Батыр қыз
Майданға аттанған қазақ қыздары: ерлік шежіресі
1943 жылдың мамыр айында Алматыдан майданға 185 қыз аттанды, олардың 73-і — қазақ қыздары. Осы кезеңде Орал облысынан да мұғалім әйелдер мен медицина қызметкерлерінен құралған бір топ өз еркімен соғысқа кетіп, Жайық өңірінің алғашқы қарлығаштарына айналды.
Алғашқы болып аттанғандар
Олардың қатарында дәрігер Роза Момынова, мұғалім Ағипа Кенжеғалиева, полиграфистер Ғалия Үмбеталиева мен Нәпия Дәулетқалиева, Қараоба орта мектебінің мұғалімі Майра Махатова, теміржолшы Жәмия Ғилажова, кинофикация қызметкері Ғарифа Рахметова және басқа да ондаған қыз-келіншек болды.
Соғыстың әр майданында — қазақ қыздарының ізі
Қазақстандық қыз-келіншектер Қиыр Солтүстікте де, Карелияның омбы қарында да, Смоленск өңірінің қалың орманында да, Кавказ тауларында, Қара теңіз жағалауында, Украина мен Белоруссия қалаларында, сондай-ақ Мәскеу, Ленинград, Сталинград үшін болған шайқастарда батырлықтың, шапшаңдықтың және Отанға шексіз берілгендіктің жарқын үлгісін көрсетті.
Ұлы Отан соғысы жылдары Қазақстан әйелдерін майданның әр тұсынан, әскери құрамалардың сан алуан түрінен кездестіруге болатын. Олардың арасынан ұшқыш та, танкист те, радист те, барлаушы да, партизан да шықты.
Ерлік көрсеткен есімдер
Мәселен, штурман, гвардия лейтенанты Хиуаз Доспанова, ұшақ механигі Дәмелі Жәкеева, зенитті артиллерия есептобының командирі Ақлима Ақжолова, танкистер Жамал Байтасова, Күлкен Тоқбергенова, Гүлжәмилә Талқанбаева, пулеметші Жәмилә Бейсенбаева, «Қызыл әскер ақиқаты» майдан газетінің қызметкері Рахима Жанбекова, десантшылар Рәзия Сыздықова мен Қалзия Асанова, барлаушы Жәмилә Сәлімова, гвардиялық атқыштар дивизиясының сержанты Шағила Құсанова және тағы басқа көптеген жауынгер қыздар ерекше көзге түсті.
Медицина қызметі
Майдан дәрігерлері: Мәрия Сырлыбаева, Роза Момынова, Рәпия Мақашева, Мархаба Түкібаева, Гүләнда Түсіпжанова.
Майдандық медбикелер: Сағындық Шынәлиева, Сара Сартбаева, Әмина Орынбасарова.
Байланыс, бақылау, тыл
Байланысшы Раиса Абдуллина, радист Шекер Ботаханова, әуе бақылаушылары Раушан Мазитова, Нұрғайын Хамитова, Бибінұр Тынысбекова.
Мәскеудегі Бас поштаның әскери цензурасында түркi тілдес жауынгерлердің хаттарын тексерген Халима Өзбақанова да майдан тынысын еңбекпен көтерген тұлғалардың бірі болды.
Қызыл Крест комитетінің «Флоренс Найтингейл» медалімен марапатталған лейтенант Рәзия Ысқақова, I және II дәрежелі Даңқ ордендерінің иегері атанған зеңбірекші Қалзия Асанова, сондай-ақ Сталинградта талқандалған трактор зауытын қысқа мерзімде танк жөндеуге бейімдеуге үлес қосқан он бір қазақ қызының бірі Жұмакүл Оңғарова секілді есімдер бұл тізімнің аясын кеңейте түседі.
Майдан газеттері — тірі куәлік
Соғыс жылдарының шежіресіне үңілсек, қазақ қыздарының ерлігі қайран қалдырады. Ұрыс шебінде қазақ тілінде шығып тұрған майдандық газеттерді парақтай отырып, талай батырлық хикаяларға қанығуға болады. Жауынгерлердің теңдесіз ержүректілігі қазақ қыздарының жауапкершілігімен, табандылығымен қабысып, айқындала түседі.
Мәншүк туралы майдандық мақаладан
«Жауға қарсы аттан» газетінің 1944 жылғы 9 наурыз күнгі санында аға лейтенант Асқар Закариннің «Мәншүк» атты мақаласында Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың ерлік істері кеңінен баяндалады. Онда Невель қаласы үшін болған шайқастың алғашқы күнінде Мәншүктің күнделігінде: «Шілденің 20 күні неміс жауыздарының екеуін өлтірдім, бұл — бірінші адым» деп жазғаны айтылады.
Әсіресе, оның 14 қазан күнгі кескілескен ұрыста көрсеткен жанқиярлық ерлігі нақты суреттеледі: қазақтың қайратты қызы ауыр жараланып, сүйікті «Максимін» құшақтап қаза тапқан. Ол қорғаған Невель қаласындағы Приамур көшесі мен Трофяной тұйығы кейін Мәншүк Мәметованың атымен аталды деген дерек жүрекке мақтаныш ұялатады.
