негізгі көзі ретінде ұлттық табыс қарастырылады.
Салық төлеудің негізгі 5 көзі
- 1 табыс
- 2 қор және жинақ
- 3 өндірістік капиталдың ақша бөлігі (айналым қаражаттары қорын қоса алғанда)
- 4 мүлікті өткізуден түскен қаражаттар (негізгі қорларды қоса алғанда)
- 5 қарыз қаражаттары
Табыстың кең таралған нысандары
- тауарды (жұмысты, қызметті) өткізуден түскен табыс
- дивидендтер, рента
- сыйақы, ұтыстар, роялти
- жалақы, зейнетақы, стипендия, сақтандыру төлемдері
Жеке және заңды тұлғалардың салық төлеу көздері өзара ерекшеленеді: салық төлеушінің табыстары кімнің табысы болып саналатынына және қандай нысанда алынатынына байланысты айқындалады.
Табыс ұғымы
Табыс — ұлттық табысты бөлу барысында мемлекетке, кәсіпорынға, мекемеге немесе жеке тұлғаға түсетін ақшалай не материалдық ресурстар.
4) Салық мөлшері
Салық мөлшері — салық төлеушінің табысына байланысты алынатын салық сомасын білдіреді. Тәжірибеде ол нөлдік, орташа және шекті (маржиналды) мөлшерлер ретінде қарастырылады.
Шекті салық мөлшері
Шекті салық мөлшері — табыстың әрбір қосымша бірлігінен алынатын үстеме салық. Мысал ретінде жеке табыс салығы, әлеуметтік салық және жеке тұлғалардың мүлік салығы келтіріледі.
5) Салық жеңілдіктері
Салық жеңілдіктері — төлем қабілетін, қоғамдық өндіріске қатысуды және басқа да факторларды ескере отырып, заңда көзделген жалпы ережелерден ерекшелік жасау. Олар салық төлеушіні салық төлеуден ішінара немесе толық босатуды да қамтуы мүмкін.
Жеңілдіктердің негізгі түрлері
- салық субъектісі бойынша
- салық объектісі бойынша
- салық базасы бойынша
- салық ставкасы бойынша
- салық кезеңі бойынша
- салықты есептеу тәртібі бойынша
- салықты төлеу тәртібі бойынша
Преференциялар
Преференциялар — үшінші елдерге қолданылмайтын, біржақты тәртіпте немесе өзара қатынастар негізінде бір мемлекеттің екіншісіне беретін айрықша жеңілдіктері.
6) Салық ставкасы
Салық ставкасы — салық базасына қолданылатын мөлшерлеме. Ол салық сомасын анықтауда негізгі құралдардың бірі болып табылады.
7) Салық кезеңі
Салық кезеңі — салық міндеттемесі есептелетін және салық есептілігі қалыптастырылатын уақыт аралығы.
8) Салықты есептеу тәртібі
Салықты есептеу — салық объектісі, салық базасы, ставка және жеңілдіктер негізінде төленуге тиіс соманы анықтау үдерісі. Негізінен бұл үдеріс 5 кезеңнен тұрады:
- 1 салық салынатын объектіні есепке алу
- 2 салық салу объектісінен салық базасын есептеу
- 3 салық ставкаларын қолдану
- 4 салық жеңілдіктерін қолдану
- 5 салық сомасын есептеу
9) Салық есептілігі
Салық есептілігі — салық төлеуші немесе салық агенті салық органдарына ұсынатын, салық міндеттемелерін есептеу туралы ақпаратты қамтитын құжаттама.
Салықтардың жіктелуі
Салықтар бірнеше белгілер бойынша жіктеледі. Төмендегі тізім әр жіктеу белгісін және соған тән негізгі түрлерді көрсетеді.
Өндіріп алу тәсілі (немесе салық салу объектісі) бойынша
Тікелей және жанама салықтар.
Тікелей салықтардың түрлері
Нақты және дербес салықтар.
Объектінің экономикалық белгілері бойынша
Тұтынуға және табысқа салынатын салықтар.
Салық көлемін анықтау тәсілі бойынша
Үйлесімді, үдемелі және кемімелі салықтар.
Бюджет деңгейі (немесе салықты алатын орган) бойынша
Республикалық және жергілікті салықтар.
Пайдалану мақсаты бойынша
Жалпы және мақсатты салықтар.
Төлеу нысаны бойынша
Заттай және ақшалай салықтар.
Салық субъектілері бойынша
Заңды және жеке тұлғалардың салықтары.
Қолданылу сипатына қарай
Жай және төтенше салықтар.
Есептеу және төлеу субъектісі бойынша
Қызметақылы және қызметақысыз салықтар.
Салық базасының пайда болуы және төлеу көзі бойынша
Активті және пассивті салықтар.
Салықты бөлу тәсілі бойынша
Үлестірме және санды салықтар.
Төлену мерзімділігі бойынша
Тұрақты және біржолғы салықтар.