Қаржылық есептің мақсаты - кәсіпорынның қаржылық жағдайы туралы және қаржылық жағдайының өзгеруі туралы ақпараттар беру
Бухгалтерлік есеп: мәні, рөлі және ақпараттық жүйе
Бухгалтерлік есеп — көптеген жылдар бойы басқа ғылымдар сияқты дамып, қоғамның экономикалық және әлеуметтік жағдайларына сай өзгеріп отырған, әрі өмірде өзіндік ерекшелігімен дараланатын ғылым. Белгілі ғалым Б. де Солозано: «Бухгалтерлік есеп барлық ғылымдар мен өнердің ең алдында тұрады: басқалары онсыз өмір сүре алмаса, бухгалтерлік есеп үшін олардың ешқайсысы қажет емес» — деген. Ал оның әріптесі Р. А. Фаулки: «Есеп — барлық бизнестің тілі, яғни философиясы» — деп атаған.
Бухгалтерлік есеп ұйымның қаржылық ақпараттарын өлшейтін, есептейтін және пайдаланушыларға жеткізіп отыратын жүйе ретінде басқару құрылымында маңызды орын алады. Мұны Біріккен Ұлттар Ұйымының 1992 жылғы конференциясында айтылған «Есептей алмаған — басқара алмайды» деген тұжырым да дәлелдейді.
Есептің ұйым үшін атқаратын негізгі функциялары
- қаржылық жағдайды жоспарлау;
- қызмет нәтижесін бағалау;
- ресурстарды пайдалануын бақылау;
- қаржы-шаруашылық қызметін талдау.
Сонымен қатар бухгалтерлік есеп кәсіпорынның активтері мен міндеттемелері, капиталы, өндірілген өнімдері және өнімнің сатылуы туралы ақпаратты жинақтап көрсетеді. Ұйымның табыстары мен шығындарын, сондай-ақ шаруашылық қызметтің түпкі қаржылық нәтижесін (пайда немесе зиян) дәл бухгалтерлік есеп арқылы анықтауға болады.
Қаржылық есеп және басқарушы есеп: айырмашылығы
Бухгалтерлік есептің ақпараттық жүйесі екі бағытқа бөлінеді: қаржылық (сыртқы) есеп және басқарушы (ішкі) есеп.
Басқарушы (ішкі) есеп
Кәсіпорынның қаржылық ақпаратын ішкі пайдаланушыларға жеткізеді. Негізгі тұтынушылар — ұйым басшылары мен бөлім жетекшілері; ақпарат көбіне басқарушылық шешім қабылдауға бағытталады.
Ерекшелігі: жүргізілуі мен тәртібі ұйымның экономикалық саясатына байланысты, міндетті емес.
Қаржылық (сыртқы) есеп
Қаржылық ақпаратты ішкі пайдаланушылармен қатар сыртқы пайдаланушыларға да ұсынады. Оларға жабдықтаушылар (мердігерлер), банк мекемелері, салық органдары және өзге мүдделі тараптар жатады.
Ерекшелігі: кез келген ұйым үшін міндетті түрде жүргізіледі.
Нарықтық экономикаға көшу және жаңа кәсіпкерлік қызмет түрлерінің көбеюі бухгалтерлік есептің маңызы мен рөлін күшейтті. Осыған байланысты есептің мазмұны мен құрылымына өзгерістер енгізіліп, еліміздегі бухгалтерлік есеп жүргізу тәжірибесі халықаралық қаржылық есеп беру талаптарына сәйкестендірілді.
Қазіргі бухгалтерге қойылатын талап
Бухгалтер тек есеп жүргізумен шектелмей, кәсіпорынның қаржылық жағдайын анықтап, бағалап, жүйелі түрде есептеп қана қоймай, ұйымның алдағы экономикалық әл-ауқатын дамыту жолдарын жоспарлай білуі қажет. Сондықтан бухгалтер мамандарын сапалы даярлау — ұйымдардың тұрақты экономикалық дамуына әсер ететін маңызды фактор.
Есеп стандарттары: ұғымы және құрылымы
«Стандарт» сөзі ағылшын тілінен аударғанда үлгі, норма деген мағынаны білдіреді. Ал бухгалтерлік есеп стандарттары — кәсіпорында есеп жұмысын дұрыс жүргізудің және құжаттарды дұрыс ресімдеудің ережелері. Әрбір ереже бухгалтерлік есептің әдістері мен тәсілдерін, мәні мен мазмұнын, сондай-ақ терминологиясын айқындайды.
