Оқушыларға өрнектер салу жолдарын үйрету
Сабақтың мақсаты
Бұл сабақтың негізгі мақсаты — оқушыларға ою-өрнек құрастырудың жолдарын үйрету және сәндік-қолданбалы өнердің қолданылуы туралы түсінік беру.
Негізгі түсінік
Оқушыларға ою-өрнектердің негізі көбіне өсімдік, жан-жануар және әртүрлі бейнелік элементтерден алынатыны түсіндіріледі. Осыдан кейін жапыраққа ұқсас форма арқылы белгілі бір түзу бойына өрнек құрастыру тәсілдері көрсетіледі.
Сабақтың көрнекілігі
- Ою-өрнектермен безендірілген ыдыс-аяқтар және киім-кешектер
- Ою-өрнек шебері Ғани Иляевтің шығармашылығы туралы кітап
- Кілем мен алаша эскиздері
- Өрнектерді бейнелеу тәсілдерін көрсететін кесте (4-сурет)
Сабақтың барысы
Сабақ ұйымдастыру кезеңінен басталып, кейін оқушылардың өрнекті өз бетінше бейнелеу жұмыстарына ұласады. Жұмыс барысында мұндай өрнектердің белгілі бір бұйымдардың жиегін безендіруге қолданылатыны айтылып, мүмкіндік болса, сол бұйымның өзі көрсетіледі.
Өрнекті бейнелеудің бірізділігі
- 1 Параллель екі түзу сызыңыз.
- 2 Төменгі және жоғарғы түзулерді бес бөлікке бөліңіз.
- 3 Белгіленген нүктелерді өзара қосыңыз.
- 4 Қосылған сызықтарды негізге ала отырып, жапырақша пішіндерін шығарыңыз.
- 5 Араларына шеңберлер салыңыз.
- 6 Өрнекті түрлі-түсті бояулармен бояңыз.