Зоя Досбергенова: радистен — алдыңғы шепке
Бірінші Украин майданының «Отан намысы үшін» атты қызыл әскер газетінің 1945 жылғы 8 ақпан күнгі санында «Батыр қыз» атты мақала жарық көрді. Онда Зоя Досбергенова артиллериялық бөлімшеде радист болып қызмет атқарғаны, тапсырманы үлгілі орындағаны үшін II дәрежелі Отан соғысы орденімен және «Ерлігі үшін» медалімен марапатталғаны айтылады.
Мақалада Зояның қызметімен шектелмей, қолына қару алып алдыңғы шепке сұранғаны, батальон комсоргі болып тағайындалғаны, ауыр ұрыста рота командирі саптан шыққан сәтте ротаны өзі басқарғаны баяндалады. Сол ерлігі үшін ол «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталған.
Белоруссиядан Шығыс Пруссияға дейін
Бірінші Прибалтика майданының «Жауға қарсы аттан» газетінің 1944–1945 жылдардағы сандарында майдан шебінде жүрген қазақ қыздарының есімдері жиі кездеседі. Солардың бірі — Белоруссия, Литва, Польша жеріндегі қиян-кескі ұрыстарды өткеріп, ақыры фашистік Германияға қарай бұзып өткендердің қатарында болған Баян Байқожина.
Баян Байқожина: Гинденбург үшін шайқас
Неміс-фашист әскерлері Шығыс Пруссияда берік бекініс шебін құрды. Сондай қамалдардың бірі Гинденбург қалашығында орналасқан еді. Баянның бөлімі осы қаланы алу үшін ұрыс жүргізді. Екі мерген — Баян және қаруласы сержант Иван Вараксин — қала шетіндегі биік үйдің тасасына бекініп, жаудың солдаттары мен офицерлерін, әсіресе пулеметшілерін біртіндеп жойды.
Жақын жерде жарылған снарядтың жарықшағы Баянның бетіне тиіп, қан қатты ақса да, ол бинтпен жарасын өзі таңып, ұрысты жалғастырды. Жаяу әскер шабуылға көтерілгенде Баян да алдыңғы сапқа ұмтылып, шайқасқа араласты. Бұл ұрыста ол он бес немісті жойғаны айтылады. Ерлігі «Отан соғысы» орденімен бағаланып, оның есімін «Правда» газеті жазып, қарапайым қазақ қызының ерлігі дүние жүзіне тарады.
Майра Қанатова: медбикенің қайсар қадамы
Қызылорда облысы, Тереңөзек ауданының бұрынғы «Қызыл Диқан» колхозынан майданға өз тілегімен аттанған Майра Қанатова шынайы ерліктің үлгісін көрсетті. Бір ұрыста қарсы жақ әлсіреді деп дандайсыған немістер винтовка оғынан тайсалмай, тіке шабуылға көшеді. Жау 100 метрдей қалғанда ержүрек медбике қаза тапқан жауынгердің пулеметіне отырып, оқ жаудырады.
Ол сарбаздарға: «Серпіліңдер, немістер қазір-ақ жер жастанады!» деп рух беріп, шабуылды тоқтатуға ықпал етеді. Нәтижесінде қарсыластың беті қайтып, қорғаныс шебі бұзылмай қалады. Асқан батылдығы үшін сержант Майра Қанатова «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған.
Нұрғаным Байсейітова: партизандар арасындағы радист
Батыс Қазақстан облысында туған Нұрғаным Байсейітова соғысқа өз еркімен сұранғандардың бірі. 1942 жылдың сәуірінде Мәскеудегі радиомамандар дайындайтын мектепке курсант болып қабылданады. 1943 жылы Белорус майданы штабының тапсырмасымен сегізінші партизан бригадасының радисі ретінде жау тылына жіберіледі.
1943 жылғы тамыздан 1944 жылғы 15 шілдеге дейін үздік қызмет атқарып, «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталған.
Торғаш Жұмабаева: Минск ормандарындағы қарсылық
Қызылорда облысының тұрғыны Торғаш Жұмабаева соғыс басталғанда Минск облысында жау тылында қалып қояды. 1943 жылдың желтоқсанында Минск облысындағы «Большевик» партизан отрядына қосылып, жеті шайқасқа қатысады. Ерлігі үшін «Ұлы Отан соғысының партизаны» медаліне ие болған.
Мәриям Сырлыбаева: әскери дәрігердің ұзақ жолы
Соғыс басталған жылы Мәриям Сырлыбаева Алматыдағы медицина институтын тәмамдап, Алматы маңында жасақталып жатқан қазақтың ұлттық 100-атқыштар бригадасының медсанротасына ординатор болып барады. Көп ұзамай бригада Калинин майданына аттанып, ұрысқа бірден кіріседі. Сол кезде Мәриямға әскери-медицина қызметінің капитаны атағы беріледі.
Даңқты 100-атқыштар бригадасы құрамында ол Невель түбінен бастап Польшаның Сопот қаласына дейін жетеді. Белоруссияда Брест қамалын алу ұрыстарына қатысып, Польшадағы Торн мен Тухель қалаларын азат ету шайқастарына араласады.