Стандарттың негізгі бөлімдері
Мақсаты
Стандарттың қандай мақсатпен әзірленгені және қандай есеп мәселелерін қамтитыны қысқаша баяндалады.
Қолданылу аясы (орны)
Стандарттың қай жерде қолданылатыны және қандай жағдайларда қолданылмайтыны көрсетіледі.
Анықтамалар
Негізгі терминдерге түсініктеме беріледі.
Қолданысқа (күшіне) енген уақыты
Қай уақыттан бастап күшіне енетіні белгіленеді; қажет болған жағдайда есеп саясатына қатысты түсіндірулер беріледі.
Кейде стандартқа қосымшалар шығарылып, онда стандарттың өзге елдерде қолданылу тәжірибесі мен практикалық мысалдар берілуі мүмкін.
Халықаралық және ұлттық стандарттар
Бухгалтерлік есеп пен қаржылық есеп беру стандарттары халықаралық және ұлттық (ішкі) болып бөлінеді. Халықаралық стандарттарды қаржылық есеп беру стандарттарын әзірлеумен айналысатын халықаралық комитет жасайды, ал ұлттық стандарттар әр елдің өз ішінде бухгалтерлік есепті ұйымдастыру үшін қабылданады.
Халықаралық және ұлттық стандарттардың арасында тікелей байланыс болуы қажет: халықаралық стандарттар әзірленгенде әр ел тәжірибесіндегі мәселелер талданып, шешу жолдары қарастырылады; ал ұлттық стандарттар, әдетте, халықаралық талаптарды негізге алады.
Стандарттарды үйлестірудің тарихи алғышарты
Әлем елдеріндегі қаржылық есеп беруде қолданылатын принциптерді біріздендіру (унификациялау) мақсатында 1973 жылғы 29 маусымда Қаржылық есеп беру стандартының халықаралық комитеті құрылды. Бұл ұйым АҚШ, Австралия, Германия, Нидерланд, Жапония, Ирландия, Канада, Мексика, Ұлыбритания және Франция бухгалтерлерінің келісімі негізінде құрылған.
Алғашқы кезеңде комитет құрамына аталған елдерден жеті білікті маман кірді. Қазіргі таңда құрамында Үндістан, Малайзия, Оңтүстік Африка Республикасы, Швейцария, Зимбабве және басқа да елдердің өкілдері бар.
Комитет өздері жариялаған жаңа стандарттар мен нұсқаулықтар, ережелер және түсіндірмелер арқылы табыс табады. Сонымен бірге бухгалтерлердің халықаралық федерациясы, қаржылық институттар, бухгалтерлік фирмалар және өзге ұйымдар қаржылық қолдау көрсете алады.
Халықаралық қаржылық есеп беру стандартының мақсаты
Халықаралық қаржылық есеп беру стандартының негізгі мақсаты — төмендегі бағыттарды қамтитын сапалы қаржылық есеп беруге қол жеткізу:
- қаржылық ақпаратты құру барысында орындалуға тиіс міндеттер;
- ақпараттық жүйені құру принциптері;
- ақпараттың сапалық сипаттамалары;
- қаржылық есеп берудің элементтері;
- өлшеу және мойындау критерийлері.
Қаржылық есептің мақсаты және пайдаланушыларға қажетті ақпарат
Қаржылық есептің мақсаты — кәсіпорынның қаржылық жағдайы және оның өзгерістері туралы ақпарат беру. Ұйымның қаржылық есебінде шешім қабылдауға қажетті келесі мәліметтер болуы тиіс:
Шешім қабылдауға арналған деректер
- қаржы салымын жасау және несие беру туралы шешімге қажет мәлімет;
- алдағы кезеңдегі ақшалай айналымды бақылауға қажет мәлімет;
Бағалау және бақылауға арналған деректер
- ұйымға берілген ресурстарға байланысты міндеттемелерді бағалауға қажет мәлімет;
- басқару органдарының жұмысын бағалауға қажет мәлімет.
Қаржылық есеп ұйымның бухгалтерлік ақпаратының негізгі тарату құралы болып саналады және ол бухгалтерлік есептің жеті элементінен тұрады.
Қаржылық есептің 7 элементі
Баланс элементтері
- активтер
- меншікті капитал
- міндеттемелер
Қаржы-шаруашылық қызмет нәтижелері
- табыс
- шығын
- пайда
- зиян
Қаржылық есеп беру тұжырымдамалары (концепциялары) шешім қабылдау үдерісінде қолданылатын бухгалтерлік ақпараттың қажеттілігін айқындайды және оны негіздейді. Есеп тұжырымдамаларын шартты түрде жалпы және жеке деп екі түрге бөлуге болады.